Басты бет Заң және қоғам АДАМНАН АМАЛ АСПАЙ ТҰР

АДАМНАН АМАЛ АСПАЙ ТҰР

0
46

         Басы істемейтін адам алаяқтық схемасын жасай алмайтыны бесенеден белгілі. Олардың әккі болып алғандары соншалықты ел-жұртты да, құқық қорғаушы органдардың мықты мамандарын да тақырға отырғызып, ізім-қайым болып қолға түспей кететіндіктері. Ақша табудың ең оңай жолын тауып, адамдардың ақысын жеп, біреудің тірнектеп жиған дүниесіне ие болып, сол алдаумен тапқан қаржысын қай бетімен өз басына жұмсайтындығы тағы түсініксіз. Жер басып, біреуге жақсы тілек айтып, туыстарының көңілін тауып жүруі де бек мүмкін. Бұл схемада банк қызметкерінің байланысы болуы да ғажап емес. Өйткені олар сол саланың мамандары ретінде сендіріп, ойлануға мұрсат бермейді ғой. Аздап емес миллиондап жегендеріне қарағанда алаяқтар да өте ақылды болғандары ғой. Өкініштісі ол ақылдың адамдардың ақысын жеумен, біреудің ала жібін аттаумен шектеліп тұрғаны…

         Өзгенің ақысын жеу, біреудің ала жібін аттау, ұрлық қашаннан кісіні жақсылыққа жетелеген емес. Жаман пиғылдың арты адасу, адасудың арты қылмыс, қылмыстың өтеуі жаза екені белгілі. Қазіргі таңда алаяқтықты толықтай тоқтату мүмкін болмай тұр. Өйткені қоғамда әртүрлі адам, әртүрлі көзқарас бар. Сондықтан алаяқтықтан сақтанудың бірден-бір жолы әр адамның құқықтық сауаттылығына байланысты деуге болар. Жақында Бекжан Тұрыстың осы тақырыптағы бір жазбасын оқып едім. Алаяқтар оның да телефонына қоңырау шалған. Әртіс емес пе, олардың мақсатын түсінген бауырым сөзбен егілеп, уақытты созып, біраз жерге апарып тастаған. Құжаттарын іздеген боп, әйелінен керекті қағаздарды сұраған боп, олардың зығырданын қайнатқан. Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар деуші ме еді. Бекжанның мыжымасынан шаршаған олар телефон тұтқасын қоя салған, қайта звондаған Бекжанға ешкім жауап қатпаған. Бекжанның құқықтық сауаттылығы оны алаяқтардан құтқарған.

         Алғашында интернет-алаяқтықтың санаулы ғана түрі бар еді, бүгінде санынан, тіпті түрінен жаңылатын болдық. Олардың әккілігі соншалық, құзырлы органдар мейлінше жолын кесіп, «құрыққа» түсіріп жатса да, аяғын тартып, айылын жияр емес. Қаскөйлер қолданатын алаяқтық адамдардың қаржылық сауатының саяздығын пайдаланып, небір қитұрқы амалға барып жатыр. Мұндай фактілер күн өткен сайын көбейіп келеді. Тіпті жуырда Астанада күніне 10 мың адамға қоңырау шалған алаяқтық топ ұсталды. Қала прокуратурасы таратқан дерекке сүйенсек, әлеуметтік желі парақшалары мен электрондық мессенджерлердегі аккаунттар заңсыз қосылған жүздеген SIM қорап анық­талды. Абоненттік нөмірлерді ауыс­ты­руға және географиялық орынды өзгертуге арналған құрылғылар тәркіленді. Жалпы бұл жабдықтар арқылы олар бір мезетте ондаған адамға қоңырау шалып, жүздеген хабарлама жіберген. Қазіргі уақытта тергеушілер зардап шеккен азаматтарды анықтап жатыр. Еліміздің Қар­жылық мониторинг агенттігінің мамандары алаяқтардың құрбаны болмау үшін үшінші тұлғаға жеке деректерді немесе банк шоттарына қатысты ешбір мәлімет бермеуді қанша ескертсе де, қалың көпшілік қаржылық сауаттың төмендігінен бәрібір алданып қалып жатыр.

Амалы қалмаған алаяқтар енді Ұлттық банк құрған «Антифорд-орталықтың» маманы болып жұрттың мазасын ала бас­тады. Ұлттық банк баспасөз қызметінің бас маманы Нұрболат Туысбайұлының айтуын­ша, аталған орталық мамандары ешқашан азаматтарға қоңырау шалмайды екен. Олардың басты міндеті – жалған шоттарды бұғаттау. «Алло, сәлеметсіз бе! Сізді «Антифрод-орталықтан» мазалап тұрмыз» деп біреу қоңырау шалатын болса, әңгімені әрмен қарай созбай, телефон тұтқасын дереу қоя салған дұрыс. Себебі ол орталықтан ешкім сізге қоңырау шалмайды. Ал өзін тап солай таныстырған адам – алаяқ», дейді Н.Туысбайұлы.

Ұлттық банк  банктік онлайн-операцияларды бақылау үшін, азаматтарды қашықтан «басқарып» жүрген алаяқтармен күресу үшін «Антифрод-орталығын» іске қосқан.

– Бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде Орталық күдік туғызған 400 ден астам транзакцияны тоқтатып, отандастарымыздың 30 млн теңгедей ақшасын сақтап қалды. Бұған дейін алаяқтар бізді қалай алдаушы еді? Банк түрлі күштік құрылымның атынан телефон шалып, небір «арнайы операцияларға» тартуға тырысатын немесе телефондарына қашықтан бас­қаруға көмектесетін қосымшаны алдап жүктеткізуге ұмтылатын еді. Сөйтіп, жұрттың ақшасын қағып алуға әрекет қылатын. Олардың айласына көп адам сенді де. Енді әккілер осы «Антифрод-орталықтың» атынан қоңыраулатуы да ғажап емес, – дейді Н.Туысбайұлы.

Ертегідегі жеті басты айдаһар сияқты бұл алаяқтардың да айласы азаяр емес. Олар енді Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) атынан іске кірісіп кетті. Жалпы, агенттік атауында «қаржы» сөзі болғанымен, ол жеке тұлғалармен айналыспайды, яғни Президентке ғана тікелей бағынып, есеп беретін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қатысты және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Алаяқтар осы жерде халықтың тағы да қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, осы органның атын жамыла кетті.

Осыған байланысты жуырда агенттік ресми мәлімдеме жасап, телефон арқылы жасалған алаяқтық фактілері туралы ха­бар­лады. ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов алаяқтар телефон қоңыраулары немесе хабарлама жіберу арқылы өздерін агент­тік қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін екенін ескертті.

– Әңгіме барысында алаяқтар Қазақ­­стан резиденттерінің қаражатын банктік шоттардан қылмыстық жолмен алудың әртүрлі схемасын сылтау етіп, алаяқтықтың ықтимал белгілеріне, ҚМА тарапынан қойылған шектеулерге байланысты банктердегі шоттар бойынша операцияларды тоқтата тұру туралы хабардар етеді.

Әрі қарай алаяқтар банктік шоттардың реквизиттерін, заңмен қорғалатын және құпия, жария етілмейтін деректерді ұсынуды сұрайды. Сосын жәбірленушіге агенттік атынан жалған құжаттар жібері­леді. Онда мемлекеттік органның қолы, атауы, мөрі мен реквизиттері орналас­тырылады. Бұл ретте қоңырау шалушылар өз әрекеттері туралы ешкімге хабарламауыңызға кеңес береді, – дейді агенттіктің ресми өкілі.

Ол Қаржылық мониторинг агенттігі жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, ақшалай есеп айырысулар, яғни операциялар жүргізбейтінін және жеке тұлғалармен байланыс орнатуға бағытталған қызметті жүзеге асырмайтынын ресми түрде растады.

Алаяқтық деген қылмыстың ауыр түрі. Біреудің маңдай терімен тапқан адал малын бопсалау, қорқыту, үркіту арқылы иемдену. Бұрын үлкендер кісінің ақысын жеме, ол күнә, аш, жалаңаш қалсаң да кісі ақысын жемеуге тырыс. Онанда біреудің есігін сыпырып, қорасын тазалап беріп, бір жапырақ наныңды адалынан же, деп құлағымызға құйып тастаған. Біздің буын сондай тәрбиені көргендерміз. Дәл қазіргідей алаяқтықты кездестірген емеспіз. Анда-санда мал ұрлағандар туралы әңгімені еститінбіз.

Одан басқа азаматтардың құжаттарының көшірмелерін пайдаланған интернет алаяқ құрбандарының атынан онлайн-несие рәсімдеп, жәбірленушілер қарызға батып, ешқандай дәлелдеме ұсына алмаған соң несиені өздері төлеп шыққан фактілер де көп. Өзіміздің таныстарымыздың басынан өткен оқиғалар да аз емес.  Банктің қызметкері ретінде өзін таныстырып, азаматтың шотында сақтаулы тұрған  еңбек ақысын не депозитте тұрған қаражатын алдап алу мақсатында телефон арқылы әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде құрбандарына шоттың, кодтың сандарын айтқызып,  ақшаны өзіне аударып алған алаяқтарды да көрдік.

Интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары: дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырып жатқан ресми мекеме қызметкерлерінің ескертулеріне кейде мән бермей жатамыз. Осы талаптарды сақтау арқылы ғана әр адам алаяқтардан өзін қорғап жүре алады. Қаржылық сауаттылығымызды арттырып, кез келген хабарламаларға аса сақтықпен қарап, таныс емес нөмірлерден түскен ақпараттарға жауап бермейік. Бекжан сияқты алаяқ-ау деген күдік келтірген адамдардың өздерін сұрақтың астына алып, миын шаршатып, санасын сан жаққа жүгіртіп тастау керек қой. Бірақ оған да талантты, сөйлеу шеберлігі мықтылар болмаса… Сақ болайық. Бала-шағамызды несібесінен қаржылық сауаттылығымыздың жоқтығына бола айырмайық.

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: Іле ауданында балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді

Алматы облысы Іле ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері балалардың терезеден…