Аудандық кітапхананың қайта жаңғыртылып, заманауи қалыпқа түсуін аудан жұртшылығы күткелі біраз болды. Кітапқұмар жандарға бұл жаңалық тіптен ұнаған. Шонжыдағы Әл Фараби атындағы кітапхана жаңаша келбетке ие болып, ашылуына ат арылтып алыстан арнайы шақырылған қонақтар келіпті.
Аудандық мәдениет үйінің алды кітап керуені мен жерлес ақын, жазушылардың көрмесіне арналыпты. Ұзыннан-ұзын қызыл кілем төселіпті. Сәнді киінген «Жазерке» мен «Арзу» ансамблінің қызметкерлері әдемі күй орындап, келген қонақтарға тойдан хабар беріп тұрды. Меймандар отыратын орындары да әдемі безендіріліп, үлкендер жағына құрмет көрсетіліп, мәре-сәре күй кешкен ортаға түстік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа технологиялар заманында кітапхана ісінің қайта жаңғыруына қатысты айтқан тапсырмасының жүзеге асқан көрінісі деп қабылдадық.
Жаңарған ғимараттың кіреберіс қабырғасында Әл Фарабидің муралы жасалыпты. Ерекше көрінді. Ғұлама бәрімізді білім ордасына шақырып тұрғандай сезімге бөлетті. Мердігер «Consulting Company KZ» ЖШС көне ғимаратты заманауи түрге ендіріп, өзгеше рең бергеніне іштей қуанып отырдық. Жиналған қауымды құттықтау үшін алғашқы сөзді аудан әкімі Бота Елеусізова алды.
Бүгін ауданымызда халықтың игілігі үшін жасалған тағы бір жағымды жаңалықты сүйіншілеу үшін өздеріңізбен бас қосып отырмыз. Осы көктемнің алғашқы айы – наурыз басталғалы бірқатар нысандар пайдалануға берілді, – де әңгімесін бастады. Қырғызсай ауылындағы өрт сөндіру бекетінің, Ават және Тиірмен ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория ғимараттарының ашылуы, аудан орталығындағы қоғамдық көліктің іске қосылуы тұрғындар үшін ерекше қуаныш болды. Өткен аптада Дардамты ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты пайдалануға берілді. Осы игі шаралардың қатарын аудандық кітапхананың күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңартылған ғимаратын пайдалануға беруге арналған шара толықтырып отыр, деп сөзін сабақтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырысындағы сөйлеген сөзінде «Кітапхана — мемлекеттің, ұлттық негізгі жады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қол жетімді болуы керек. Шын мәнінде, озық ойлы, ұлт болудың ең төте жолы — кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп айқындап өткен болатын. Осыған орай ұлттың жадына айналған киелі ғимаратты модернизациядан өткізу үшін мемлекет есебінен 381 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, нысан толықтай күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңғыртылды. Енді аудандық кітапхана өз оқырмандарына бұрынғыдан да қолжетімділік және сапалы қызмет көрсете алады. Сондай-ақ мұндағы кітаптар мен тарихи құндылықтардың сақталу технологиясы мен қауіпсіздік мәселесі де жетілдірілді.
Осы ғимарат келешек ұрпақтың білімді әрі зияткер болуына септігін тигізетін үлкен руханияттың ортасына айналсын! Жағымды жаңалықтармен басталып жатқан жылдың басы осылай жалғасын тауып, тек жақсылыққа толы болсын. Кітапхана тек қана кітап қорын сақтайтын орын емес, бұл білім берудің орталығы, шығармашылық және рухани жағынан адамды дамытатын, ілгері жетелейтін зиялы қауымның жүрегі, цифрлық болашақтың ордасы болсын. «Киелі мекен» оқырманға толы болып, сөрелер әлемдік, отандық шоқысы биік шығармалармен толықсын, деген ақжарма тілегін ақтарды.
Сонан соң жаңартылған кітап ордасына тілегін айтуға сахна төріне облыстық әмбебап кітапхананың директоры Ғалия Тоқабаева шықты. Облыстық деңгейде осындай заманауи кітапхана санаулы ғана. Жаңарған, цифрланған кітапхана ғимаратының ашылуы құтты болсын. Кітапханашылар үшін ең маңызды фактор – оқырман. Оқырмандарыңыз көбейсін. Жаңа дүниелер, жас буын ақын, жазушылардың кітаптары көптеп келсін деген ниетін жеткізді. Қ.Хожамьяров атындағы ұйғыр театрының директоры Мурат Ахмадиев ізгі ниетін жеткізді. Аудандық кітапхананың белсенді оқырманы, зейнеткер-ұстаз, ақын ағамыз Мамытқан Құдайбергенов жүрекжарды лебізін айтты. Кітап оқитын адамның өресі, білімі өзгелерден бір саты биік тұратындығын, Уильям Шекспирдің «Кітап маған тақтан да қымбат» деген сөзін мысал келтіріп, кітап оқитын жастардың қатары көбейсін, кітап ең қымбат дүниемізге айналсын деген ниетін ақтарды. Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мақсат Кенешев аудандағы жағымды жаңалықпен жиналғандарды құттықтап, кітапхананың бір бүйірі аудан жастарына бұйырғанын жақсылыққа балап, өзінің арнайы сыйлығын табыс етті. Жоба авторы Лидия Ким заман көшінен қалмайтын, заманауи технологиямен жабдықталған мекеннің әр деталі шығармашылықпен жүзеге асқандығын түсіндіріп, жаңарған кітапхана оқырманға толы болуын тіледі.
Шашу шашқан әжелердің тәттісін терген көпшілік кітапхананың ішіне енді. Жаңа дүние деген – жаңа. Көз тоярлықтай талғаммен жасалыпты. 68 мың кітап қорымен қамтылған кітапхананың ендігі жерде әдеттегідей оқырман залымен бірге жоғары технологиялық коворкингпен жабдықталғандығын естідік. Екі қабатта да кітап оқуға мүмкіндік бар. Балалар бөлімі бірінші қабатқа орналасыпты. Конференция залы да өзгеше көрінді.
25 орынға арналған коворкинг орталығы кітапхананың ең ұтымды тұсы десек болады. Мұнда студенттер, фрилансерлер, стартаперлер жаңа жобаларын жаңаша ойлармен ортаға салып, ұсыныстарын жүзеге асыра алады екен. Интернет залда ИРБИС бағдарламасы арқылы Қазақтың ұлттық электрондық кітапханасының электронды қорына кіруге мүмкіндік туды. Бұл дегеніңіз бұрындары қол жетпейтін тамаша мүмкіндік. Кез келген іздеген дүниеңізді бір нүктені басу арқылы қол жеткізе аласыз деген сөз.
Жыл сайын кітапхана қорына 3 мыңға жуық жаңа кітаптар түсіп отыратынын, олар тек сөрелерді толтырмай, цифрландырылғандығын айтқан кітапхана директоры Аида Турсунова мынандай ғимаратта жұмысымыз да сапалы болуы тиіс деген ойын жеткізді.
«Оқитын ұлт» жобасын ұсынған мемлекет басшысының тапсырмасы жүзеге асты деп бағалайық. Енді біздің ауданның кітап оқитын тұрғындары үшін барлық мүмкіндіктер жасалды. Балалар кітап оқу арқылы ойлау қабілеттерін көтерсе, аға буын мәдениетті түрде тынығып, әңгіме-дүкен құрып, білімдерін үстемелей алатын орын бар. Киелі орынның оқырмандары көбейіп, білімді жастарымыз бас қосатын, біліммен таласа алатындай алаңына айналса нұр үстіне нұр болмақ.
Баян МАМЫРБАЕВА
