Иә, Тәуелсіз Қазақстан – Отанымыздың шекарасын күзету – шекарашыларға ғана жүктелмеген. Бүкіл халық қорғайды. Әсіресе, «Шекараны бүкіл ел қорғайды» ұраны шекара өңірінің халқына етене болып кеткені туралы біз бұрын да талай рет қалам тербедік. Ел шебінде дер кезінде қырағылық танытқаны үшін шекара басқармасы, департамент басшылары тарапынан және ҰҚК Шекара қызметі директорының бұйрығымен марапатталған ерікті жасақшылар да аз емес. Дегенмен, 2025 жылдың көрсеткіші бойынша дараланған 30-ға тарта ерікті жасақшы облыс әкімінің ақшалай сыйлығын иеленгені алғаш рет. Бүгінгі мақаламыз да осы туралы.
Айта кетерлігі, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің учаскесіндегі Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Нарынқол» шекара бөлімшесінің тарихы 1921 жылдан басталады. Осыған қарап-ақ, біз жоғарыда тілге тиек еткен «Шекараны бүкіл ел қорғайды» қағидасының күні кеше пайда болғанын білдірмейді. Тағы мұны осы өңірде туған балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев та өзінің шығармаларында пісенттей түседі. Мәселен, жазушының «Бурыл» деген әңгімесінде: «… Осы поселіктің тап іргесінде, су бойында шекаралық застава бар. Ондағы шекарашылар мен колхоз адамдары бауырмал, аралас-құралас. Қажет болған жағдайда шекарашыларға көмек етіп, қол ұшын беру үшін колхозшылардан құрылған жасақшылар тобы бар. Оның басқарушысы да осы Кәрім. Соңғы бір-екі жылда жай адамдардан құрылған бұл топ айласын асырмақ болған бірнеше шекара бұзушыларды ұстап, заставаға табыс етті. Ұсталғандардың ішінде не бір сұм-сұрқия қауіптілері де бар көрінеді…», деген жолдар бар. Өзінің өміршең шығармаларымен оқырманын әп-дегеннен баурап алатын Бердібек ағамыздың қаламына арқау болған жасақшыларды «кешегі, бүгінгі» деп бөліп-жаруға болмайды. Міне ғасырдан асып барады, жергілікті тұрғындардың шекарашыларға көмек қолдарын созып, ауыл шетінен өткен бейсауат адамды көрген бойда шекаралық бөлімшеге дереу хабар беретіні…
… 2025 жылғы айшықты оқиғалардың бірі, Алматы облысының шекаралық өңірлеріндегі Райымбек, Кеген, Ұйғыр және Жамбыл аудандарының 30-ға тарта тұрғыны облыс әкімінің ақшалай сыйлығымен марапатталды. Осы аумақтағы шекара бөлімшелерімен тығыз қарым-қатынаста болып, шекара режимін бұзушыларды ұстауға көмектескендері үшін. Бұл – шекарашылар күзететін учаскелерде мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысатын малшы, қойшы, диқандар. Әрине, оларды Райымбек және Қарасай ауданы бойынша шекара басқармаларының басшылары да өз құқықтарымен марапаттап, шекарашылар атынан өз алғыстарын жеткізді…
Негізі, қолдарында «ерікті жасақшы» екенін растайтын куәлігі бар көмекшілер қырағылық танытып қана қоймайды, олардың арасында көктем шығысымен шекараға аттанатын барлау-із кесу топтарына жол бастаушы болатындар да бар. Таудың әрбір сайы мен төбесін, соқпағын, шатқалын өзінің бес саусағындай білетін олардың шекарашыларға тигізетін көмектері зор. Осы орайда, біз дүние есігін жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туған ауылында ашқан, өңірге аты жайылған аңшы Дәулет Дәулетбаев ағамызға тоқталмай кете алмаймыз. Өйткені, Нарынқолдағы ерікті жасақшылардың «абызы» деп атауға әбден лайықты Дәулет ағамыз өзінің саналы ғұмырында қаншама шекара бұзушыны ұстауға көмектесті.
Міне, осылай. Осыған дейін кеудесіне медаль тағып, мақтау қағаздарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталып келген ерікті жасақшылар енді бұдан былай облыс әкімінің ақшалай сыйлығының иегеріне айналатын болады. Дараланса, әрине! Сондықтан, қырағылық пен отаншылдық рух – шекарашыларға ғана тән қасиет емес. Мұны өзін ел шебінде шекарашы санайтын жергілікті тұрғындардың бойынан да кездестіресіз!
Т. ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі
