Басты бет Өңір тынысы ҚЫЛЫШЫН СҮЙРЕТІП ҚЫС КЕЛДІ, ӘЗІРЛІГІМІЗ ҚАЛАЙ?..

ҚЫЛЫШЫН СҮЙРЕТІП ҚЫС КЕЛДІ, ӘЗІРЛІГІМІЗ ҚАЛАЙ?..

0
1,782

Аудан әкімдігінде өткен алқа мәжілісінің жұмысын бастаған аудан әкімі Шухрат Нурахунов күн тәртібіндегі алғашқы қыс мезгіліне дайындық мәселесі жөнінде өзінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетовке сөз кезегін берді. Жылыту маусымына дайындықтың бұдан біраз уақыт бұрын басталғандығын тілге тиек еткен баяндаушы бюджеттік саладағы 109 нысанның 142 қазандықтарына дайындық жұмыстары жүргізілгендігін айтты. Атқарушы органдар, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, кітапхана, балабақша, әлеуметтік салаларды тізбелеп, бүгінгі күнге дейін қажетті отындардың, яғни көмір мен дизельді отынның жоспарланған мөлшері келмегендігін сын тезіне алды.


Мәдениет саласына қазан айы басталса да әлі күнге отын-көмірдің жеткізілмегендігін, білім саласының бұл бағыттағы жұмыстарының олқылығына ренішін білдірді. Ал жеткізілген сұйық отынның сапасына күмән тудырылып, оны арнайы сараптамаға жібергенде сапасының сын көтермейтіндігі анықталған. Сондықтан «КазСтройGroup» ЖШС-ның бұл әрекеті сотқа берілгендігін де жасырмады. Сүмбе орта мектебінің жылыту маусымы барысында қанша от жағылса оның жылымайтындығы, ғимараттың әбден көнергендігі, есік-терезелерінің ескіргендігін және жылу жүйесінің бұрыстығын айтып, күрделі жөндеуді талап ететіндігін жеткізді жиылғандарға. Көптеген мектептердің бір қабатты терезе әйнектерін ауыстыратын уақыттың өтіп кеткендігін де жасырмады. Сондай-ақ біраз жылдан бері аудан тұрғындарына жағымды жаңалық боп келген газ беру мәселесінің де тұралап қалғандығын, бюджеттік мекемелердің қаржыландыру жоспарында газбен жылыту пештерін орнатуға сметалық жобалау құжаттамаларын әзірлеуге қаражат қарастырылмағандығын да ескертті.
Осы мәселеге қатысты аудандық білім бөлімінің басшысы Адылжан Аширов, аудандық аурухананың бас дәргері Мәншүк Долаева, Шонжы ауылының әкімі Адылжан Курбаниязовтар сөзге шықты. Аудандық денсаулық сақтау саласындағы жағдай оңды шешілген, жылыту жүйелері дайын, қажетті отын, көмірлер жеткізілгендігін ұқтық. Ал білім саласында мұндай дайындықтың жоқтығына көзіміз жетті. Бірақ аз күнде олардың бәрі де қалпына келетіндігіне бөлім басшысы сендірді. Шонжы ауылының әкімі көп қабатты үйлер, оның ішінде 40 пәтерлі екі үй тұрғындары орталықтан жылытылатындықтан олардағы өткен жылдың берешектері әлі толық жиналмағандығы, бірақ оның да шешімін табатындығын түсіндірді. Жалғызілікті, аз қамтылған қарттарға отын, судан мүмкіндігінше көмек болатындығын айтты.
Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ғайиндин Баратов ауданымызды көркейту үшін құрылыс нысанына бюджеттен 1 млрд 988 млн 316 мың теңге қаржы бөлінгендігін, өткен жылмен салыстырғанда бұл біршама көп екендігін айтып, су құбыры, кәріз, телефон желісі, электр желісі, автомобиль жолдары бойынша атқарылған жұмыстардың нақты цифрларын келтірді.
Аудан әкімі Шухрат Нурахунов жылытуға байланысты жауапты адамдардан міндетті түрде отын, көмірлерінің жуық арада жеткізілуін талап етті. Сондай-ақ мектептердің қос терезелерін өз күштерімен салуға мүмкіндіктері барлары бұл жұмысты да тез арада орындауларын, әсіресе білім саласының жұмысы жандануы үшін директорлардан қатаң сұралатындығын ескертті. Алқа мәжілісінде қаралған мәселелерге өз атынан біраз қосымшаларды енгізіп, барлық басшылардың өз мекемелерінде қыстың көзі қырауда жылусыз қалмауына аса жауапкершілікпен келулерін сұрады. Алқа мәжілісінің жұмысын бірлікпен, ақылдаса отырып шешейік деген жақсы ниетпен қорытындылады.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫР САҚТАҒАН САРЫТОҒАЙ

Адамзатпенбіргежасасыпкележатқанбірдүниеболса, ол – тарих. Тарих – өткеніңді бағамдатар, с…