Басты бет Еңбек адамы ӨЗ ІСІНЕ БЕРІЛГЕНДІК

ӨЗ ІСІНЕ БЕРІЛГЕНДІК

0
32

«Прима Кұс» құс фабрикасы аудан халқы үшін табыс көзі ғана емес, алып өндіріс орны мен кәсіби мамандарды дайындайтын орынға айналды десек артық айтқандық емес. Еңбек жолдарын өндірістің алғашқы іске қосылған күнінен бастап, жұмыстарын ең  төменгі сатысынан қолға алып, маңдай терлерін төгіп, үлкен табыстың өз ісіне деген шынайы сүйіспеншіліктен келетіндігін дәлелдеп жүрген жандар баршылық. Мұндай адамдар кез келген ортаны жандандырып жібере алады. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз Айгүл Шаяхметова мен Желил Розахуновтарды дәл осындай туған жеріне туын тіккен азаматтар деп атауға болады.

Айгүл Шаяхметованың әркез күліп жүретін  мінезі кез келген ауыр өнеркәсіптің жұмысын жеңілдетіп жіберетіндей көрінеді. Қашан көрсең жайраңдап, жан-жағына шуағын шашып жүргені. Ол құс фабрикасының алғашқы жұмысқа қосылған күнінен бері өндірістен қол үзген емес. Күні кеше ғана болғандай есіне алады сол күндерді. Қарапайым жұмысшы болып бастаған еңбек жолында өзіне аса жоғары жауапкершілікті арқалаған ол айналасындағыларға сенім арқалатты. Бройлер – ол үшін тек қана өндірістік көрсеткіш қана емес, ол күтім күтетін  «тірі жан», оларға да аналық мейірім керектігін жан дүниесімен түсініп, мейрімін төкті. Соның арқасында діттеген мақсатына жетті.

– Құстармен жұмыс істейтіндерде жүрек болуы керек, оларға тірі жан деп қарап, басқаша сезіммен көңіл бөлінгені жөн. Олар салғырттықты, келеңсіздікті кешірмейді. Балапандар да сәбилер сияқты тек жем, суды қажет етіп қоймайды, оларға да қамқорлық пен мейрімім аса қажет. Егер жан тәніңмен қамқорлық көрсеткең, олар да солай жауап қатады, – дейді Айгүл. Өзінің жан тәнімен кіріскен жұмысы, оған қоса темірдей тәртіпті жақсы көреті мінезі үлкен жетістіктерге жеткізгенін көрдік. Бройлер цехының әкімшісінен 12 аймақтың шебері деген лауазымға дейін өскендігі өзінің еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің биіктігінен деуге болады.

Әрине кез келген жұмыста табысқа жету үшін оның артында демеуші, қамқоршы отбасы болуы – заңдылық. Оның шаңырағында қолдау көрсететін отағасы, ақыл айтатын енесі  және еңбекқор төрт баласы тұр. Үйдегі бірдекіл малдың күтімі еңбекке ерте баулынған балалардың еншісінде. Егер Айгүлді өндірістің жаны десек, оның әріптесі Желил Розахунов техникалық діні деуге келеді. Оның көмегі – сенім мен тәртіппен байланысты. Ол да құс сою цехының слесарь-механигі қызметінен жұмысын бастаған. Ал бүгінде ол аса тәжірибелі маман ретінде алып өнеркәсіптің бүге-шігесіне дейін білетін нағыз шебері атанып отыр. Өз пікірін айта алатын, қиын-қыстау сәттерде одан шығатын жолдарды жақсы білетін азамат ең төменгі баспалдақтардан кезең-кезеңімен өтіп, бүгінде учаске басшысына дейінгі баып өткен жолы кейінгілерге үлгі-өнеге болмақ.

Бұл кейіпкеріміз таңғалатындай тағдырды басынан кешкен, жан-жақты дарынды жігіт. Алғашқы меңгерген мамандығы – аспаз. Одан кейін дәнекерлеуші және механик-жүргізуші мамандықтарын қосымша меңгерген. Айгүл сияқты оның да өмірдегі ең үлкен қолдаушылары отбасы мүшелері. Жан жары мен төрт баласы. Отбасы үшін ол тек асыраушы ғана емес, үлгі тұтар тұлға.

Заманауи агросалада компьютер мен автоматика еңбек адамының жұмысын әлдеқайда жеңілдетіп тастаған. Дей тұрғанмен, ешқандай техника адам жүрегімен жасалатын жұмысты алмастыра алмасы анық. Дәл бүгінгі біздің кейіпкерлеріміздей жандар ғана өз елінің нағыз патриоттары мен еңбек майталмандары атана алады. «Прима құс» өндіріс орнының жұлдызын жағатындар да осылар.

Әнел ҚАПАР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ФЕРМЕРСКИЙ ТРУД БЕЗ ПОТЕРЬ

Пока календарная зима проверяет аграриев на прочность, животноводы Уйгурского района сохра…