Басты бет Заң және қоғам АДАЛДЫҚ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ

АДАЛДЫҚ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ

0
50

Қоғамның кемелденуі мен мемлекеттің өркендеуі – ең алдымен оның ішкі тазалығы мен рухани беріктігіне байланысты. Сол тазалықтың өзегі – адалдық. Адалдық бар жерде әділдік салтанат құрады, сенім бекиді, даму қарқыны артады. Ал сыбайлас жемқорлық – осы асыл қасиеттерге сызат түсіретін, қоғамның іргесін ірітетін қауіпті құбылыс.

Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күрес – бүгінгі мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыс тек заң бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Ең бастысы – оның алдын алу, қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын терең орнықтыру. Бүгінде елімізде «Адал азамат», «Заң мен Тәртіп», «Еститін мемлекет» ұстанымдары арқылы жаңа қоғамдық сана қалыптасып келеді. Бұл – әрбір азаматтың жауапкершілігін арттырып, қоғамдағы әділдікке деген сұранысты күшейтетін маңызды қадам.

Ұлы ойшыл Абай: «Пайда ойлама, ар ойла» деп бекер айтпаған. Бұл сөз – кез келген заман үшін өзекті. Ар-ұятты биік қойған қоғам ғана әділеттің ақ жолынан таймайды. Сол секілді Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзі де адалдықтың мәнін айқындай түседі. Яғни, білімді болу жеткіліксіз, ең бастысы – адам бойындағы тазалық пен жауапкершілік.

Ұйғыр ауданында осы қағидаттарды негізге ала отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Барлық ауылдық округтерде ақпараттық-түсіндіру шаралары күшейтіліп, халық көп шоғырланатын орындарға арнайы баннерлер орнатылған. Бұл – тек көзбояушылық емес, керісінше, қоғам санасына ықпал етудің тиімді тәсілі. Әлеуметтік желілер мен ресми интернет ресурстар арқылы тұрақты түрде ақпараттар жарияланып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше мән берілуде.

Сонымен қатар, халықпен тікелей байланыс орнату – басты назарда. Ашық есік күндері, кездесулер, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға нақты жауап берілуде. Бұл – «Еститін мемлекет» қағидатының жергілікті деңгейде нақты жүзеге асып жатқандығының айғағы.

Аудан көлемінде өткізілген дөңгелек үстелдер мен талқылаулар барысында мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары, әлеуметтік қолдау секілді маңызды салалардағы тәуекелдер жан-жақты қарастырылуда. Нәтижесінде, тәуекелдерді төмендетуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленіп, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы қамтамасыз етілуде. Бұл, өз кезегінде, халықтың билікке деген сенімін нығайтады.

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді құралдардың бірі – комплаенс қызметі кезең-кезеңімен енгізілуде. Бірқатар мекемелерде комплаенс-офицерлер жұмысын бастап, ішкі бақылау жүйесін күшейтуге үлес қосуда. Алдағы уақытта бұл тәжірибені білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секілді халықпен тығыз байланыстағы салаларға кеңейту жоспарлануда.

Цифрландыру үдерісі де бұл бағытта үлкен рөл атқарады. Мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігі артып, адами фактордың ықпалы азайған сайын жемқорлық тәуекелдері де төмендейді. Қоғамдық бақылаудың күшеюі – әділдікке бастайтын тағы бір маңызды қадам.

Біздің ата-бабаларымыз ежелден адалдықты ту еткен. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген Әйтеке бидің сөзі – әділдіктің айнымас өлшемі. Бұл қағида бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, адалдық пен әділдікті өмірлік ұстанымына айналдырғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз.

Адалдыққа негізделген қоғам – тұрақты дамудың кепілі. Ұйғыр ауданында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар осы бағыттағы нақты қадамдардың көрінісі. Ең бастысы – бұл бастамалар халықтың санасында жаңғырып, әрбір жүректе әділдікке деген сенім ұяласа, онда біздің қоғамымыздың болашағы жарқын болмақ.

Ерасыл ТОЛЫМБЕКҰЛЫ,

аудан әкімінің орынбасары

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДІҢ ДЕРТІ

Соңғы жылдары алаяқтық қылмыстарының саны артқаны туралы ресми мәліметтер жиі жарияланып ж…