Қоңырбөрік Қарақұл батыр немесе Қарақұл Татанұлы – Ұлы жүз Албан руының Шыбыл тармағынан тарайтын Татан батырдың ұлы. Қарақұл батыр, шамамен 1682 жылдары Жетісу өңірінде дүниеге келген. Қарақұлдың атасы Қалқаман Өтейұлы да, әкесі Татан Қалқаманұлы да жоңғарлармен соғыс кезінде ерекше ерлік көрсетіп, осы жолда шейіт болған батырлар. Жау қолынан қаза тапқан әкесінен жас қалған Татан батырдың Өмірқұл, Қарақұл, Майлыбас атты үш ұлына алдындағы жалғыз әпкелері Қарашаш қамқор болып өсіреді. Себебі, Қарашаш қыз он бес жасқа толмай жатып Татан батырдың жұбайы, шешеміз де қайтыс болған еді. Қарақұлдың алдындағы ағасы Өмірқұл жоңғармен қақтығыс кезінде қаза табады.
Ізбасардан Малыбай. Осында айта кететін бір мәселе, Қарақұлдың Малыбай тармағын анда-санда жекелеген бауырларымыз кейде әдейі, кейде қалжыңдаған болып «Сендер Қарақұл емес – Өмірқұлсыңдар» деген әңгіме айтады. Бұл әңгімені ел аузындағы аңыздар бойынша жалғастырсақ, Қарақұлдың ағасы Өмірқұл Таңсұлу шешемізді алғаннан кейін, көп ұзамай жау қолынан мерт болады. Ол кездегі сөзсіз орындалатын дәстүр бойынша, Таңсұлу шешеміз қайнысы Қарақұлға қосылады және ол кісі Қарақұлға аяғы ауыр күйінде келеді. Уақыты жетіп, өмірге ұл бала келеді. Ол баланың атын Қарақұл, ағам Өмірқұлдың ізін бассын деген ниетпен Ізбасар қояды. Ізбасардан Малыбай туады.
Демек, бұл аңыз, әңгімелер бойынша Малыбай атаның ұрпағымыз деп жүрген біраз ағайынның, бүгінгі терминмен айтқанда, биологиялық әкесі Өмірқұл да, баққан-қаққан, азамат қатарына жеткізген әкесі Қарақұл болып табылады. Сол себепті, Малыбаймыз деп жүрген ағайын, біріншіден Ізбасармыз дегені дұрыс деп ойлаймыз. Екіншіден, бұл ағайын Өмірқұлмыз десе де, Қарақұлмыз десе де ешбір сөкеттігі жоқ. Қайта, екі әкені біріктіретін жағдай. Оның сыртында, қалайша ағаның баласы інінің баласы бола алмайды? Немесе керісінше ……
Әкесінен жас қалған Қарақұлды үй сыртындағы, ел арасындағы жұмыстарға, сол заманда Қоңырбөріктің басшысы болған, сөзін ұстаған, сабасында үйрек жүзген Тама байдың баласы Сейітқазы би тәрбиелеген.
Жастайынан өжет, батыл болып өскен Қарақұл он төрт жасқа толар толмастан өз ағайындарына болсын немесе жауларына болсын кеткен есесін, кегін жоқтай бастайды. Қарақұлдың атасының, әкесінің батырлығын, қайсарлығын білетін және Қарақұлдың өз басының көкжал болып өсіп келе жатқандығын көріп, сарапқа салып отырған ағайын да, жау да болашақ батырға ештеңе дей алмай талап еткенін орындайды. Нақты деректермен айтар болсақ Қарақұл қазақ-қалмақ жаугершіліктерінің негізінде өмірден ерте өткен ағасы Өмірқұл мен әкесі Татанның құнын даулайды және бұл бағыттардағы жұмыстарда ешкімге есесін жібермей, кегін еселеп қайтарады.
Осындай жағдайлардан бастау алған, Қарақұл бабамыздың қалған ұзақ өмірі елдік пен ерлікке, жерін қорғауға деген батырлыққа, ата баба аруағының алдындағы адалдыққа, ірілік пен кісілікке, парасаттылық пен адамгершілікке, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негізделген.
