Күні кеше ғана мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында керемет ойларын ортаға салды. Бұл отырыстың тарихи маңызы айрықша. 1 шілдеден бастап еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келді, Ассамблеяның орнына Халық кеңесі келді.
Кешегі сөзінде Президентіміз отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық қажетті заң қабылданғанын жеткізді. Экономика, жасанды интеллект, ғылым мен білім, басқа салалардағы қол жеткен табыстарды тізбелей келе қоғамның ең басты мәселесі – адам капиталы екендігін екшеп айтты. ХХІ ғасырда шикізатқа немесе халық санына ғана сеніп отыра беруге болмайды. Мұндай ұстаным кез келген мемлекетті жарға жығады. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Қазір де қайталаймын: инфляцияға тәуелді емес бір ғана капитал бар: бұл – адам әлеуетінің сапасы.
Жаңа Констуцияның мазмұнын оқи отырып, барлық жағдай адамдар үшін жасалып жатқандығын түсінесің. Оның ішінде отбасы мен оның рухани кодын сақтаудың маңыздылығын ұғасың. Жаңа Конституциядағы отбасы құндылығына берілген басымдықты шын жүрегіммен қолдаймын. Себебі кез келген мемлекеттің тұғыры да, қалқаны да отбасынан бастау алары анық. Отбасы құндылығы сақталған, қорғалған мемлекеттің тірегі де мықты болары даусыз. Біздің ұлттың үлкенге жасалатын құрметі, туған топырағына деген махаббаты, Отанды сүюі, ұрпағына аманаттайтын салт-дәстүрі деген үлкен өмір мектебі қалыптасқан. Сол құндылықтарды бүлдіріп алмай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе алсақ жақсы адам болғанымыз.
Шекаралы ауданның тұрғындары болғандықтан Отанды көздің қарашығындай қорғау, балалардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру басты парызымыз. Ол үшін болашақ иелеріне білім мен жақсы тәрбие беруіміз керек. Ұрпағымыздың бойынан өзімізге ғана тән құндылықтарды жоғалтып алмай, ата-бабадан келе жатқан дәстүрлерді дәріптеп, еліміздің ертеңіне жанашыр болатын, Отанын қорғауға әркез дайын тұратын балаларды тәрбиелеп шығу аға буынның міндеті десем артық кете қоймаспын. Жаңа Конституцияның да мақсаты осы деп қабылдадым.
Бұрын Қазақстан Халқы Ассамблеясына тиеселі болған қызметтік міндеттер енді Халық Кеңесіне өтті. Осылайша құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады. Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конститутиялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Демек халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Елімізде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы. Халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келді. Тек соңғы жылдары ғана саяси тәжірибемізге енді.
Әлеуметтік салаға көп көңіл бөлінді. Шалғай жатқан ауылдарға заманауи құрылыстар салынып, газ құбырлары тартылып, таза ауыз су мәселесі толық шешілді деуге болады. Біздің ауданның тұрғындарының жағдайын қалалықтардан еш кем дей алмаймын. Тұрмысқа қажеттіліктің бәрі бар бізде. Ендігі мақсат – осы жаңа конституцияда көрсетілген заңдардың бұрмаланбауы, дәл сол қалпында тұрмысымызға енуі. Шын мәнінде тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана Озық және Әділетті мемлекет қалыптасатындығын Президентіміз айтқан-ды. Өзім аудандық аналар кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстың басы-қасында жүретін адам болғандықтан, қоғамдық ұйымдардың ел өмірінде алатын орны ерекше екенін айтқым келеді. Жұрт болып жұмылғанда ғана жаңаша өмір сүруге болады. Жаңа конституция өмірімізге көп жаңашылдық әкелетініне сенімдімін.
Гүлжаһан ӘЛИКЕЕВА,
аудандық аналар кеңесінің төрағасы
