Аудандық кітапханада облыстық деңгейдегі шара өтті. Оның маңызы мен мәні ерекше деуге болады. Алматы облыстық Аналар кеңесі және аудандық Аналар кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен «Экологиялық вандализммен күресу жолдары, креативті шешімдер» деген тақырыпты арқалаған шараға Алматы облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева, аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы, аудандық аналар кеңесінің мүшелері, көрші аудандық аналар кеңесінің төрағалары, Шарын ұлттық паркінің қызметкерлері, аудандық орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері, аудан жастары мен белсенділер қатысты.
Табиғат пен адам егіз ұғым. Оларды бөле-жара қарау қисынға келмейді. Ал табиғат – адамзатқа берілген ең үлкен аманат. «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасының да түпкі мақсаты – табиғатты қорғау. Алайда сол аманатқа бейжай қарау, қоршаған ортаны ластау, жасыл желекті жою – болашаққа жасалған қиянатпен тең. Экологиялық вандализм тек табиғатқа ғана емес, қоғамның мәдениеті мен санасына да үлкен зиянын тигізетіні бұлтартпас шындық.
«Бір тал кессең, он тал ек» деген дана халқымыз табиғаттың қадірін ерте түсінген. Себебі табиғатқа жасалған әрбір жақсылық – адамзатқа жасалған қамқорлық. Ал қоршаған ортаны қорғау – тек міндет емес, ол ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Алғашқы сөзге шыққан облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Сағатқызы «Салауатты сана жобасы және оны жүзеге асыру жолдары» деген тақырыпта баяндама жасады. Алдымен облыстық аналар кеңесінің атқарған шаруалары жайлы мағлұмат берді. – Тәрбиенің барлығы да аналардан басталатындықтан, қоғамдағы кез келген мәселеге біз бей-жай қарай алмаймыз. «Салауатты сана» жобасы жүзеге асқанына онша көп уақыт өте қоймады. Бұл жоба нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықпен күрестің алдын алуға бағытталған жұмыстарды қамтитынын білеміз. Аудандарыңызда ұлттық парк болғандықтан бүгінгі кездесуді экологиялық вандализммен күрес тақырыбына арнадық, – деп әңгімесін бастады Гүлнар Сағатқызы. Адамдардың санасына экологиялық мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Бүгінгі кездесуде айтылған әрбір ой, көтерілген әрбір ұсыныс – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам деп білемін. Табиғатты қорғау үлкен істерден емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталатындығын, тазалықты сақтау, табиғатты аялау, қоғамдық орындарға жанашырлықпен қарау сияқты бәріміздің қолымыздан келетін іске азаматтық көзқараспен қарайық. Сондықтан экологиялық вандализммен күрес бүгінгі күннің келелі мәселесі. Өсіп тұрған ағашты қасақана кесіп тастау немесе ағашқа аттарын ойып жазып кету сияқты дүниелерден экологиялық вандализм басталып кетеді. Осындай әрекеттерге жол бермеуіміз керек. Болашақтың жарқын болуы – бүгінгі біздің әрекетімізге байланысты. Сондықтан туған жердің тазалығына бейжай қарамай, табиғатты көздің қарашығындай сақтау бәрімізге парыз. Табиғатқа жанашыр адам – қоғамға да пайдалы адам, – деген ойымен әңгімесін түйіндеді.
Аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжаһан Әликеева да вандализмнің өзі бірнеше түрге бөлінетіндігін айтып шықты. Экологиялық, діни, кибер, графикалық, тұрмыстық деген сияқты. Соның ішінде бүгінгі тақырып арқауы болған экологиялық вандализмге тереңірек тоқтады. Ауданда шүкір, бұл бағытта үлкен келеңсіздіктерге жол берілген жоқ. Өкінішке қарай, қазіргі таңда қоғамдық орындарды ластау, ағаштарды сындыру, табиғатқа зиян келтіру секілді экологиялық вандализм әрекеттері кездесуде. Сондықтан мұндай заңға қайшы келетін әрекеттердің алдын алу үшін қоғам болып атсалысуымыз қажет. Бүгінгі шарамыздың мақсаты да осы, – деп сөзін қорытындылады. Шарын Ұлттық Паркінің экологиялық ағарту маманы, мемлекеттік инспекторы Айдана Батырханова өзінің жұмысына қатысты көптеген нәрселерге тоқталды. Қатаң қадағалау мен мұқият бақылаудың арқасында әл-әзірге экологиялық вандализмге жол берілмегендігін де ескертті.
Аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы шараның жақсы дайындықпен өткендігін тіліне тиек етіп, Таза Қазақстан акциясының маңызын түсіндірді. Туған жеріміздің тазалығы болашақ ұрпақ үшін аса қажет екендігін айтып, белсенді азаматтарға облыстық қоғамдық келісім орталығының арнайы алғыс хаттарын табыс етті.
Тақырып аясына байланысты ұйымдастырылған көрме де ерекше болды. Ауданның көрікті жерлерінің макеттері, таза қала, таза ауыл жобалары, құстардың ұялары, картоннан жасалған гүл шоқтары, табиғаттың көріністерін қағаз қалдықтарынан құрастырған бұйымдар таңдай қақтырды. Шонжының әсем ауылға айналғанын армандаған жастардың креативтік жобалары да ұсынылды. Егер осындай ойлар жүзеге асып жатса ауданымыз жасыл желектің ортасында қалмақ. Арманымыз жүзеге асқай… деген оймен шықтық шарадан.
Баян МАМЫРБАЕВА,
аудандық аналар кеңесінің мүшесі
