Басты бет Тағзым ҚАРИЯСЫН АЯЛАҒАН ЕЛ АРДАҚТЫ

ҚАРИЯСЫН АЯЛАҒАН ЕЛ АРДАҚТЫ

0
1,316

Өткенін құрметтейтін, үлкенін арқа тұтатын халықтың ұрпағымыз. Біз үшін қариялар – үйдің де, қоғамның да берекесі. Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі інілеріне ізетін аямайтын, артынан ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарын құрметтейтін жылына бір рет келетін қарттар күні аудандық мәдениет үйінде әр ауылдан келген қариялардың бас қосуымен өтті. Аудан әкімі Шухрат Нурахунов жүрекжарды тілегін жеткізіп, үлкенді сыйлау, оларды төрге отырғызу ата-бабадан келе жатқан салт екендігін айтып, бүгінгідей тамаша күні оларға жақсы тілек, жылы сөздерін арнап, аудандағы барша қарттарды айтулы күндерімен құттықтады. Сонан соң әр салада еңбек етіп, бүгінде зейнеткерліктің дәмін татып отырған біраз ақсақалға өзінің ізгі тілегі жазылған «Алғыс хатын» табыстады. Бағалай сыйлығын да ұсынды. Құттықтау тілекті әнмен жалғастырған «Жазерке» ансамблінің мүшелері ақсақалдарға әннен шашу шашты.
Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Нурвәг Сейитов ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толғандығын, оның алғашқы ұйымдастырушылары жөнінде, аудан көлемінде аталмыш ұйымның атқарып отырған жұмыстары жайында толық мағлұмат берді. Өмірді көрген, көкіректері алтын сандыққа айналған қатарластарын қарттар күнімен және ұйымның 30 жылдығымен шын жүректен құттықтап, ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып отырған олардың жұмыстарына табыс тіледі. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Арзу», «Жазерке» ансамбльдерінің концертттік бағдарламалары да тек қарияларға арналды. Әуесқой әнші Мұхамжан Берікболдың орындаған «Жігіттерге өсиет» термесі де әркімнің жүрегіне дөп тиіп, отырғандарды желпіндіріп тастағаны да рас.
Шежіреден сыр шертіп жатқан ұдай,
Кеудесі асыл, қазына қарттарым-ай.
Ортамызда қарайып жүре берсін,
Қарттарыма қуат бер, патша Құдай, – деген әдемі жыр жолдарымен қарттарға арналған мерекелік шара да өз мәресіне жетті.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …