Басты бет Тарихи тұлғалар ҚАЙЫР ХАН АТЫН ӘСПЕТТЕЙІК

ҚАЙЫР ХАН АТЫН ӘСПЕТТЕЙІК

0
44

Отырар қасыреті 1218 жылы ақпан айының ортасында басталды.  Жер қайысқан атты әскер сайын сахараны бетке алып, жортып келе жатты. Қалың әскердің алдында, өзгелерден 50 қадам дерлік қашықтықта астына құйқылжыған құла ат мінген біреу келе жатты. Ол – Қаһанның өзі еді. Қытайдың орталық өңірі, бастыс Лияуды шабуға әзірленіп, әлекедей жаланған монғол қолы неге аяқ астынан айнып, аттың басын бастысқа бұрды. Бұл сұрақтың жауабы да әр қилы дүниені еске салады. Батыс тарихшылары мен сясаткерлерінің ойынша Шығыс хан керуені жәй ғана саудагерлер екен. Шыңғыс хан өз елінің ертеңін, тіпті болашағын ойлапты. Маңғұл елінің де отырықшы болуын, шаһар салуын, өсуін, өркендеуін, сөйтіп ғылым мен мәдениетті меңгеруін аңсапты. Сөйтіп Отырарға аттаныпты. Ақыры адал оймен жіберген керуені жауыздықтың құрбаны болыпты. Соғыс осы себептерге орай басталған деседі. Ал, бұл керуеннің келісін Хорезм сұлтаны Мұқаммед шах мүлде теріске жорыған. Оның ойынша бұл жәй керуен емес.Тіпті елші де емес. Керуен болса адам саны аз болар еді, ал елші болса саусақпен санағандай ғана адам Отырарға келер еді. Демек, бұл қаптаған қарақшы топ. Бұлар Отырардың ішкі және сыртқы жағдайын ішке бүккісі келген жансыздар. Сондықтан да бұларды тек қана өлтіру керек.

Ақыры оның дегені орындалады. Бүкіл керуен мүшелерін өлтіріп, басшысының  кесілген басын оның көмекшісінің мойнына байлап, қара қашырға теріс мінгізіп, елден аластап жбереді. Отырар ойранының тағы бір себебі осы. Шыңғыс хан елшісі турасындағы дерек әр түрлі, біреуіне жіп тағу мүмкін емес. Ал, осы оқиға туралы өз ойын белгілі манғұл тарихшысы Эренжен Хара-Даван өзінің «Чингисхан как полководец и его наследие»/ Алматы «Санат» баспасынан шыққан еңбегінде бұл шындықты растай түседі. «Отырарда 450 саудагердің өлім   құшуы Шыңғысханның арыдан ойлаған қанқұйлы жоспары еді» деп өз ойын түйіндейді.  Айта кетерлігі белгілі орыс тарихшысы И.П.Петрушевский де осы пікірді қолдайды. «Іс жүзінде бұл соғыстың бастамашысы Шыңғыс ханның өзі болды. Ол барлық кінәні Хорезмшахқа арта салып, өзін жергілікті мұсылман тұрғындары алдында Исламның жауы емес қылып көрсете алатындай етіп әзірлей білді» Сөздің расы Шыңғыс хан осы соғысқа дейін де Хорезм сұлтанына әлденеше рет « сүйікті ұлым» деп хат жазған көрінеді.Алайда сұлтан оның жазған хаттарының бәрін де жауапсыз қалдырған. Бұл пікірді танымал жазушы Ә. Кекілбаев те мақұлдайды. «Шыңғыс хан өзімен дәрежелес падишаға  «Сүйікті ұлым» деп хат жазған. Онысы әлі жаулап алмай тұрып басынғандық болатын. Бұл қай дербес мемлекет үшін де озбырлық саналады. /» Талайғы Тараз». Алматы/

Ескі жылнамалардан белгілі Отырар соғысы табандаған 6 айға созылды. Қала әкімі Айланшық сұлтан немесе Қайыр хан еді. Арыстандай айбатты, азулы азамат ештемеден тартынбады. Өзінің ар күш-жігерін, ақылын бойына жинап, құмырсқадай қаптаған жауға қарсы шықты. Шынайы батылдық пен ерліктің қайталанбас үлгісін көрсетті. Шаһар жұртшылығын жұдырықтай жұмылдырып, бір тудың астына жинады. Атылған оққа кеудесін төсеп, жаралы арыстандаай айбат шекті. Ал, шынтуайтқа келгенде қаланың күнделікті жағдайы тым нашар еді. Қала дерліктей қоршауда қалды. Айналдыра ор қазылды. Қалаға кіретін түрлі жолдар жабылды. Су құбырлары істен шықты. Сырттан еш қандай азық-түлік, көмек келмеді. Қала аштықпен қатар шөл азабын тартты. Кісінеген жылқы үні, жарылғыш заттардың дыбысы, аттандаған айғай, аламан шу күні бойы естіліп тұрды. Атылған сұр жебелер мен қоса, қала ішіне түрлі жат пиғылды өтініштер де түсіп жатты. Алақандай қағазшаға жазылған сұрқай сөздерде есеп жоқ. Беріліңдер, бізге бағыныңдар, – дейді. Бас иіп, тізе бүксеңдер, біз сендерге ешбір жамандық жасамаймыз, – дейді. Қала бүлінбейді, үйлерің өртенбейді, ал өздерің аман қаласыңдар дегенді меңзейді. Алайда Айланшық сұлтан мен оның қол астындағылар олардың бұл сөзіне пысқырып та қарамады. Қайта ата жауына деген ыза мен кек бұрынғыдан да өршіп, арта түсті. «… Отырар үшін шыбын жанымыз құрбан. Біз ешқашан жауға бас имейміз. Жауға берілу, оған бас ию біздің ата салтымызда жоқ. Ол сатқындық пен азғындыққа жатады. Дүниеде ең жаман нәрсе сатқындық. Біз сатқын болғымыз келмейлі. Азғын тірліктен азапты өлім артық. Мың бояулы Отырар үшін өзімізді құрбандыққа шалсақ, біз үшін одан өткен абырой жоқ..» деген сипаттағы жазулар тағы да сұр жебеге ілесіп, жау үстіне түсіп жатты. Отырарлықтар әу баста дұрыс айтқан. Жалған дүниедегі ең жаман нәрсе – ол сатқындық. Ақыры сол сатқындық пен азғындық Отырардың түбіне жетті. Хорезмнен пәлен мың әскерді бастап келген Қараша сұлтан, кейде Қарджа Хажиып  деп те аталатын біреу өзінің қарақан басының амандығы үшін қаланың Сұпы қақпасын жауға ашып беріп, өзі Қаһанның алдына барып сауға тілеген. Ар жағы не болғанын елдің бәрі біледі…

Ашық қақпадан анталаған жау сау етіп, ішке кірген. Үйлер өртеніп, дүние отқа оранып, адам өлтіру ата жаудың ойыншығына айналып жатты… Қайыр хан болса 20 000 әскермен қаланың ішкі бекінісіне жасырынды. Дегенмен шайқасты тоқтатпады. Жеңілем деп жасымады.  Тағы да жаралы арыстандай жауға аттанды. Бар жасағы қырылып, дерліктей оққа ұшқан. Өзі биік мұнараның басына шығып кеткен. Жауына сол арадан соққы беріп жатты. Екі қызы мұнараның кірпіштерін суырып, әкесіне берді. Қанша кріпіш берсе, сонша жау жер жастанған.  Айналып келгенде Айналшықтың да соңғы сағаты жақындап еді. Анталаған қалың жау қойсын ба,  ақыры жарадар Отырар оғланын шалма тастап қолға түсірген. Олар осылайша Қаһанның батырды тірі ұстаңдар деген тілегін орындаған. Ал, бұл кезде қалада жаппай тонау, талау жүріп жатты. Мың бояулы Отырар шапқыншылар атының тұяғына тапталды. Кезінде Александриядан кейінгі екінші кітапхана от пен өртке оранды. Әл-Фараби оқыған қасиетті оқу орны төбе-төбе үйіндігі айналды. Айта кетерлігі сол  үйінділер күні бүгінге дейін бар…

Сонымен Отырардың ұлы ханы қол-аяғы байланып, замана жауызы Шыңғыстың алдына жеткізілді.

Көптен бері жауар күндей тұнжырап, қитығып отырған ұлы қан ішер күтпеген тұстан жадырай қалған. Аяқ асты құбылып, өзгеше мінез көрсеткен. Қаршыға көздерінің жанары ұшқындап, жүзіне тосын жылу жүгіргендей болған. Кенет оң қолының алақанын жайып, алдына созды.  Онысы алдына күнәкар болып келген жанға жасаған рақымшылық ишарасы еді. Жендеттер Отырар оғланын қабат-қабат етіп байлаған арқаннан босатқан.  Сәтке болса да қала әкімі азаттық лебін сезінгендей еді. Миығында бір түрлі кекесін күлкі сырғып өткендей болған. «Азғын неме алдап тұр, – деп тіксінді іштей ширығып, – Бұл әсте маған берілген бостандық емес. Бұл аждаһаның арбауы, қулығына құрық бойламайтын қаныпезер тағы нені меңзеп тұр екен. Дейтұрғанмен ажалдың ауылы алыс емес….» Сәлден соң Шыңғыс кесе толы қымызды тұтқынға ұсынған.

– Отырардың оғланы, шөлдеген боларсың, таңдайыңды жібіт. Ал, Отырардың оғланы кесе толы қымызды саусағының сыртымен кері итерген.

– Ішпеймін, өз сусыныңды өзің іш. Адам қанын ішіп, тірлікте одан өзге де сусын барын ұмытып қалған боларсың.

– Шыңғыс бет-аузы жыбыршып, жиіркенішті мырс етті. «Бәсе бұл осындай сойқан салса керек еді. Өзім де осылай болады-ау деп жорып едім. Ақыры бәрі мен ойлағандай болды. Мұндай жаумен көп тәжікелеспеген де жөн болар. Сонда да суыртпақтап, сыр тартып көрейін…»

– Қайыр хан, – деген енді ысылдай тіл қатып, – біз маңғұлдар ежелден ер жүрек халықпыз. Әрнені тани, бағалай білеміз. Әсіресе батырлық пен ерлікті тым жоғары қоямыз. Батырға деген құрметіміз тіптен бөлек. Сол үшінде сен секілді арыстан жүрек, алпауытты ажалға қайтып қиямыз. Сен мынаны жақсы түсін, біз сені өлтірмейміз. Шіркін, тура сендей жүз батырым болса, қара жер менің табанымның астында ыңырситын еді. Былай болсын, – деген енді тіптен көңілденгендей болып, –  сен әуелі тірі қалғаныңа қуан, екіншіден, менің адал құлым бол. Менің қол астымда қызмет ет. Қалаған жайлы жұмысыңды таңдап ал. Әскер басшы боласың ба, әлде ел басқару ісіне аралассың  ба, ол жағын өзің шешетін бол.