Жаугершілік замандарда, арғы жағын айтсақ ғұн мен сақтан, бергі жағы түрік пен алаштан, атадан балаға мирас болып келе жатқан Қазақтың ұлан-байтақ жерін жау аяғына таптатпас үшін адам саны мен қолына найза ұстаған сарбаз санының маңызы мен мәнін терең түсінген Қарақұл батыр, «Алаштан аз болсам да, ағайыннан аз болмайын» деп тоғыз әйел алған.
Қоңырбөрік Қарақұл батыр бүкіл саналы өмірін арыдан айтсақ Тәуке, Болат, Абылай хандардың, Төле бидің, Наурызбай батырдың, беріден айтсақ Әлмерек бидің, Ханкелді, Райымбек батырлардың бастауымен жаугершілікте өткізді. Елі үшін, жері үшін, жеткіншек ұрпақ үшін түнде бел шешіп ұйықтамады, күндіз күлмеді.
Жоғарыда айтқан, ел ағаларының бастауымен замандастары Малай, Қасқары, Өтеген, Жанай, Елтінді, Сатай, Аралбай, Есімбек, Шағаман, Қараш, Найманбай, Әжібай, Ердос, Шотан, Атығай және тағы басқа батырлармен бірге қазақ жерінің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысын, шығысын жау қолынан азат етуге белсене араласты. Қарақұл батыр қасиетті Түркістан өңіріндегі Бөген өзені бойындағы шайқастарға, Аңырақай шайқасына, Әулиета мен Алматы өңірлерінде, Тарбағатай өңірінде болған небір қанқасап соғыстарды бастан кешірген. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші осы соғыстардан аман шыққан Қарақұл батыр ұзақ жасап, жүз үш жасында, 1785 жылдарда Албанның аты әйгілі батыры Райымбекпен қарайлас жалғаннан ақыретке жол тартқан.
Биыл туғанына 343 жыл, өмірден өткеніне 240 жыл толып отырған Қарақұл батырдың өмірден өткенінен кейін 9-10 ұрпақ ауысып кетсе де, әлі күнге ел есінде, ұрпақ жадында. Қарақұл батырдың атымен аталатын жер-су атаулары, Түркістан өңірі мен Жетісуда, Семей өңірінде, Қытай жеріндегі Текес тауларында сайрап жатыр.
Ал «Алаштан аз болсам да, ағайыннан аз болмайын» деген бабамыздың ұрпақтары бұл күндері Жетісудағы Қулық тауының солтүстігі мен оңтүстігінде, Шелек, Есік, Талғар, Үлкен және Кіші Алматы, Қаскелең, Шу өзендерінің бойларындағы елді мекендерде, Түркістан, Жезқазған, Қордай өңірі мен сол кісі армандаған мемлекет астанасында бір жерде толығымен, бір жерде шашырай орналасып өмір сүріп жатыр. Олардың арасынан Қарақұл батырдың баласы Досан, немерелері Әлібек Досанұлы, Сәлмен Бөгенбайұлы және Көкіметтей батырлар, Қоқымбай, Аппас, Қасаңбай, Қасен, Қайыңбай, Садығожа, Сарбас, Төлеңгіт, Тыныбай, Көпжан, Әден …. сияқты би – болыстар болды.
Бұл күнде батыр ұрпақтары академик Армен Ырысмендиев, ақын, жазушылар Тұрдақынбай Жексенбаев, Бүбішхан Тікебаева, Аманкелді Сарбасов, профессорлар Әділхан Жанғазиев, Бибігүл Каримова, Қуандық Лебеков, Жанболат Қайыңбаев, Әуезхан Шашаев, құрылыс жұмыстарын ұйымдастырушы Мәулен Серғазыұлы, Бақыт Мұстапаұлы, Нұрболат Сәтімханұлы, дәрігерлер Орынбасар Нағметжанұлы, мүсінші Ербұлан Бағыбаев, ел арасында белсенді, қадірлі ауыл имамы Еркін Жанғазиев және көптеген бауырларымыз Отан игілігіне қызмет етуде.
Тәуелсіздіктің арқасында келген үлкен мүмкіндікті пайдаланып осы күндерде Қарақұл батырды әспеттеу бағытындағы жұмыстарда жүрген ұрпағы Сүмбе ауылында Қарақұл батырға 1999 жылы ескерткіш тұрғызған. Бұл күндері ол кісілердің біразы өкінішке орай өмірден өтіп кетті. Біразы, құдайға тәубе арамызда. Аттарын атап, түстерін түстейтін болсақ олар Сүмбедегі Ақылбеков Әсет, Өскенбаев Мүтәліп, Тәліпбаев Жүкен, Тәліпбаев Тыныс, Мерейімов Мәлік, Шонжыдағы Манапов Сауыт, Қырғызсайдағы Қайыңбаев Тұрсынбек, Алматыдағы Найманбаев Жүзімбай тағы басқалар.
Ел есінен 300 жылдан аса уақыт бойы әр түрлі аңыздар мен әңгімелер негізінде кетпеген, бұл күндері тікелей өзінен тараған ұрпақтары Қазақстанда шамамен үш жарым мыңнан артық отбасы болып (Қытай Халық Республикасында да шамамен осыншама ұрпақтары бар) отырған Қарақұл батырға ескерткіш орнату мәселесі еліміз тәуелсіздік ала салысымен-ақ қолға алынған. Атап айтқанда, бұл мәселенің басында сол кезде Ленин атындағы колхоз төрағасы болып қызмет атқаратын Кемал Әденов, ауыл кеңесінің төрағасы Мәлік Мерейімов, белсенділер Ырысмұхамет Халықұлы, Әсет Ақылбеков, Мүтәліп Өскенбаев, …. сияқты ағаларымыз тұрған.
Жоғарыда есімдері келтірілген ағаларымыздың ұйымдастыруымен және сол кездегі аудан әкімі Владимир Тохтасунов мырзаның қолдауымен мемлекетіміз «Ұрпақтар сабақтастығы жылы» деп белгілеген 1999 жылы ескерткіш қойылған және ескерткіш заңдастырылған («Ескерткіштер – елдіктің белгісі», «Памятники – символы государственности», «Monumenis – the symbois of the statehood» Фотоальбом.-Алматы: «АСА» Баспа үйі ЖШС, 2011. -320 б (Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Бұл кітапқа алғысөздерді, сол кездегі ел Президенті Н.Назарбаев және қоғам қайраткері С. Үмбетов және сол кездегі Алматы облысының әкімі А. Мұсаханов мырзалар жазған).
Демек Қарақұл батырға қойылған ескерткішті билік пен белсенді ағаларымыз, мемлекетіміздің саясатына сәйкес, тағы бір рет нақтыласақ «Ұрпақтар сабақтасығы жылы» қойған және ескерткіш «Тарихи-мәдени мұра» обьектісі мәртебесінде есепке алынған (Есепке алу карточкасы бар). Сол кезеңдерде, Қарақұл батырға Шонжы, Сүмбе ауылдарынан көше аттары берілген. Сол сияқты 2018 жылдың 26 наурыздағы Алматы облысы ономастикалық комиссиясының шешімімен Талғар ауданы, Жалғамыс ауылының Школьная деп аталатын көшесінің аты Қарақұл батыр көшесі деп өзгертілген. 2021 жылғы 18 ақпандағы Сүмбе ауылдық округі әкімі аппаратының мемлекеттік мекемесінің №9 шешімімен Сүмбе ауылы Қасымхан Сәлмекеев көшесінен Саябақ құрылысы үшін 0,5000 гектар жер телімі берілді (Шешім ұсынылады).
2020 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында бес жылда екі млрд. түп ағаш отырғызу туралы тапсырмасына сәйкес аталған ескерткіш айналасы Қарақұл батыр ұрпақтары қаржы жинап қоршап, абаттандырып, бес жүзден аса әртүрлі көшеттер отырғызды және олар бұл күндері саябақ Сүмбе халқы мен қонақтары демалатын, серуендейтін орманды, мәдениетті орынға айналды.
Бұл жұмыстар бұрынғы аудан әкімі Ш. Нурахунов пен аудан әкімінің орынбасары Қ.Исаханұлы мырзалармен келісіліп атқарылды.
Сол сияқты қазіргі таңда аудан әкімі болып отырған Бота Серікқызы Алматы облысы әкімдігінің ішкі саясат департаментінің меңгерушісі болып отырғанда академик А.Ырысмендиев бастаған «Қарақұл батыр» қоры жігіттері ол кісіге екі мәрте барып, Сүмбе ауылындағы саябақты абаттандыру мәселесі бойынша кеңескен.
Қарақұл батыр жайлы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің «Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, институт директоры академик, тарих ғылымдарының докторы З. Қабылдиновтың қол қоюымен ТАРИХИ АНЫҚТАМА берді (14.03.2023 жыл № 155). Тарихи анықтама тіркеледі.
