Ана тіліміздің тағдыры туралы көп айтатын, жазатын болдық. Тәуелсіз елімізде, өз туған жерімізде, еркін мемлекетте өмір сүріп, тіліміз туралы мұңға толы дүниелерді айту, жазу ұят сияқты. Мемлекетті құраушы қазақ ұлты, яғни мемлекеттік тіл – қазақ тілі болуы заңмен бекітілген. Сонда да мемлекеттік тіліміз босағада, көлеңкеде қалғандай күй кешетініміз өтірік емес. Мұндай күйге не үшін түсеміз деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
Биік мінберлерден білдей министрлер, ірі комитеттің басшылары сөйлеп жатады. Қазақтың сұлу жігіттері. Түрлеріне қарап риза боласың. Шетелде білім алып келген білгір мамандары, өз саласының мықтылары. Ағылшын тілінде ағып тұр. Енді журналистердің қазақша берген сұрақтарына келгенде дым білмейтін «мақауға» айналады. Аналардың кекештенген тілдеріне қарап жылағым кеп кетеді. Мықты маман болар, бірақ өз тілінде ойын жеткізе алмаған түрлері өте аянышты. Осындай сәтте тілімізге жанымыз ашып, оның қорлағаны-ай деп күйзелетініміз рас. Тіліміздің мәртебесін осындайда көтере алмағанымыз-ай деп қиналатынымыз да рас. Әйтпесе тәуелсіз мемлекетте, өз тілімізді өзіміз дамытуға ешкім кедергі келтіріп тұрған жоқ қой. Кейбір атқамінерлердің өз тіліне немқұрайды қарайтыны болмаса…
Осы тұста «Болашақ» арқылы білім алып келген жерлестерім Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбділданың орысша, ағылшынша таза сөйлеп қана қоймай, әртүрлі жобаларды жүзеге асырғандарын мақтанышпен айтқым келеді. Журналистика саласының мықтылары, киноиндустрияның майталмандары, заманауи продюсерліктің шеберлері деп тізбектей беруге болады. Бір үйдің тұрғындары болған ерлі-зайыптылардың бүгінгі жүзеге асырып отырған дүниелері мақтауға тұрарлық. Алаш ардақтыларын дәріптеп, кино арқылы зиялыларымызды халқымен қайта қауыштырды. Теңдессіз дүние жасады. Ұлтының ұлыларын ұлықтады. Енді осы екі жас шетел асса да, басқа мемлекетте тұрып келсе де ана тілдерінен безген жоқ. Қазақша ойлайды, қазақша сөйлейді, жобаларын қазақша жүзеге асырады. Мұраттың ақындығы бар. Егер ақындыққа бет бұрғанда қазақтың тамаша ақындарының қатарын толтырары анық еді. Өзімен бір кездесе қалғанда орыс тілінің түкке керегі жоқ деген адамның бірі едім. Америкада жүргенде ағылшынмен бірге орыс тілінің қажеттілігі туды. Амал жоқ ақша төлеп, репетитор жалдап, тілімді сындырдым. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген Қадыр атамның өлең жолдарын санама сақ еткізіп, орыс тілін де жетік меңгеруге талпындым. Өйткені өркениетті елдердің қатарынан қалмау үшін тек бір тілді ғана біліп қалуға болмайтынына көзім жетті, деген әңгімесі менің де санамды серпілткендей болғаны рас. Әрине кез келген ұлт ең алдымен өзінің ана тілімен сусындауы міндетті. Сонан соң өзге тілді үйрен. Тіліміздің бұрмаланбай таза жетуі үшін тал бесіктегі тәрбиеміз дұрыс болуы тиіс. Қолдарына еліміздің билігі тиген шенділер мен шекпенділердің өз ана тілдерінде сөйлей алмағандығы тілімізді қорлағандай, мұқатқандай көрінгендіктен, тіл мәселесі күн тәртібінен түспей отыр-ау деген ой қылаң береді көңіл түкпірінен. Әрине тілімізді сан-саққа жүгіртіп, қорғаудың өзі кейде қызық көрінеді. Дей тұрғанмен айтылмаса, сыналмаса, тілге деген құрмет төмендеп кететіндей бір үрей тұратыны тағы рас.
Мемлекеттік тілді меңгеруде қол жеткізген жағымды жетістіктің бәрі тәуелсіздік алғалы бері ешбір ұлт өкілінің құқығын шектемей, қысым көрсетпей, қиындық тудырмай біртіндеп даму жолымен келгенін айта кету керек. Толеранттылық пен татулықты ту қылған Қазақ елінде осы мемлекетті мекендеген барлық диаспораның өз тілі мен мәдениетін дамытуына жағдай жасаумен қатар, мемлекеттік тілдің заңды тұғырына қонуы үшін де қажетті жұмыс жүзеге асты.
Әрбір игі бастаманың өз нәтижесі мен берекесі болары анық. Соның арқасында елімізде қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің қатары да артып жатқанын байқау қиын емес. Менің көршілерімнің көбісі ұйғырлар, арасында тәжігі, өзбегі бар. Отыз жыл бұрын олардың қазақша сөйлегендері есімде жоқ. Қазір балалары да, немерелері де қазақша ағып тұр. Бұл ненің белгісі? Мемлекеттік тілдің қажеттілігі деп ойлаймын. Барлығы дерлік қазақ мектебіне барады. Шеберлеп сөйлегенде біздің балаларды жаңылдырады. Қарап отырып риза боласың. «Апайлап» амандасып тұрады. Шүкір деп қоям ішімнен. Көсегеміз осылайша көгеретіндігіне сенімім арта түседі.
Тілді меңгеру үшін біріншіден, адамның тілді үйренемін деген ниеті болуы керек. Қандай тіл болмасын, адамның өзі сол тілдің қажеттілігін түсінбесе, оған ат басындай алтын беріп оқытсаңыз да пайдасы болмайды. Тілді меңгеру кезінде тілдік ортаның болуы да өте маңызды. Бұл үйренген тіліңді ұмытып қалмауға, іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Бізді орыс тіліне мәжбүрлеп үйретті, сол заманның саясатына байланысты. Ұйғыр тілін ортадан үйрендік. Тіл білгеннен еш зиян көрмедік. Керісінше солардың әдебиетін оқып, салт-дәстүрлерінен мағлұмат алып, дүниетанымымызды кеңейттік. Басқа тілді оқып-үйрену арқылы өзге халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін біле түсесің. Пифагордың: “Кез келген халықтың мінез-құлқын танып білу үшін ең алдымен тілін меңгеруге тырыс”, – деген ұлағатты сөзі бар. Сондай-ақ басқа ұлттың тілін меңгеру арқылы ділін біліп, жақсы дүниелерін өз бойыңа сіңіріп, көңіліне тоқып, санаңа ұялатасың. Қазақтармен тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде даласындай дархан қонақжайлық пен кеңпейілдікті, немістерден ұқыптылық пен тиянақтылықты, ұйғырлардан ысырапшылдыққа жол бермеуді үйренуге болады.
Тіл – ұлттың ұлт екенін көрсететін ең негізгі белгі. Әрі онымен сол ұлттың психологиясы өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрі тығыз байланысты. Әрбір тіл – тұнып тұрған мәдениет, мөлдіреген рухани бастау. Ішсең мейірімің қанады, сөйлесең рухың көтеріледі, абыройың асады. Ендеше, мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілі тек қазақ халқының ғана емес, тәуелсіз елдің ақ тілеулі тірегі болып отырған қазақстандықтардың тілі. Біз осыны ұмытпасақ екен.
Баян МАМЫРБАЕВА
