Басты бет Мәдениет және руханият Кітап оқымайтын ұлт қайда барады?

Кітап оқымайтын ұлт қайда барады?

0
18

Адам баласы жер бетінде тіршілік ете бастағалы бері бір сұрақтың жауабын іздеумен келеді: адамды адам ететін не? Байлық па? Билік пе? Ғылым ба? Уақыт өте келе өркениет бұл сұраққа әртүрлі жауап берді. Бірақ адамзаттың рухани тәжірибесі бір ақиқатты мойындатты: адамды өзгеден биіктететін – оның ойлау қабілеті. Ал ойды тәрбиелейтін ең ұлы құндылық – кітап.

Кітап – жай ғана қағаз бен әріптің жиынтығы емес, адамзаттың жадын сақтап тұрған рухани кеңістік. Егер кітап болмаса, адам өзінен бұрынғы ғасырлардың үнін естімес еді. Өткеннің тәжірибесі мен келешектің үміті кітап арқылы жалғасады. Сондықтан кітап жоғалған жерде жады әлсірейді. Ал жады әлсіреген қоғам түптің түбінде өзінің кім екенін ұмытады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру» туралы Жарлыққа қол қоюының мәні де дәл осында жатыр. Бұл бастама – тек кітап оқуға үндейтін науқан емес, рухани үзіліп бара жатқан байланысты қайта жалғауға жасалған талпыныс. Өйткені қазіргі адам бұрын-соңды болмаған ақпараттың ортасында өмір сүріп отыр. Бірақ пaрадокс  мынада: ақпарат көбейген сайын ой азайып бара жатқандай. Адам бәрін біледі, бірақ аз түсінеді. Көп көреді, бірақ аз сезінеді. Жылдам қабылдайды, бірақ терең сараламайды. Себебі бүгінгі өркениет адамға тыныштық бермейді. Ал кітап – тыныштықтың өнері.

Кітап оқып отырған адам уақытпен емес, өзімен бетпе-бет қалады. Ол автордың сөзін ғана оқымайды, өзінің ішкі үнін де тыңдай бастайды. Сондықтан кітап – адамның жалғыздықтан қашуы емес, өз болмысымен кездесу сәті.

Қазіргі қоғамдағы ең үлкен трагедияның бірі – адамның өзімен сөйлесуді ұмытуы. Біз үнсіз қалудан қорқамыз. Сол себепті телефонға үңілеміз, ақпарат іздейміз, уақытты дыбыспен толтыруға тырысамыз. Бірақ ішкі тыныштық жоғалған жерде рухани тереңдік те жоғалады. Ал кітап адамды сол тыныштыққа қайта әкеледі.

Неміс философы Хайдеггер «адам – ойлай алатын болмыс» деген еді. Бірақ ойлау үшін адамның ішінде кеңістік болуы керек. Кітап сол кеңістікті қалыптастырады,  адамды баяулатады, тоқтатады. Сұрақ қоюға үйретеді. Ал сұрақ қоя алатын адам ғана шын мәнінде тірі адам.

Бүгінде қоғамда технологияның ықпалы күшейген сайын адамның рухани табиғаты әлсіреп барады. Біз ақпарат тұтынушысына айналдық. Бірақ кітап тұтыну емес, толғану мәдениетін қалыптастырады. Кітап оқыған адам тек білім алмайды. Ол өмірдің күрделілігін түсіне бастайды. Адам жанының қайшылығын таниды, мейірімнің қадірін сезінеді. Сондықтан кітап оқу мәселесі – тек мәдениет саласының тақырыбы емес. Бұл – ұлттық сана мәселесі. Рухани иммунитет мәселесі. Көп оқитын қоғамды алдау қиын.  Себебі кітап адамға күмәндануды, саралауды, салыстыруды үйретеді. Ал ойлайтын ұлт ешқашан оңай басқарылатын тобырға айналмайды.

Соңғы жылдары елімізде жүзеге асып жатқан «Оқитын ұлт», «Оқитын мектеп» жобаларының маңызы да осында. Бұл бастамалар кітапты қайтадан адамның күнделікті өміріне қайтаруға бағытталған.  Президенттің 23 сәуірді Ұлттық кітап күні ретінде белгілеуі де – руханиятқа жасалған символдық қадам. Өйткені өркениеттің болашағы ең алдымен адамның ішкі мәдениетіне байланысты.

Ұлы Абайдың: «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» деуі – жай ғана оқу туралы кеңес емес.  Бұл – адамның өзін жетілдіру туралы философиясы.  Абай үшін кітап – таным құралы ғана емес, рухани кемелденудің жолы еді.

Шын мәнінде, адам кітап оқығанда өзгереді. Кітаптың құдіреті – ол адамды қайтадан өзіне әкеледі. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл Жарлығының астарында терең философиялық мән жатыр. Бұл – оқырман санын көбейту туралы ғана емес. адамның рухани табиғатын сақтап қалу мәселесі. Егер қоғам кітаптан толық алыстап кетсе, адамзат бір күні ойлаудың өзін жоғалтуы мүмкін. Ал ой жоғалған жерде еркіндік те жоғалады. Ендеше  кітапқа қайта оралу – мәдени таңдау ғана емес, өркениеттік қажеттілік.

С. БАЗАРҚҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚӘЛИМИ СИРЛИҚ ИҖАТКАР

         Йеқинда әл-Фараби намидики наһийәлик мәркизий китапханида «Қәлими сирлиқ иҗаткар»…