2024 жылы 14 маусымда Шонжыда Алматы облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті, «Қарақұл батыр» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тарихи тұлғалар: жер мен ел тұтастығының кепілдігі» атты Қарақұл Татанұлын ұлықтауға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол облыс әкімі М.Сұлтанғазиев мырзаның сөзімен ашылды және оған Қазақстанның, Қырғыз Республикасының, Ресейдің тарих саласындағы белді ғалымдары қатысты. Облыс әкімдігінен екі департамент директоры, аудан әкімі және аудан әкімінің орынбасары, зиялы қауым өкілдері болды.
Үш жыл бойы жыл сайын Талғар қаласында еркін күрестен Қарақұл батыр атындағы турнир өткізіліп келеді. Қарақұл батыр жайлы кітап жарық көрді. Қарақұл батыр жайлы он шақты мақала республикалық және облыстық, аудандық баспасөзде жарияланды. Қарақұл батыр жайлы интернетте портал бар. Бұл жұмыстар аудан әкімі Б.Серікқызымен және аудан әкімінің орынбасары Е.Толымбекұлымен, Сүмбе ауылдық округінің әкімі Б.Солтыбаевпен келісіліп атқарылып келеді.
Осы жағдайларды ескере келе біз, батыр ұрпақтары Қарақұл батырдың ел үшін, жер үшін жасаған ерлік мұрасын дәріптеу мақсатында жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен елжандылық қасиеттерді дамыту мақсатында және атамекеніміз Сүмбе ауылын мәдени-рухани жағдайына үлес қосу мақсатында 2025 жылдың 27 қыркүйегінде Сүмбе ауылында
- Саябақтың ашылуы;
- Қарақұл батыр жайлы жарық көрген кітаптың тұсаукесері;
- Қарақұл батырға ас бермекшіміз.
Қарақұл батыр жайлы бүгінге дейінгі қолда бар деректер
- Қарақұлдың әкесі Татанның жау қолына түсуі, Татан батырдың мергендігі, жаудың Татан батырдың жауырынын жаралануы, Татан батырдың жаудан азат болуы …
- Татан батырды Қожағұлдың у беріп өлтіруі …
- «Татан даласы», «Татан ауылы» ұғымдарын зерттеу жайлы …
- Қарақұлдың әкесі Татан, ағалары Сарықұл, Өмірқұл жайлы шындықты әпкесі Қарашаштан білуі және жесірі Таңсұлушешемізді алуы жайлы …
- Қарақұлдың әкесі Татанның кегін қууы және сол жолда Қалбике шешемізді алуы жайлы …
- 6. Қоңырбөрік Қарақұл батырдың Түркістан облысындағы Бөген өзені бойындағы шайқасы жайлы ….
- Қоңырбөрік Қарақұл батырдың Қызылбөрік Найманбай батырды қырғыз Белек батырдың көмегімен қалмақ қолынан құтқаруы жайлы ….
- Қоңырбөрік Қарақұл батырға Райымбек батырдың Албан тайпасының туын тапсыруы жайлы …
Қарақұлдар, Қарақұлдар,
Ұрпағы Қарақұлдың данасыңдар.
Ұрпағы Қарақұлдың бөлінбеңдер,
Тарихта Қарақұл боп қаласыңдар!
- Қарақұл батырдың тағы бір өсиеті: Алаштан аз болсам да, ағайыннан аз болмайын;
- 10. Әке-шешелерін жоңғарлар өлтіріп кеткен екі қызды Қарақұл алады. Олар Аққыз және Мамай деген есімді Найманның қыздары екен. Аққыздан Байдәулет, Мамайдан Аюбай мен Итаяқ туады;
- 11. Қожаның қызы Ниязбике Қаупенді ала келген. Қаупен төрт жасар Малыбайды бауырына басқан. Сондықтан Малыбай, Мөңке деп бірге аталады;
- 12. Қытай жеріндегі Күнес ауданы Алмалы фермасында тұратын сексеннен асқан Ағза (Сарқұл атадан тарайды, Күнесте Қызай ішінде жүзден аса отбасы Сарқұлдар бар) ақсақалға, 2014 жылы Қызайбек, Омар (Біте атадан), Тоқтар (Майлы атадан), Нұрқасым (Кешкіл атадан), Жұмабек, Мысыр (Қарақұл атадан) барғанда ол кісінің айтуынша, Қарашаш әпкеміз інілері Қарақұл мен Кешкіл алды артын танығаннан кейін жас кезінде атастырған жері Найман ішіндегі Қызай Бегімбет деген кісіге тұрмысқа шыққан. Тұрмысқа шыққанда әлі кішкене інісі Майлыбасты ала кетеді. Сол Майлыбастан тарайтын ұрпақ бұл күнде, өздерін, Қызай ішінде Бегімбет оның Қарақұл тармағынанбыз деп атайды және жиын тойларда оларды Қызайлар «кірмелер», «Қызайға келіп сіңген Албандар» деп шеттетеді деген әңгіме айтқан (Мысыр Қатаұлының мұрағатынан алынды).
Қарақұл батыр атындағы жер атаулары және оның жерленуі мүмкін жерлер
- Қытайда. Текес ауданында Қаражон жайлауында «Қарақұл жайлауы», «Қарақұлдың құнан шаптырған жазығы» деген жер бар. Өртекес Қаражон жайлауы. Қарақұлдың құнан шаптырған жазығы
- Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылы маңайында «Қарақұл батыр сайы» деген сай бар.
- Қоңырөлеңде «Қарақұл өзені» деген өзен бар.
- Алматы-Өскемен жолында Үшаралдан өткен соң «Қарақұл жазығы» деген жазық бар.
- Татан даласы деген атау әр жерде кездеседі. Мысалы М. Мағауиннің «Шыңғыс хан» тарихи романында …..
- Қарақұл батырдың жерленген жері жоғарыда батыр атына қатысы бар деген жерлердің кез келгенінде болуы мүмкін. Сонымен қатар Қарақұл батырмен қатар өмір сүрген Албан батырлары Әлмерек Жаншықұлы (1658, Әулиеатамаңайы – 1754 жылы Алматы өзені жағасы), Райымбек Түкеұлы (1705, қазіргі Алматы облысы – 1785, Нарынқол ауданы) негізінен Алматының маңында немесе Алматыда жерленген. Демек, Қарақұл батырдың жерленген жері де Алматы маңы болуы мүмкін. Қарақұл батыр жерленген жері Қарағанды, Абай облыстарында да болуын жоққа шығармаймыз. Себебі Қарақұлмен замандас кейбір Албан батырлары (Мысалы, Шағаман батыр) Қарағанды облысында жерленген. Сонымен бірге, кейбір дерек көздерінде Албандар он сегізінші ғасыр ортасынан бастап соңына дейін Тарбағатай өңірінде түрған деген мәліметтер де бар.
Қоңырбөрік Қарақұл батыр туралы жарық көрген материалдар
- Құдайберген Жылқыбайұлы, Мазақ Сапақұлы. Қарақұл батыр (Ұжымдық жинақ). Шонжы – 1999.
- Аманкелді Сарбасов (Құдайберген Жылқыбайұлы, Мазақ Сапақұлы. «Қарақұл батыр» кітабынан ықшамдап дайындаған) Қарақұл батыр. Талғар. 29 қазан 2021 жыл.
- Дәулетхан Карбоз. Отыз ұлмен бірге отан үшін шайқасқан Қарақұл батыр. Gazagstan dauiri. Халықаралық, қоғамдық-саяси газет. Алматы. №20(1353) 20 мамыр 2021 жыл.
- Ескерткіштер-елдіктің белгісі. Памятники-символы государственности. Monuments-the symbols of the statehood: Фотоальбом.-Алматы: «АСА» Баспа үйі ЖСШ, 2011.-320 б(қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). 89 бетте.
- Қарақұл Татанұлы. Қазақстан тарихы. Энциклопедия/ Жалпы редакциясын басқарған З.Е. Қабылдинов.- Алматы: «Литера-М» ЖШС, 2019.-862 Б.(иллюстрацияланған). ISBN 978-601-80636-4-0. 2-том: Ж-М-862 бет.
- Бабалар сөзі: Жүз томдық.-Астана: «Фолиант», 2012. Т.87:Тарихи аңыздар.-2012. – 286-287 бб.
- Құдайберген Жылқыбайұлы. «Қазақ батырлары» 2003 жыл №1. 4-бет.
- Құралбек Сәбитов. Көне ғасыр күмбірлері. Алатау арайы. №44(61)//15 сәуір//сенбі// 2023 жыл.