«Сұмырайдың алдаусыратуын-ай, – деді Отырар оғланы бар тірліктен түңілгендей болып, – Қарашы қалай-қалай құбылады  жыланның аяғын көрген сайқал неме. Осы әрекетімнен кейінгіге аңыз қалсын деп отыр ғой. Отырардың билеушісі алдыма келіп, аяғыма жығылды. Екі күндік тірлік пен жалған мансапқа қызығып,  қол астымда құлшылық етті дегісі келіп отыр ғой. Жоқ, ол бола қоймас. Мың күндің ез тірліктен, бір күндік ерлік өмір артық.  Мен өз тағдырымды әлдеқашан шешіп қойған адаммын»

– Ол айтқаның бола қоймас, – деген Отырар әміршісі ұлы қанішердің бетіне тура қарап, кез келген дүние сенің ырқыңа көне бермейді. Жарық жалғанда екі аяқты пенде болып тірі жүрсем, сенің дегеніңе көне қоймаспы. Сен өзің де сезіп отырған шығарсың, менің бұл фәнидегі ғұмырым Отырармен бірге опат болған. Ойыңа нендей жамандық келеді, соның бәрін істей бер.

– Онда кейінгіге түрі жаман аңыз қалады.

– Ә, міне, жауыз болсаң да, керекті сөзді енді айттың. Сол аңыз еді менің ендігі ғұмырымның жалғасы.

– Алайда ол аңызды естігенде тірі жан түршігіп, естіген пенде естен танатын болады.

– Азбан Шыңғыс, сен өйтіп сандырақтама, ол аңызды естігенде келер ұрпақ шошымайды, қайта намыс пен кекке қайралғандай болып, жанында жасын ойнайды.

– Ойлан Отырар ханы, мен саған мына жарық жалғанды сыйға тартып отырмын.  Ал, сен ажалға асығасың. Өкініп жүрме!

– Өкінбеймін, алдамшы тірліктен ақ өлім артық.

– Солай де.

– Солай, бұдан ары сенің сандырағыңды естіп, қабан тұмсығыңды көргім келмейді…

Сөз осымен түгесіп еді. Қаһан сол қолының сұқ саусағын шошайтқан. Онысы алып кет дегені еді. Топты жендет Отырар оғланын сүйрей жөнелген. Сол күні Шыңғыс ханның қатал әмірі де орындалған…

Тарихтан тәбәрік болып, бізге жеткен Отырар оқиғасының өзіндік мазмұны осы. Содан бері арада 800 жылдан астам уақыт өтті. Атап айтқанда 805 жыл өтті. Бұл дегеніңіз аз уақыт емес. Табаны күректей сегіз ғасырдың өлшемі. Содан бері қаншама өзгерістер болды десеңші. Талай елді мекен жойылып, талай жердің аты қайта қойылды. Сарқырап су ақты, аңқылдап жел есті.  Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа дейді дана халқымыз. Ал, сегіз ғасыр дегеніңіз бір дәуірге иек артып тұрған жоқ па. Арада осынша мерзім өтті. Алайда Отырар оқиғасы еш ескірген жоқ. Ел жадынан, халық  санасынан өшпеді. Қайта уақытпен бірге өзгеріп, жыл сайын түлеп, түрленіп отырды. Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран деген осы. Тарихта елі үшін, туған жері үшін жанын шүберекке түйіп, отқа да түскен, суға да түскен талай марқасқалар бар. Бірақ Қайыр хандай ерлік жасағаны кемде кем. Айбатынан құты қашқан,  атойлап қарсы шығып, соғыспақ түгіл Қаһанның атын естісе үрейі ұшып,  «балаң болайын, құлың болайын, ел де, жер де сенікі, тек шыбын жанымды қия көрші» деп жер бауырлап, сауға сұраған ұлыстар, ұлттар қаншама. Ал, сол ұлы жаһангермен 6 ай бойы соғысу, алты ай бойы дес бермей, қанды қырғынға төзіп берудің өзі неге тұрады.  Мұндай алапат қырғынға тек Қайыр хан секілді тектілер ғана шыдайды. Көнбіс те көнтері,  қаһарлы да рухы асқақ қазақ секілді халық қана шыдайды. Он үшінші ғасырдан бері аспан асты, жер үстінде ерліктің талай- талай үлгілері болып өтті. Небір апай төс батырлар тарих сахнасына шықты. Алайда олардың ерлігін әсте Қайыр ханмен салыстыруға келмейді.  Қайыр ханның ерлігі бір ғасыр емес, бір дәуірде жалқы рет қана болатын ерлік!

Шыңғыс хан шапқыншылығы Отырармен тоқтамады. Қанды қырғын бірінен кейін бірі жалғасып жатты.  Көршілес қалаларға қауіп төнді.

Әділетсіз соғыс пен басқыншылықты, отарлау мен ұлттық езгіден келетін тарихи  зардапты, жалпы Шыңғыс хан сойқанын ұлы Абай былайша қорытындылайды.

«Жазықсыз жақын елдің бәрін шапты,

Дарияның суындай қандар ақты.

Шапқан жердің бәрін де бодан қылып,

Өкім етіп, қолына тартып алды.

Сығанақ, Бұхара, Самарқан, Үргеніш шаһарлары да апатқа ұшырап, қирап қалды. Әсіресе, Үргеніш түбіндегі шайқас қатты болды. Хорезм шахтың мұрагері Жалол-ад-дин бастаған қарулы қол Шыңғыс жасағының үлкен бір бұлығын талқандап тастайды. Осы сапардағы Шыңғыс әскерінің алғашқы жеңілісі еді.

Қазақстанда не көп бей- берекет қойылған көше аттары көп. Уақытпен үндеспейтін тас мүсіндер де жетеді. Бір қызығы сол себепсіз, қалай болса солай қойылған көше аттарының бірде біреуі Қайыр ханға бұйырмапты. Айта берсе сөз көп. Ал, сол пәтуасыз сөзден іске көшетін мезетте таяныпты. Ештен кеш жақсы.  Ендеше Қайыр хан атын әспеттейік. Ең әуелі өзі қорғаған Отырардан тартып, өзге қалаларға ескерткіш орнатуымыз қажет. Қазақстан республикасы қорғаныс минстрлігі әскери қызметкерлер мен қатардағы сарбаздарға арнап «Қайыр хан» атындағы орден, медальдар шығарса нұр үстіне нұр болар еді. Тек осылармен ғана тоқтап қалмай ұлы хан атында салтанат сарайлары салынып,  түрлі әскери жарыстар, әскери оқу орындарында патриоттық сабақтар т.б. қажетті дүниелер іске асып жатса, елдігіміз тіптен аспандай түсер еді.

Міне, біз Отырар төбесінің шетінде тұрмыз. Көз алдымызда кешегі мың бояулы,  әл- Фараби  білім алған күн сәулетті Отырардың төбе- төбе  болып, топырақ үйіндісі жатыр. Әр- әр жерден бүйірі тесілген тандыр, күйдірген қыш, сынған қылыштың тұқылы, садақтың адырнасы т.б. ескі дүниелер қылаңытады. Алға адымдап, аяқ басу қиын. Өйткені бұл үйінділергеге Қайыр ханның қаны төгілген. Өйткені бұл үйіндінің астында сан мыңдаған отырарлықтардың мәйіті жатар.

Кенет Алла атын ауызға алған бір адам пайда болды. Қарасақ осы Отырар қырғынын көзімен көрген, өзі де Отырар үшін шейіт болған,  ғайыптан тайып, көк аспаннан  рухы  жебеп түскен Боздақ жырау екен. Жырау қалт тұра қалып, тізесін бүкті де, құран сүресін сыдырта жөнелді. Жайшылықта боздап шығатын дауысы  құран оқуға келгенде тіпті күңіреніп кетеді екен.

Алақан жайып, Аллаға сыйындық.  Тәңіріден заманаға беймарал тыныштық тіледік. Тәуелсіздігімізге тәубе еттік!

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,

                                      Қазақстанның Құрметті жазушысы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАРАҚҰЛ БАТЫР

Қоңырбөрік Қарақұл батыр немесе Қарақұл Татанұлы – Ұлы жүз  Албан руының Шыбыл тармағынан …