Басты бет Өңір тынысы Ауданның даму жолы көңіл қуантарлықтай

Ауданның даму жолы көңіл қуантарлықтай

0
6

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданға жұмыс сапарымен келеді дегенді естігелі тұрғындар айналаны тазалап, сыйлы қонағын күтетіндей абыр-сабыр күйге түскен. Аудандағы қол жеткізген жетістіктер мен алдағы жұмыс жоспарлары жайлы аудан басшысы Бота Серікқызының есебін де тыңдайды деп естідік. Аудан экономикасының басты тетіктерін аралап, жоғары технологиялы аграрлық саланы, туристік құрылымдарды және ірі өнеркәсіптік, әлеуметтік салаларды өз көзімен көріп, өз бағасын беретіндігі – өңір үшін зор мүмкіндік.

Жұмыс сапары Шарын ауылынан бастау алды. Бұл жерге облыс басшысының орынбасары Бақнұр Бақытұлы, ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен келді. Амандық-саулық сұрасқан соң балық шаруашылығы, жылыжай мен құс шаруашылығының өнімдері таныстырылды ат басын бұрып келген қонақтарға. Ауданның аграрлық саласындағы жұмыстар жайлы аудан әкімінің орынбасары Самат Жұмәділ ақпарат тарқатты.

Жаңашылдықты қолға алған «Alma Seeds» инновациялық компаниясының жұмысымен танысты. Жүгері мен күнбағыстың жоғары сапалы тұқымын әлемдік стандарттарға сай өсіруді қолға алған компанияның директоры Салтанат Хамзина өздеріндегі жұмыс барысымен таныстырды.  – Өз иеліктеріндегі облыс бойынша 100 гектар жерге қазақстандық жоғары сапалы тұқыммен ауылшаруашылығы өндірушілерін қамтамасыз етеміз – дегенді айтқан Салтанат Оразбекқызы – Біз ФАО 480 нен ФАО 650 ге дейінгі жүгері сұрыбын өндіреміз. Өткен жыл біз үшін сынақ болды.  Мәселен, күнбағыстың тұқымын сынамалы түрде Қостанай өңірі мен Еңбекшіқазақ аудандарында ектік. Соның ішіндегі ең сапалысы осы Шарын ауылындағы тәжірибеміз болды. Осы сынамалы жерден 80 тонна сапалы өнім алынды.

Шарындағы аумағымыз үш гектар. Зауыттың жалпы бағасы 500 млн теңге, ол инвесторлардың есебінен қаржыландырылды. Қазір 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кешеннің өндіріс қуаттылығы жылына бес тонна тұқым бере алатындығы қуантады. Бұл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін де қорғай алады деген сөз, – деп өз жұмыстары жайлы мәліметтер берді Салтанат Оразбекқызы. Зауыт жұмысына көңілдері толған топ аудан әкімі Бота Елеусізова мен облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының басшылығымен «Прима Құс» ЖШС өндіріс аумағын аралады. Құс етін өндірудегі көшбасшы өндіріс орнының директоры Николай Королев жыл соңына қарай пайдалануға берілетін үшінші сатылы құрылысымен таныстырды. Жалпы төрт сатының бағасы 65 млрд теңгені құрайды екен. Бұл алға қойған жоспарлары іске асатын болса зауыт қуаттылығы 35 мың тонна құстан 70 мың тонна құсқа артатындығын айтты. Бүгінгі таңда мұнда 750 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал болашақта ол 1200 адамға өседі деген сенім мол. Жұмыстарына табыс тілеген олар әрі қарай Бахар ауылына бет бұрды.

Бұл жұмыс сапарының есте қаларлық оқиғасы Бахар ауылындағы соғыс ардагері Алым Кебировтың үйіндегі кездесу десек болады. Аудандағы көзі тірі қалған жалғыз соғыс ардагерін Бақытнұр Бақытұлы шынайы ақ пейілімін құттықтап, ол кісіге алғысын жаудырды. Сегіз бала тәрбиелеп, тыныш, бейбіт заманда әртүрлі жұмыстар атқарған ақсақалға ұрпақтарының атынан ризашылық сезімін жеткізіп, ендігәрі соғыс деген зұлматты көрмейік деген ақжарма тілегін ақтарды.

Сонан соң жұмыс сапары аудан орталығындағы Әл Фараби атындағы кітапханада жалғасты. Кітапхана директоры Аида Турсунова мен аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы жаңғырған кітапхананың жаңашылдығымен таныстырды. Өзінің тұрақты оқырманын қалыптастырып, бүгінде ауыл тұрғындарына рухани азық беріп отырған мекеменің жұмысы жайлы жан-жақты сараланған ақпарат берді. Осы жерде демалыс орнына айналған «Арасан» елді мекеніне ресми түрде атау беру туралы жұмысшы тобының мүшелерімен өткен жиынға қатысқан Бақытнұр Бақытұлы өз ойын ортаға салды.

Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің мәжіліс залында аудан әкімі Бота Серікқызының есебі тыңдалды. Өткен жылдың қорытындысымен ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны ауданымыз үшін нәтижелі кезең болғандығын, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім қалыптасып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылғандығынан әңгімесін бастаған аудан басшысы әр сала бойынша қол жеткен нәтижелерге тоқталды.

Өнеркәсіп саласында 2025 жылы 22,8 млрд теңге өнім алынып, нақты көлем индексі 100,9 пайызға шығыпты. 2026 жылдың 1 тоқсанында өндіріс көлемі 5,9 млрд теңгеге жетіп, өсу қарқыны 149 пайызды құрапты.Құрылыс, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, инвестиция, кәсіпкерлік, бюджеттік салалар, мәдениет, спорт, білім, денсаулық, құқық қорғау бойынша мазмұнды баяндама жасады. Сахнадан бейнебаян арқылы барлық цифрлар мен көрсеткіштер ұсынылды тұрғындарға.

Сұрақ-жауап кезеңінде Жувашев пен Назугум көшелерінің тұрғындары кәріз жүйесі жұмысының нашарлығын көлденең тартты. Көп балалы аналар мен жалғызілікті аналар пәтер жайын қозғады. Кезекте тұрғандарымен олардың кейбіріне оңды жауап болмай тұрғандығы айтылды. Бота Серікқызы «Отбасы банк» арқылы берілетіндіктен олардың да тәртібіне көнуіміз керек, ертең келіңіздер, деп жылы сөзімен үміт арқалатты. Көп қабатты үйлерге газ құбырларының тартылуы, автобус маршруттарының іске қосылуына қатысты Бахар ауылына да автобус қатынасын жүргізсеңіздер деген тілектер айтылды. Достық үйінің құрылысы аяқсыз қалмауын, Арасандағы заңсыздықтарға көңіл бөлуін сұраған тұрғындардың жанайқайына аудан басшысы тұщымды жауабын берді.

Облыс әкімінің орынбасары Бақнұр Бақытұлы есеп берді. Алдыңғы кездесулерде айтылған талап, тілектердің 4 мәселесі түгелдей шешіліпті, қалған 5 мәселе де аяқсыз қалмайтындығын түсіндірді.

Түстен кейінгі кездесуде өңір басшысы жазушы, ақын, журналист Ақтам ауылының тумасы Сәуле Досжанның оқу жылының соңында үздік оқушыларға беретін стипендиясын беру шарасына қатысты. Сонан соң Дардамты ауылындағы кино түсіріп жүрген алаңға барды. Әлемдік танымал «Netflix» кинокомпаниясының біздің жердегі жұмысына қызығушылық танытып, Кореяның атақты режиссері Ли Ынбоктың еңбегін көрді.   Atadala Production компаниясының өкілдерімен, бас продюсер Ким Те Джинмен танысқан өңір басшысы біздің табиғатымыздың таңғажайып көркемдігі шетелдік киногерлердің қызығушылығын арттырып, халықаралық деңгейде өңіріміздің жандана түсуіне ашылған жол деп бағасын берді.

Марат Сұлтанғазиев  ең ірі агроөнеркәсіптік «Harvest Agro» ЖШС жұмысқа қосылған сәтіне куә болды. Ол «Қалжат» кеден бекетінің 12 шақырым жеріне орналасқан. Зауыт директоры Дәулет Увашев жүгері дақылын сақтайтын, қайта өңдейтін, кептіретін қуаты 108 мың тонналық жобаның бағасы 2 млрд теңге екендігін айтып, 55 адамды тұрақты жұмыспен қамтығандығын жеткізді. Өңір басшысы сондай-ақ Мұрат Аубакиров басқаратын «Assem Kaljat» ЖШС інің жұмысымен танысты. Алқабы 2500 гектар болатын жүгері мен емдік шөптерді тамшылатып суғару әдісі ең жоғары технологиялық ауылшаруашылығы жобасы екендігін түсіндірді. Мұнда жүздеген адамға жұмыс орны болатындығын мақтанышпен жеткізді.

Жұмыс сапарының соңғы нүктесі Шарын ұлттық табиғи паркін аралаумен аяқталды. Ұлттық парк директоры Гүлмира Нысанбаева инспекторлар мен қызметтік кордондардың құрылысымен таныстырды. Саусақпен санарлық ұлттық парктің ішіндегі шоқтығы биігі біздің Шарын екендігі даусыз. Шарын шатқалы мен ерен тоғайына арнайы келетін  туристердің саны жыл өткен сайын артып отырғаны да оның осы ерекшелігінен.

Өңір басшысы ауданымыздың даму қарқынына риза болды. Шекаралық аумақтың барлық жағынан дамуына қолдау көрсететіндігін айтты. Инвесторлармен жұмысты әрі қарай жаңғыртып, әлеуметтік құрылыс нысандарын сапалы салып, тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыруды тапсырды.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Құрылыс нысандарының жұмысы бақыланды

Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев жұмыс сапарымен ауданға ат басын бұрд…