Басты бет Денсаулық ҰЛТ САУЛЫҒЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

ҰЛТ САУЛЫҒЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

0
30

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы деректеріне сәйкес, алкогольді шамадан тыс тұтыну салдарынан әлемде жыл сайын шамамен 2,6 миллион адам көз жұмады. Бұл – дүниежүзіндегі барлық өлім-жітімнің 4,7 пайызын құрайды. Сонымен қатар алкоголь 200-ден астам ауру мен түрлі денсаулық бұзылыстарының пайда болуына себеп болатын негізгі факторлардың бірі саналады.

Бұл – жай ғана статистика емес, жыл сайын жер бетінен тұтас бір ірі қаланың халқы жоғалады деген сөз. Алайда мәселенің ең ауыр тұсы өлім көрсеткіштерінде емес. Ең бастысы – алкогольдің адам өмірінің сапасына тигізетін кері әсерінде. Ішімдік адамның денсаулығын әлсіретіп қана қоймай, оның еңбекке деген ынтасын төмендетеді, отбасы алдындағы жауапкершілігін әлсіретеді, қоғамдағы белсенділігін шектейді. Бір сөзбен айтқанда, адамның толыққанды өмір сүруіне кедергі келтіреді.

Өкінішке қарай, бұл мәселе Қазақстан қоғамына да жат емес. Сарапшылардың зерттеулерінде еліміз Орталық Азия өңіріндегі алкоголь тұтыну деңгейі салыстырмалы түрде жоғары мемлекеттердің қатарында аталады. Кейбір халықаралық зерттеулерде Қазақстандағы жан басына шаққандағы алкоголь тұтыну көлемі әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары болғаны көрсетілген. Әрине, соңғы жылдары жағдайды жақсарту бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар қолға алынды. Мемлекеттік деңгейде салауатты өмір салтын насихаттау күшейтіліп, жастарды спортқа тарту, зиянды әдеттердің алдын алу бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде алкоголь тұтыну көрсеткіштерінің біршама төмендегені байқалады.

Дегенмен мәселе түбегейлі шешілді деуге әлі ерте. Себебі маскүнемдік – тек медициналық емес,  әлеуметтік, тәрбиелік және рухани сипаттағы күрделі құбылыс. Көп жағдайда біз ішімдікке тәуелді адамды көргенде оның бүгінгі жағдайына ғана баға береміз. Ал сол адамның бұл күйге қалай жеткеніне, қандай әлеуметтік немесе психологиялық қиындықтарды бастан өткергеніне терең үңіле бермейміз.

Әлеуметтанушылардың пікірінше, алкогольге тәуелділіктің негізгі себептерінің қатарында әлеуметтік жалғыздық, жұмыссыздық, күйзеліс, отбасылық қиындықтар және өмірлік мақсаттың жоғалуы секілді факторлар бар. Сондықтан бұл мәселемен күресті тек тыйым салу немесе жазалау шараларымен шектеу жеткіліксіз. Оның түпкі себептерін анықтап, алдын алу шараларын күшейту маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сөйлеген сөздерінде ұлт саулығы мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Президент қоғамның сапасы азаматтардың өмір салтына, мәдениетіне және жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл ойдың астарында терең мән жатыр. Өйткені ұлттың сапасы ең алдымен әр азаматтың өз денсаулығына,  болашағына және  отбасы алдындағы жауапкершілігіне деген көзқарасынан басталады.

Бүгінде біз экономикалық өсім, цифрлық технологиялар, инвестициялық жобалар туралы жиі айтамыз. Алайда кез келген мемлекеттің ең басты капиталы – адам. Ал адамның денсаулығына, өмір сапасына және отбасылық құндылықтарға нұқсан келтіретін құбылыстарға бейжай қарауға болмайды.

Маскүнемдікпен күрес – бір ғана зиянды әдетпен күрес емес. Бұл – ұлт денсаулығын сақтау, отбасы институтын нығайту және қоғамның болашақ әлеуетін қорғау жолындағы маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан бұл мәселеге мемлекеттік құрылымдар ғана емес, бүкіл қоғам болып назар аударуы қажет.

С. БАЗАРҚҰЛОВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МЕЙИҢИЗНИМУ ҚУВӘТЛӘШНИ УНТУМАҢ!

Мабада һәрбиримизниң қолидин тепилидиған янфонимизниң қувити азайса, барлиқ ишимизни чәткә…