Басты бет Әр қилы ӨЛЕҢГЕ ӘРКІМНІҢ- АҚ БАР ТАЛАСЫ…

ӨЛЕҢГЕ ӘРКІМНІҢ- АҚ БАР ТАЛАСЫ…

0
11,883

Бүгінде елдің бәрі ақын. Қит етсе, әр сөзімізді өлеңмен өрнектегіміз келіп тұрады. Екі ауыз сөз құраса, ақын атанады. Қара сөздің қадірін кетіріп, келемеждеп жүрсе де, шимай-шатпақ жазғанның бәрі жазушы болды. Әйтеуір ел арасында белгілі, белгісіз «тума таланттар» көбейді. Тіпті мектеп оқушыларын ұстаздар өлең құрап кел, айтыс жасаңдар деп әуреге салады. Мұндайда шамасы келген шабады, шамасы келмеген лағады. Әйтеуір өлең деген осы екен деп төрт жол бірнәрсе табады. Әлгіні аспандатып, арқа-жарқа болып, оқушыларымыз өлең жазды деп баспасөзге ала жүгіреміз. Жарияламаса, ренжиміз. «Баланың бетін қақты» деп наз айтамыз. Ал БАҚ бетінен жарияланған соң елдің бәрі өлең деген осы екен деп қағаз бетін шимайлауға әуестенеді.


Әрине, әдебиет әлемін танып, рухани бай болғанға не жетсін? Қара сөздің құдіретін сезінген адам ең бай адам менің пікірімде. Бірақ сөз қадірін кетіріп, кейінгі буынды адастыру үлкен күнә. Бүгінде ғаламторда, әлеуметтік желелерде «өлең» деп айдар тағылған дүниелер көп. Мысалға мына жолдарды оқып көрелік.
«Мен сені алғаш рет көргенімде
Бойымды бойлап бір сезім өткеніме
Жүрегіме ауыр тиді
Сен қасымнан кеткеніңде
Барсам ба деп сені тоқтатуға
Ұстап тұрып сезімімді ақтаруға
Оған бірақ кім сене қояр
Деп ойлап қала бердім өз орнымда
Ойлай бердім ойымнан шығаралмай
Өкінішке толы жүрек кінә артқандай
Кім біліпті мұндай да боларын
Көре салып ғашық болып қалатындай ….» Қарап отырсаңыз, өлең болып өрілген дүние жоқ. Поэзия шын көңілден шыққан сырлы да әсерлі, сезімнің күйін тербейтін құдіретке ие, жаныңды жылытып, жүрегіңді елітетін, өзінің әлеміне еріксіз баурайтын құдіретті шығарма емес пе? Ал мынадан қандай сезім, қандай әсер аласыз? Тағы бірін мысалға келтірейік.
«Өмірімнің өтіп жатқан кезеңі
Бос уакытпен қиялдаумен өтеді
Сол уакыттар ойланумен өткенде
Армандаумен қиялдаумен кетеді
Уакыт шіркін қайта айналып келгенде
Босқа өткізбе пайдаланып сол кезді.
Іске асырып қиялдаумен арманды
Қуанышты сәттерінің өмірдің».
Өмір қайта айналып келмейді. Бос кеткен уақытың өтті, кетті. Ал мұндағы «Уакыт шіркін қайта айналып келгенде, Босқа өткізбе пайдаланып сол кезді» деген не сандырақ болғаны?
«Міне енді, жүректе кері шегінді,
Кетем енді, табармын бір емімді,
Кім екен сендегі иелеген,
Мен ие болып мен сүйген еншілеген ерінді.
Бөлек етіп, енді оның егесін,
Бақытты етіп, өміріңді сүресің,
Бірақ ең алғашқы махаббатың мен едім,
Ең болмаса, мені есіңе алып жүрерсің.
Солай жаным, тоқтады меніңде енді күресім,
Бір сені сүйгенімді, сенде білесің,
Сүймедің сен мені, шын жүрекпен,
Жоқ енді, менің сенде үлесім».
Кілең махаббат, сүю, күю… Селт еткізер теңеу де жоқ. Өлеңнің техникасы да сақталмаған. Буын, ұйқас, бәрі жан-жаққа шашыраған. Ал енді Абай атамыздың мына бір төрт жол шумағына назар аударыңызшы.
«Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды». Көз алдыңа келбеті келіскен, сұлу да сымабтты қазақтың қызы келеді. Ақынның жүрек лүпілі сөз сиқыры арқылы әдемі жеткізілген. Ал ақиық ақын Мұқағали:
«Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге,
Ақ қанат құсым менің кеткенің бе?
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып,
Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе?» деп жырлайды. Аяулысын ақ қанатты құсқа да, қолы жетпес күнге теңейді. Ақындар поэзиясында теңеудің көптеген түрлері бар болмысымен, қиысымен қолданылған. Ал жоғарыдағы өлең деуге тұрмайтын шатпақтарда теңеудің жұрнағы да жоқ.
Аудандық газет болған соң бізге де әртүрлі мағынадағы хаттар келеді. Әсіресе, жыр жазып келушілер саны көп. Кейбірі әжептәуір ойы бар, салмағы бар, өлең құрылысын сақтап жазылған тәуір дүние болады. Ал бірі не мазмұн, не мән жоқ, өлең деп жазылған. Солардың бірін, авторын атамай көрсетсек.
«Тынысын сол ғасырдың тыңдадың ба?!
Көңілің қалып бәрінен сен «аһ» ұрдың ба?
Сол ғасыр – сенің жүрек сағатыңдай,
Сағатың өткен ғасырға жеткізбей тынбады ма?» өлеңнің қандай деңгейде жазылғанын, ойлы оқырман, өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Бұл – ауданда аты аталып, мінберлерде көпке сөз арнап жүрген жандардың бірінің өлеңі. Ал енді қолымызға тиген бір кітапты ашып, ішіндегі өлең жолдарына зер салдық. Өлеңнің құдіретін түсіріп, сөздің сыйқын кетірген «қаламгердің» әр сөзін оқып отырып жылағымыз келді. Сол дүниелерді топтастырып, кітап етіп шығарған баспагерлерге ашындық.
Мұзбалақ ақын Мұқаңа арналған бір өлеңді оқып көрелік.
«Мұқаңнан ешқандай ақын асқан емес,
Аңыз болып қалғаны бекер емес.
Ортамызда өлген жоқ әлі тірі,
Өлең-жыры ойымнан кетер емес». Ары қарай оқуға тырысып та көрмедік. Өйткені «қазақтың күпі киген қара өлеңі» өлді емес пе, мынадай сөздерден соң. Кешегі Мұқаңдар мен тұма өлеңнің томағасын шешкен Тұманбайлар мынадай жолдарды оқыса, егілер ме еді? Кім білсін?..

Ұлы Абай:

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?», – дейді. Ендеше «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» таппасақ, құдіретті сөздің қадірін қашырмай, ұрпақ алдында абыройымызды түсірмейікші, ағайын! Ой салу бізден, ойлану сізден!

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

УНИҢ ҺАЯТИ ӘМГӘК БИЛӘН ЖУҒИРИЛҒАН

Кеңәш дәвридики өтмүшни әскә алидиған болсақ, түрлүк иш қойнида әмгәк әткән инсанларниң қи…