Сыбайлас жемқорлықтан қайтсек құтыламыз, санамыз, қолымыз, жан жүрегіміз адалдық деген сезіммен қашан толығады? Осындай сұрақтар әр адамның санасына мықтап орныққанда ғана белгілі бір нәтижеге қол жетуі мүмкін. Сыбайластық – халықтың сеніміне селкеу түсіретін және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін жағымсыз әлеуметтік құбылыс. Жемқорлық деген жағымсыз дүние өмірімізге дендеп еніп кеткені соншалықты енді онымен мемлекеттік деңгейде күресіп келеміз. Бұл тек бізде ғана емес, жалпы әлемдік деңгейдегі жаман қасиет.
Қазынашылық саласының жұмысы тікелей қаржыға байланысты болғандықтан біздің қызметкерлер өзімізге жүктелген міндеттерді адал, таза атқарғымыз келеді. Құжаттарға мұқият қараймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарынан аттары дардай адамдар мемлекетке қаржылай зиян келтіріпті, қамауға алыныпты деген әңгімені естігенде төбе шашымыз тік тұрады. Мемлекет сеніп тапсырған жұмысқа бар ынтамызбен, адал ниетпен кірісіп, атымызға кір келтіргіміз келмейді. Біз ғана емес әлемнің барлық мемлекеттері жұлынқұрт секілді бұл қоғамдық індетке қатты алаңдаушылық білдіріп отыр. Тәуелсіз Қазақстан өзінің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде ынсапсыз алаяқтарды аластап, қоғамды жат тоғышар әдеттен тазарту міндетін қарастырып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек», – деп атап көрсетті.
Көк байрағымыз күн сөнгенше желбіресін десек, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы арман еткен асыл мұратын мансұқтауға, қызыл қаны мен қара тері қатар сіңген аманатын аяқасты қылуға жол беруге болмайды. Адалдық дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру қажет. Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі мемлекет беделіне нұқсан келтіретін зұлымдықпен ымырасыз күресу болып табылады. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, бұл дерттің одан әрі асқынбауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен пәрменді күресу жолында, сөз жоқ, тұрғындар арасында ақпараттық-құқықтық түсіндіру, жалпы құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу маңызды рөл атқарады. Әрбір азамат өзінің құқықтарын меңгеріп қана қоймай, өзіне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда нақты не істеу керектігін толық білуі қажет. Әсіресе жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыздық көзқарасты қалыптастыру бойынша жұмыс істелуі керек. Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің басшылары. Оларда адалдық, тазалық деген сенім мықты болуы шарт.
Әлемді әбігерге салған бұл індетпен күресте құқықтық сауаттылықты арттыру мейлінше оң әсерін тигізеді. Өйткені жағдайдан хабардар, сауатты адам өз құқығын ешкімге таптатпайды. Әрі заң үстемдігін сыйлайтын, қолданыстағы заңнама баптарымен етене таныс тұрғындар өз мәселесін, әуелгі кезекте, құқықтық шеңберде шешуге мүдделі болады. Мұндайда азаматтар жең ұшынан жалғасудан саналы түрде бас тартып, аранын ашқан жемқорлықты айналып өтуге тырысады.
Мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңы мен Әдеп кодексі талаптарын бұзудың алдын алу бойынша құқықтық оқыту, түсіндірме жұмыстары үнемі өткізіліп тұрады.
Қоғамда жемқорлықты рухани этикалық деңгейде қабылдамау ахуалын қалыптастыруда үгіт-насихат жұмыстарымен бірге, жаңа технологиялар да қызмет істеп келеді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрлы форматқа көшіру және мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін қысқарту мақсатында Электронды қызметтер мен сервистер порталы іске қосылды. Бұл жерде кез келген операция ашық, жария түрде жүргізіледі деген сөз.
Жаңару мен жаңғыру жолындағы Жаңа Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтан таза, болашағы жарқын ел болуы әрқайсысымыздың өз қолымызда екенін естен шығармауымыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес – баянды болашақтың жарқын кепілі. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі пәрменді де қарқынды түрде жалғастыра беретін боламыз.
Гульзада МАНАПОВА,
аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасының бас маманы
