Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Адамзат қоғамының рухани тұтастығы мен мәдени болмысының қалыптасуында дін мен дәстүрдің орны ерекше. Дін – адамның Жаратушымен байланысын нығайтып, өмір сүру қағидаларын айқындайтын иләһи жол болса, дәстүр – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған өмірлік тәжірибесі мен рухани құндылықтарының жиынтығы. Қазақ халқы үшін бұл екі ұғым бір-бірінен ажырамас егіз құндылық ретінде қалыптасқан.
Қазақтың сан ғасырлық тарихына көз жүгіртсек, халқымыз ислам дінін қабылдағаннан кейін ұлттық салт-дәстүрлерін шариғат қағидаларымен үйлестіріп, ұрпақ тәрбиесінде, қоғамдық қатынастарда және рухани өмірінде кеңінен қолданған. Бүгінде жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтап, рухани құндылықтарымызды нығайту үшін дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығын терең түсіну аса маңызды. Өйткені дін мен дәстүр үйлесім тапқан жерде қоғамда бірлік, отбасында береке, ал ұлттың келешегінде тұрақтылық пен рухани кемелдік орнығады.
Дін – Алла Тағаланың адамзатқа тура жолды көрсету үшін жіберген қасиетті заңы. Ол – біздің ішкі діңгегіміз, иманымыз, ақыретіміздің кепілі. Ал дәстүр дегеніміз – сол діннің, имандылықтың халықтың тұрмыс-салтына, мінез-құлқына, күнделікті өміріне сіңіп, ұлттық нақыш алуы.Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресі, 199-аятында:«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деген.
Дәстүр, әдет-ғұрып сөздерінің түсінігі жайында Ахмад ән-Нәсәфи өзінің «әл-Мустасфа» еңбегінде былай дейді: «Ғұрып пен әдет дегеніміз – адамдардың көңілінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». Ислам құқық негіздерінің ғалымдары ғұрыпқа былайша анықтама берген: «Адамдардың немесе белгілі бір елдімекеннің, ұлттың дағдыға айналған іс-әрекеттері және өздері ғана түсінетін белгілі мағынада қолданатын сөздері ғұрып деп аталады».
Ислам діні ешқашан ұлттың өзіндік ерекшелігін жоюды мақсат етпеген, қайта оның игі дәстүрлерін қолдап, қуаттаған.Қазақ топырағына Ислам нұры жеткенде, ата-бабаларымыз оны жатсынбай, шын жүрекпен қабылдады. Неліктен? Өйткені Исламның асыл құндылықтары қазақтың кең даласындағы мәрттік, қонақжайлылық, үлкенді сыйлау, жетімді жылатпау сияқты адами қасиеттерімен толық үндесіп кетті.Біздің дәстүрлеріміздің қайсысын алып қарамасақ та, астарында шариғаттың үкімі мен пайғамбардың сүннеті мен мұндалап тұрады:
Қонақжайлылық: Халқымыз «Қонақ келсе – құт келеді», «Қонақты қусаң – ырысыңды қуасың», – деп, үйіне келген адамды төріне шығарған. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген.
Үлкенді құрметтеу:«Атасы тұрып, ұлы сөйлегеннен без,
Анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без», – деп, үлкеннің алдын кесіп өтпеу – халықтық тәрбиеміз. Бұл – исламдағы әке-шешеге, үлкенге деген құрметтің нақ өзі.Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:«Қандай да бір жас адам жасы үлкенді құрметтейтін болса, қартайған уақытында Алла Тағала оны да құрметтейтін біреуді жібереді», – деген (имам Тирмизи).
Ысырапқа жол бермеу:«Судың да сұрауы бар» деп өскен бала ешқашан ысырапшыл болмайды. Ал Құранда Алла Тағала: «Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – деп ескерткен«Ағраф» сүресі, 31-аят).
Көрші ақысын өтеу:Қазақ халқы көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», – деп қоңсылықты ерекше қадірлеген. Жан-жағында тіршілік етіп жатқан жандармен әрдайым тату тұрған. Сондықтан да бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген. Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық», – деген нақыл сақталған. Ал Құранда Алла Тағала: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар», – деп айтқан («Ниса» сүресі, 36-аят). Міне, осы аятта айтылғандай әлемдерді Жаратушы Хақ Тағала Өзінің пенделеріне басқалармен бірге көршілерге де жақсылық жасауға бұйырады. Біздің ата-бабаларымыз Исламды тек кітаптан оқылатын құрғақ қағида деп білмеген, оны тіршілігінің нәрі, өмірінің мәні ете білген. Содан да болар, қазақтың қай салтын алып қарамаңыз, астарында шариғаттың алтын үкімі мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыл сүннеті мен мұндалап тұрады. Дәстүріміз – дініміздің дала заңына айналған көркем көрінісі іспетті.Сондықтан да ұлтымыздың ұлы биі Төле би, дана Абай, Шәкәрім сияқты ғұламаларымыз дін мен дәстүрді ешқашан бөліп қарамаған.
Қорыта айтқанда бүгінгі таңда қоғамымызда «дәстүрді жоққа шығарып, дінді тек сыртқы көрініспен ғана өлшейтін» немесе керісінше «дінді шеттетіп, тек салт-дәстүрмен ғана шектелеміз» дейтін екі түрлі шеткі көзқарастар қылаң беріп қалады. Бұл – үлкен қателік. Дінсіз дәстүр – жаны жоқ тән сияқты, тез шіриді. Ал дәстүрсіз дін – тамыры жоқ ағаш сияқты, жел соқса тез құлайды. Егер біз бүгін салт-санамызды, ана тілімізді, ата-бабамыздың сан ғасырлық рухани мұрасын мансұқ етсек, ұлттық бірегейлігімізді жоғалтамыз. Ал ұлттық болмысын жоғалтқан халық өзгеге жұтылып кетеді.
Алла Тағала бізді бір-бірімізді танып, білуіміз үшін түрлі ұлттар мен ұлыстар етіп жаратты.Біздің қазақ болып жаратылуымыз, осындай тамаша салт-дәстүрдің мұрагері болуымыз – Жаратқанның бізге берген үлкен аманаты. Дін – біздің жүрегіміздің нұры, дәстүр – сол нұрды қорғап тұрған сауытымыз. Ендеше, Жаратушы Иеміз жүрегіміздегі иманымызды күшейтіп, ата-бабамыздан қалған асыл дәстүрімізге берік болуды нәсіп етсін! Қазақ елінің тәуелсіздігі баянды, дініміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Алмат ӘБДІМҮТӘЛІПҰЛЫ,
ауданның бас имамы
