Қазақстан үшін 1 шілде – ел тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі. Осы күннен бастап жаңартылған Конституция күшіне еніп, мемлекет дамуының жаңа құқықтық негізі қаланды. Бұл – жекелеген заң баптарын өзгерту ғана емес, ел басқару жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған ауқымды конституциялық реформа. Қандай қоғам болмасын оның өркендеуі ең алдымен заңның үстемдігіне байланысты. Сондықтан жаңа Конституцияның басты мақсаты – әділеттілікке негізделген мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру, азамат пен мемлекет арасындағы сенімді нығайту және құқықтық мемлекеттің қағидаларын орнықтыру.
Жаңартылған Ата Заң халықтың талап-тілегінен туындаған құжат десек артық емес. Соңғы жылдары қоғамда заңның үстемдігі, адам құқығын қорғау, мемлекеттік органдардың ашықтығы, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы туралы пікірлер жиі көтерілді. Конституциялық өзгерістер осы қоғамдық сұраныстың нақты көрінісіне айналды.
Президент бірнеше рет: «Әділетті Қазақстанды құру – баршаға ортақ міндет» екенін атап өтті. Аталмыш идея енді саяси ұран ғана емес, конституциялық қағида ретінде орнығып отыр. Оның мәні – заңның алдында бәрі тең болуы, мемлекеттік қызметтің халық мүддесіне бағытталуы және әр азаматтың өз құқығын еркін қорғауына жағдай жасалуы.
Жаңартылған Конституцияда ерекше назар аударылған мәселелердің бірі – «Заң және тәртіп» қағидаты. Осы ұстаным қоғамдағы тұрақтылықтың басты кепілі саналады. Заң бәріне бірдей қызмет еткенде ғана әділет салтанат құрады. Ал әділет үстемдік құрған қоғамда мемлекетке деген сенім де арта түседі. Еңбек адамының мәртебесін көтеру де реформаның маңызды бағытының бірі. Конституция азаматтардың еңбек ету құқығын қамтамасыз етуді мемлекеттің негізгі міндеттерінің қатарына енгізеді. Бұл – жұмыс орындарын көбейту, еңбек қауіпсіздігін сақтау, кәсіби дамуға мүмкіндік беру және әлеуметтік қорғауды күшейту деген сөз.
Мемлекеттік басқару жүйесі де жаңа талаптарға сай жаңғыртылуда. Конституциялық өзгерістер заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және билік тармақтарының өзара жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Мұның бәрі елдегі демократиялық институттардың дамуына серпін береді.
Жаңа Конституция азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына кең мүмкіндік ашады. Енді халық мемлекеттік органдардың жұмысына қоғамдық бақылау жүргізіп, ел дамуына қатысты маңызды мәселелерге өз пікірін білдіруге бұрынғыдан да көбірек мүмкіндік алады.
Экономикалық саладағы өзгерістер де назардан тыс қалған жоқ. Конституция жеке меншік құқығының қорғалуына кепілдік беріп, кәсіпкерлік қызметтің еркіндігіне басымдық береді. Бұл – отандық кәсіпкерлер, шетелдік инвесторлар үшін де тұрақты құқықтық орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Сонымен бірге адал бәсекелестікке жол ашылып, монополиялардың ықпалын шектеуге басымдық беріледі. Нарықтық қатынастардың әділ қағидаттарға негізделуі ел экономикасының орнықты дамуына оң әсер етеді.
Конституцияның тағы бір маңызды бағыты – инвестициялық ахуалды жақсарту. Арнайы құқықтық режимдер енгізу арқылы жаңа өндірістер ашуға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және өңірлердің әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріледі. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді.
Әрине, Конституция барлық мәселені бір күнде шешіп бермейді. Алайда, елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын басты құқықтық құжат ретінде мемлекеттік саясаттың негізін қалайды. Оның қағидалары кейін қабылданатын барлық заңның өзегіне айналады.
Жаңартылған Конституция – уақыт талабынан туған тарихи құжат. Ол Қазақстанның құқықтық мемлекет ретіндегі дамуын жаңа деңгейге көтеріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтеді. Ең бастысы – қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтып, әділетке негізделген Жаңа Қазақстанды қалыптастырудың берік құқықтық іргетасын қалайды.
Мақсат РЫСКЕЛДІҰЛЫ,
Сүмбе ауылдық округінің әкімі