- Нұржаубек Әпиұлы. Ұстаз, қоғам қайраткері.Баспаға дайындаған, Долқын Сыланбекұлы. Ту ұстаушы батыр. Gazagstan dauiri. Халықаралық, қоғамдық – саяси газет. Алматы.№ 22(1451) 01маусым 2023 жыл.
- Алатау арайы. Құтмағанбет Қонысбай. Ерлікке тағзым. 25 қаңтар 2025 жыл.№9(314).
- Махамбетұлы Е. Көгілдір таулар: (Очерктер, тарихи толғаулар, шежірелер). Алматы, «Толғанай Т», 1999. – 144 бет. ISBN 9965 – 432 14 — 8
- Қалқаман Албан шежіресі. Шежірені құрастырған Ыдырысұлы Нұрасыл. ЖШС «Дайыр Баспа» баспаханасында басылды. Таралымы 110 дана. Алматы қаласы, Райымбек даңғылы, 123/131.
- Мұқанов Сұлтанбек. Ұрпаққа. Алматы. «Асыл кітап» баспасы. 2013- 120 бет.
- Нұрлан Сәрсенбаев. Ел қорғаны — Қарақұл батыр. URKER жорналы. №8(191), Тамыз, 2024.
- Қарақұл батыр деп жазып батырманы басқан кезде интернеттен шығатын алғашқы бет.
Қоңырбөрік Қарақұл батырмен замандас батырлар
Төле Әлібекұлы (1663 – 1756) – қазақтың қоғам қайраткері, шешен, Ұлы жүздің бас биі, Қазыбек, Айтеке билердің қол-дауымен үш жүзге төбе би болып сайланған.
Әлмерек Жаншықұлы (1658, Әулиеата маңайы (қаз.Жамбыл облысы) – 1754 жылы ш., Алматы өзені жағасы (қаз. Әлмерек ауылы) – батыр, шешен, көріпкел.
Ханкелді Сырымбетұлы – қазақ батыры. 1688 жылы дүниеге келіп, 1763 жылы қайтыс болған.
Өтеген Өтеғұлұлы, Мүйізді Өтеген – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен батыр, қолбасшы. 1699 жылы Шу өзенінің бойындағы Изенді өңірінде дүниеге келіп, 1773 жылы Іле өзенінің бойындағы Шолақтау, Шеңгелді өңірінде көз жұмған. Ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руынан шыққан.
Әжібай Найманбайұлы (шамамен 1699–1778) – батыр. Албан тайпасының қызылбөрік руынан шыққан (Қызылбөрік – Есен – Еламан – Найманбай – Әжібай). Жетісудың Таутүрген мен Таушелек өңірлерінде (қазіргі Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы) өмір сүрді.
Бақай Мықтыбекұлы (1703 – 1802) – батыр, 18 ғасырда жоңғарларға қарсы соғыста Райымбек жасағының жүзбасы болған. Руы – Жалайыр. Райымбек Түкеұлы (1705, қазіргі Алматы облысы – 1785, Нарынқол ауданы) – батыр, қолбасшы. Ұлы жүз Албан ішіндегі Алжан руының Сырымбет тармағынан.
Құттымбетұлы Наурызбай 1706 жылы Жетісу жерінде, Алатаудың баурайында дүниеге келген.
Сатай Аққабақұлы (т.-ө. ж. б., Алматы облысы Панфилов ауданы) – қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысқан батыр. Ұлы жүз ішінде Суан руының Байтүгей елінен шыққан.
Аралбай Кебенекұлы (1712, Жаркент маңы – 1752, Шу өзені жағасында) – батыр, суан Мырзакелді.
Малай Қарабасұлы (шамамен 1724-1794) – батыр. Албан тайпасындағы Аққыстық руының Майасар тармағынан шыққан.
Қабан жырау, Қабан Асанұлы (1733-1824) – ақын, жырау, ұлы жүздегі Жалайыр руының Мырза тармағынан шыққан.
Қабылиса (Қабан) – XVIII ғасырда ұлы жүз ішіндегі Жалайырдан шыққан аса көрнекті қайраткер.
Жәнібек, Құрман, Тауасар, Есбол, Ердос, Шотан батырлар.
