الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Қоғамда бейбіт, тыныш өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін – Ислам. Қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға және Оның Елшісіне бас иіп бағыныңдар! Сондай-ақ бір-бірлеріңмен жанжалдаспаңдар! (Олай істер болсаңдар) үрейге түсіп, күш-қуаттарың азаяды. Сонымен қатар сабыр етіңдер! (Өйткені) Алла сабырлы жандармен бірге болады», – деген («Әнфәл» сүресі 46-аят). Өзара ынтымақ пен татулыққа, сүйіспеншілік пен қолғабыс көрсетуге шақырып, бөлінушілік пен дұшпандықтан сақтандыратын Ислам діні. Құран мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері мұның айқын дәлелі. Мәселен, Алла Тағала Құран Кәрімде бізді бірлікпен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят). Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес», — дей отырып біздер үшін бірлікпен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген. Сондықтан, Қазақ елінің бірлігі – мемлекетіміздің кілті.Қазақ халқында бірлік пен береке жайлы, «Іргесі берік елді жау алмас, аузы бір елді дау алмас», «Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ», – деген т.б. көптеген даналық сөздер мен мақал-мәтелдері бар. Мұсылмандар ешқашан бауырмалдық сезімдерін жоғалтпай, бөлінушілікке жол бермеулері қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Сендерге бірлік пен ынтымақта болуды, бөлінуден сақтануды насихат етемін. Өйткені шайтан жалғыз кісімен бірге, ал екі кісіден аулақ болады. Жаннаттың дәл ортасында болуды қалаған жан мұсылмандардан айырылмасын», – деген. Алла Тағала адамзат баласын «Бөлінбеңдер», деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.Күллі адамзатқа ортақ құндылықтардың бір – дін. Дін рухани байлық пен ізгіліктің, татулықтықтың, сабырлықтың, төзімділіктің, барша жақсылық атаулының бастау жолы. Деструктивті ағымдарға қарсы тұру жолдары
Бірінші: дұрыс діни білім алу
Құран мен сүннетті түсінуде орта жолды ұстанған ғұламалардың еңбектеріне жүгіну керек. Деструктивті және радикалды ағымдардың таралуының басты себебі – нақты, жүйелі діни білімнің жоқтығы. Көптеген адамдар шала түсінікке сүйеніп, интернеттен немесе бейресми көздерден алынған мәліметтерге сеніп қалып жатады. Ал шариғат ілімі – әркімнің өз бетінше талдай салатын қарапайым ғылым емес, ол – терең тәлімге негізделген жүйелі білім.
Алла Тағала Құранда былай дейді: «Егер білмесеңдер, шынайы білім иелерінен сұраңдар»(«Нахл» сүресі, 43-аят).
Бұл аят бізге ілім алу үшін сенімді, білікті ғұламаларға жүгінуді бұйырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да: «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді»(имам Бұхари). Демек, дұрыс діни білім – адамның жүрегін тазартатын, ойын түзей алатын және деструктивті идеялардан сақтайтын рухани қалқан.
Қазақ халқы да діни білімге ерекше мән берген. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» – деп, бабаларымыз ілімнің қуатын жоғары қойған. Сондай-ақ, «Білім – нұр, надандық – зұлмат» деген сөз исламмен үндес келеді. Сондықтан әрбір мұсылман өз отбасында, балалары мен жастардың арасындадұрыс діни түсінікті қалыптастыруға күш салуы қажет. Білімсіздік – адасушылықтың бастауы, ал ілім – тура жолдың шамшырағы. Дұрыс діни білім алу – деструктивті ағымдардың уына қарсы ең мықты ем. Білімі бар мұсылман – ешқашан жалған пәтуаға ермейді, қоғамның тыныштығын бұзбайды, керісінше, елдің бірлігі мен иманның беріктігі үшін қызмет етеді.
