Басты бет Саясат КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

0
19

Қазақстанда жаңа Конституция жобасының жариялануы қоғам өміріндегі маңызды кезең болып отыр. Бұл құжат елдің алдағы дамуына бағыт-бағдар беретін негізгі заң ретінде ұсынылуда. Жобаның ашық түрде жарияланып, халықтан ұсыныс қабылдануы – мемлекеттік басқаруда ашықтық пен жауапкершіліктің артқанын көрсетеді.

Құжатта мемлекеттіліктің іргелі қағидалары нақты белгіленген. Елдің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілген. Бұл – мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты негіз.

Жаңа Конституция жобасында адам құқығына ерекше басымдық берілген. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде адамның өмірі, бостандығы мен құқықтары көрсетілген. Бұл бағытта нақты құқықтық кепілдіктер қарастырылған. Кінәсіздік презумпциясы сақталып, азаптауға, адам қадірін қорлайтын әрекеттерге жол бермеу көзделген. Өлім жазасына тыйым салу нормасы да өзгеріссіз қалдырылған.

Құжатта заманауи талаптар да назарға алынған. Жеке өмірге қол сұқпаушылық пен дербес деректерді қорғау мәселесі Конституция деңгейінде бекітілген. Бұл –  цифрлық дәуірдегі азамат қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі.

Әлеуметтік саясат та жаңа деңгейге көтерілген. Отбасы институтын қорғау, ата-ана жауапкершілігін арттыру, баланың құқықтарын сақтау мәселелері басты назарға алынған. Неке тең құқықты әрі ерікті одақ ретінде анықталған.

Экология мәселесіне де жүйелі көзқарас қалыптастырылған. Табиғатты қорғау  – әр азаматтың міндеті, ал мемлекеттің басты мақсаттарының бірі  – қоршаған ортаны сақтау екені көрсетілген. Бұл – ұзақ мерзімді дамуға бағытталған маңызды ұстаным.

Жаңа жобаға сәйкес бір палаталы Парламент –  Құрылтай құрылып, оның қызметі нақтыланады. Президенттің жеті жылдық бір реттік өкілеттігі енгізіледі. Бұл саяси жүйедегі тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Вице-президент институты да билік сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Конституциялық соттың өкілеттігі кеңейтіледі. Азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін тікелей осы органға жүгіне алады. Конституцияға қайшы нормалар күшін жоятын болады. Бұл – құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтудың нақты көрінісі.

Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы ел дамуына қажетті жүйелі, жан-жақты құжат ретінде ұсынылып отыр. Онда ұлттық мүдде мен заманауи талаптар үйлесім тапқан. Соңғы шешім жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады.

Бұл –  әрбір азаматтың ел болашағына жауапкершілікпен қарауына берілген тарихи мүмкіндік.

Баян МАМЫРБАЕВА,

аудандық «Қарадала тынысы — Қарадала нәпәси» газетінің тілшісі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Большинство опрошенных казахстанцев поддержали Конституционную реформу – директор КИСИ

78% опрошенных казахстанцев поддерживают Конституционную реформу – директор КИСИ Публикаци…