Ел арасы болған соң, кейбір кездерде біз атқарып жатқан жұмыстар жайлы жекелеген сұрақтар да болатыны рас. Баспасөзді пайдаланып сол сұрақтарға жауап бере кетейік … «Архив материалдары жоқ» бар ма деген сұраққа жауап.
Осыдан екі жүз, үш жүз жыл бұрын Қазақ Елінде мұрағат болып па еді. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жолбарыс, Бақтыбай, Райымбек, Әлмерек, Сырым, Тілеуке, Әжібай, Алтай, Жәнібек, Алдияр, Жомарт, Тасболат және осы сияқты мыңдаған бабаларымның мәліметтерін кім, қайсы мұрағаттан алды?
Алайда, мұрағат жоқ болса да неге дәл осы бабаларымның аты екі, үш жүз жыл бойы халық санасынан өшкен жоқ. Ал, сол кісілермен қатар өмір сүрген көптеген бабаларымыздың аты-жөнін өз ұрпақтары ғана білді. Демек, «Қазығұрттың басында кеме қалған, Қасиеті болмаса неге қалған» демекші бұл бабаларымыз елге, отанға, ұлтқа, болашақ ұрпаққа қызмет еткендер. Сол жолда шейіт болғандар.
Өз басым мемлекетке алақан жайып, «Неге, билік ел үшін ерен еңбек жасаған бәленбай бабамызға ескерткіш қоймайды?» деген түсініктен аулақ адаммын. Олай міндетсіну дұрыс емес те. «Мемелекетіміз тарихи тұрғыдан алғанда әлі жас, көп нәрсеге қолы жетпей жатыр. Сондықтан ұлағатты ұрпақ ретінде өз бабамыздың атын жаңғыртып, оның атын әспеттегіміз келді. Бұл біздің елімізге, отанымызға әсіресе жеткіншек ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға қосқан үлесіміз болсын деген ниетіміз. Сонымен қатар кіндік қанымыз тамған, балалық шағымыз өткен, алғашқы білім алған, бұл күнде көпшілігіміздің ата-әжелеріміздің, әке-шешеміздің, бауырларымыздың мәңгі тыныштық тапқан мекені – кіші Отанымызға мемлекеттен бір тиын алмай, Алматы облысының ешбір ауылынан өз басым көрмеген, мәдениетті, заманға лайық саябақтың ашылуы рухани сыйлық емес пе? Кезінде мемлекеттік бағдарлама ретінде қолға алынған «Ұрпақтар сабақтастығы», одан кейінгі «Жасыл ел» елімізді көгалдандыруға бағытталған жоба, «Таза Қазақстан» акциясына қосқан үлесіміз деп түсінеміз. Одан бөлек ауылды жерлерде тұрғындардың жаппай қалалы жерлерге көшуіне тоқтау салатындай бастама болсын деген ниетімізді білдіру. Бұл саябақ бір мезгіл ауыл адамдарының тынығатын, демалатын жеріне айналып, бабалар рухы қолдап, ауылдың көркеюіне септігін тигізіп жатса, арман-мақсатымыздың діттеген жеріне жеткені.
«Бұл трайбализм емес пе?» деген сұрақтар қойылуы заңдылық.
Қарақұл батырды әспеттеуді біз қолға алмасақ, кім қолға алады? Неге Алдияр батырды Сарқан халқы әспеттеп жатыр? Неге Әжібай батырды Кегенде әспеттеп жатыр? Себебі сол аймақтарда ол кісілердің ұрпақтары тұрады. Егер ұрпақтары бабаларын еске алмаса, құрметтемесе, әспеттемесе біз оларды қайдан білер едік? Бабаларының атын жаңғыртқан ұрпағын трайбалиссіңдер деп атағандарға өкпеміз жоқ. Әркім өз сана деңгейінде сөз айтар болар. Керісінше аталарымыздың аттары аталып, олардың аруақтары бір аунап түсіп жатса, сауапты іс жасалды деп ойлаймыз. Мен жазушы емеспін, мамандығым – математик. Дегенмен шама-шарқымша бабам туралы азды-көпті мағлұмат бергім келді. Кем-кетігі болса айыпқа бұйырмассыздар деп ойлаймын. Бабам алдындағы азаматтық парызымның сәл де болса өтелгені деп қабылдаңыздар.
Жанболат Тұрсынқожаұлы Қайыңбаев,
«SDU University» мекемесінің профессоры,
Педагогика ғылымдарының кандидаты