Екінші: дәстүрлі діни бағытқа беріктік
Қазақстан мұсылмандары ұстанатын Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – теңгерімді, бейбіт бағыт. Ислам – әлемдік өркениетке бағыт беруші, адамзатқа бейбіт өмір мен әділеттілік сыйлаған кемел дін. Дегенмен, діннің шынайы мәнін дұрыс түсінбеу, оны әркім өз ойынша жорып алу – қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан мұсылман үшін дәстүрлі діни бағытқа беріктік – иманды, қоғамды және мемлекетті тұрақтылықта ұстайтын ең маңызды қағидалардың бірі. Біздің халқымыз ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын және Имам Матуриди ақидасын ұстанып келеді. Бұл бағыт – ақыл мен нақылды (аят пен хадисті) үйлестіріп, дінді қоғамның өмірімен сабақтастырған теңгерімді мектеп. Осы екі негіз – қазақ халқының діни дүниетанымының іргетасы болып келеді. Сондықтан дәстүрлі бағытқа беріктік – дін мен елдің тұтастығын сақтау деген сөз. Бүгінгі таңда радикалды және деструктивті ағымдар дәстүрден ажыраған, өз бетінше түсінік қалыптастырған топтардан шығып отыр. Мұндай ағымдарға қарсы ең қуатты қорған – ислам түсінігіне беріктік. Дәстүрлі діни бағыт – үмметтің бірлігі мен елдің тыныштығын сақтайтын жол. Оны ұстанған мұсылман – елін сүйеді, иманын сақтайды, өз ортасына үлгі болады.
Үшінші: жамағаттан ажырамау
Әр мұсылман қоғамнан, мешіттен, имамнан алыстамауы тиіс. Ислам дінінде жамағат ұғымы ең маңызды рухани және әлеуметтік құндылықтардың бірі. Себебі, жамағат – иманның қорғаны, қоғамның бірлігінің кепілі. Ал жамағаттан ажырау – әлсіздік пен адасушылықтың бастауы. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім жамағаттан бір қарыс ажырасса, ол өзінің мойнындағы Исламның жамылғысын шешкенмен тең», – деген (имам Бұхари). Бұл хадис – жамағаттың Исламдағы орнын айқындап беретін аса маңызды ескерту. Жамағат – тек мешіттегі намазда жиналған адамдар ғана емес, ол – ортақ сенім мен мақсатқа ұмтылған мұсылман қауым. Жамағатпен бірге болудың пайдасы адамдар арасында бауырластықты сезімін арттырып, өзгеге қол ұшын беріп, әрдайым қоғам үшін пайдалы іспен айналысуда. Қазақ халқы да жамағат ұғымына ерекше мән берген. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген мақалдар, жамағаттың мәнін терең түсінуден туған даналық сөздер. Біздің ата-бабаларымыз әр істі ақылдасып, елдің игілігі үшін бірлесе шешкен. Бұл – жамағат рухының ұлттық сипаттағы көрінісі. Жамағаттан ажырамау – иманды сақтау, қоғамды қорғау және елдің бірлігін нығайту деген сөз. Әрбір мұсылман өз мешітіне, өз жамағатына, өз имамына берік болуы керек. Өйткені бірлік бар жерде береке, ынтымақ бар жерде Алланың мейірімі орнайды.
Қорыта айтқан ислам – бейбітшілік пен бірліктің діні. Бұл дін адамдарды жікке бөліп, алауыздыққа емес, керісінше, жамағат болуға, ынтымақ пен татулықта өмір сүруге шақырады. Ал жамағаттан ажырау – иман мен тұрақтылықтан алыстаудың, ал деструктивті ағымдарға еріп кету қоғамның тыныштығын бұзудың жолы. Деструктивті діни ағымдардың тамыры – жамағаттан оқшаулану. Сондықтан оларға қарсы тұрудың ең тиімді жолы – дұрыс діни білім алу, дәстүрлі діни бағытқа беріктік таныту, және жамағаттан ажырамау. Осындай ұстанымдар арқылы ғана біз ел ішіндегі бірлікті сақтап, рухани қауіпсіздігімізді нығайта аламыз.Қазақ халқы ежелден ынтымақ пен бауырмалдықты қасиет тұтқан. Бұл – біздің ұлт ретінде де, мұсылман үмметі ретінде де өмір сүруіміздің кепілі. Алла Тағала баршамызды иманды, ілімді, бірлікті сүйетін, жамағатпен бірге болатын құлдарының қатарына қоссын! Елімізде бейбітшілік пен татулық орнап, дініміздің нұры мәңгі жарқырай берсін!
Алмат ӘБДІМҮТӘЛІПҰЛЫ,
ауданның бас имамы
