Басты бет Тағзым БАБАЛАР ҮНІ ЖАҢҒЫРҒАН КҮН

БАБАЛАР ҮНІ ЖАҢҒЫРҒАН КҮН

0
678

Сенбіде ауданда дүбірлі той өтеді деген жаңалық жан-жаққа тарағалы біраз болды. Қарақұл атаның ұрпақтары ат шаптырып той жасайды екен, баба атындағы саябақ ашылады екен деген хабарды ресми ақпараттан да, көшеде кездесе қалған адамдардың аузынан да естіп жаттық. Тойдың алдында ала жаздай бір тамбай қойған жаңбыр да себелеп екі-үш бойы жауып тұрып алды. Дәл той белгіленген сенбіде күн жарқырап ашылып, жаңбырдың суы сіңген топырақтың шаңы басылып, керемет саф ауаның өзі ата аруағына тағзым етіп тұрғандай болды. Алыс-жақыннан жиналған жұртшылықта қисап болмады. Қазақтың ұлттық киімін киген үлкен-кіші, ақ жаулықты аналар мен келіндер тойдың көркін кіргізді. Ары-бері шапқылап жүгіріскен балалардың күлкісін еш нәрсемен теңгеруге болмас. Олар да қуаныштың, мерекенің, жақсылықтың көрінісіне ажар беріп тұрғандай сезілді. Қарақұл баба ескерткішінің алды мерекелік безендіріліп, кимешек киген әжелер шашуларын әзірлеп, үлкен әзірліктің үстінен түстік.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Әрбір қазақстандық өзінің туған жерін көркейтуге үлес қосса – мемлекетіміздің еңсесі биіктей түседі» деп атап өткен болатын. Бұл – бүгінгі буынға көрсетілген айқын бағыт. «Туған жерге ту тік» деген де жай сөз емес, ол нақты іспен дәлелденіп, атқарылған шаралармен көрінетін бастама. Өйткені ауылын көркейткен азамат – Отанын көркейтеді. Табиғатты қорғау – келер ұрпаққа қалдырар ең ұлы аманат. Әрбір егілген ағаш, әрбір жайқалған тал, әрбір мөлдір бұлақ – болашақ үшін бізге жүктелген зор жауапкершіліктің белгісі. Туған жерін сүйген – елін сүйеді. Туған жерді көркейту – мемлекетке қызмет етудің айқын көрінісі. Елдің қуаты – бірлікте, жастың қуаты – білімде, ұлттың қуаты – елдік рухта!

 

 

Бүгінгі Татанұлы Қарақұл батырға арналған саябақтың ашылуы – Сүмбе ауылынан шыққан азаматтардың өз еліне, тарихына деген құрметінің, отаны мен туған жеріне деген сүйіспеншілігінің жарқын дәлелі деген жалынды сөздерді айтып, шараның басталғанын хабардар еткен шара жүргізушілері әдемі әуен аясында келген қонақтармен таныстырды. Лента қию құрметіне ақын, драматург, қоғам және мемлекет қайраткері Нұрлан Оразалин, Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген  қайраткері, Қазақ медицина ғылымының академигі, әлем дәрігері атағының иегері, медицина ғылымының докторы Рысмендиев Армен Жақсыбекұлы, аудан әкімі  Бота Серікқызы Елеусізова, Алматы облысының «Құрметі азаматы»  Ызғарбек Бектұрсыновтар ие болды. Шашу шашылып, жиналған қауым шұрқырасып, тәттілерді жинап, мәре-сәре күйге түсті. Кеген ауданынан келген 95 жастағы қария ақ батасын берді. Осыдан соң жиналғандар мектептің алаңына қойылған үлкен сахна жаққа бет бұрды.

Мұнда Қарадала театры «Ел қорғаны – Қарақұл батыр» атты театрланған қойылымын ұсынды. Жаугершілік заманның запыранын шығарып, сол кездегі батырлардың өмірінен көрініс көрсетіп, бір сәт ойландырып тастады. Кең байтақ даламыз осындай батыр бабалардың ерлік істері мен намыстарының арқасында қорғалған екен-ау деген ой кез келген көзі қарақты жанды елең еткізгені ақиқат. Дала сахнасындағы көрініс ерекше ғой. Бұрынғы киім үлгілерін көрсетіп, бабалар үнін жаңғырта отырып жеткізген театр ұжымының еңбегіне риза болдық.

Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Бота Елеусізоваға берілді. – Бүгін ауданымызда халықтың игілігі үшін жасалған тағы бір тамаша бастаманың жүзеге асқанына ел болып қуанып, арнайы бас қосып отырмыз.  Дана халқымызда «Азаматына қарап – ауылын таны» деген нақыл бар. Ауызбірлік пен еңбекқорлықты ұштастырған Сүмбе ауылының халқы мен Қарақұл Татанұлының ізін жалғар ұрпағы, атқа мінер азаматтарының ел үшін еткен еңбектерінің жемісіне куә болып отырмыз. Ауылдың келбетіне көрік беріп тұрған саябақтың ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деп өзінің ақжарма тілегін әдемі сөздермен бастады.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаш Президенттік қызметіне кіріскен сәтіндегі қол қойған ең бірінші Жарлығы ауылдарды жан-жақты жақсарту бойынша  мәселелерді шешу бағытында болған екен. Осы Жарлыққа қол қойған Мемлекет басшысы: «Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын» деп айқындап өтіп, үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар беріп, Отан үшін отқа түсуге дайын азаматтарға үлкен сенімін артқан болатын. Президентіміздің бастамасын қолдап, әр өңірдің ел ертеңін ойлаған азаматтары ауылы үшін түрлі ізгі істерді атқарып келеді. Соның тағы бір нақты дәлелі – бүгінгі Сүмбе ауылында ашылып отырған саябақ.

Қадірменді ауыл тұрғындары мен өткенін ұмытпай, атасын ардақтаған текті елдің ұландары және Қарақұл батырдың ұрпақтары! Бұл игі істеріңіз арқылы болашақ ұрпақтың санасына патриоттық тәрбиенің нәрін сіңдіріп, бойына отансүйгіштік қасиетті дарытып отырсыздар. Сіздердің бұл бастамаларыңыздан іргелес ауылдар мен жаныңызда жүрген азаматтар үлгі алып, ауылының, елінің болашағы үшін сауапқа толы игі істерді қолына алады деген сенімдемін.

Осы саябақта бақытты ұрпақтар асыр салып, ауылдың той-қуанышы мен жетістіктері аталып өтілуіне тілектеспін! Ауыл жасыл желекке айналып, болашақтың игілігі үшін қызмет ететін көркі көз тартатын саябақтарыңыз рухани демалыс орны болсын, – деген тілегімен сөзін  тамамдады.

Осындай үлкен шараның өтуіне өзінің азаматтық ұстанымымен бастамашы болған педагогика ғылымдарының кандидаты, «СДУ университеті» мекемесінің профессоры, Қарақұл бабаның ұрпағы Жанболат Қайыңбаев сахна төріне шықты. Ұрпақтар сабақтастығы жылынан бастау алған бастаманы ұрпақтары бір ауыздан қолдап, қуаттап, бабаның туған жеріне саябақ ашуды қолға алғалы біраз жыл уақыт өтті. Дегенмен көптің арқасында діттеген мақсатымызға жеттік. Осы бастама басқаларға үлгі болса екен, той дегенде ішіп, жеу емес, артымызға ізгілікті іс қалдырсақ деген оймен баба атындағы саябақтың ашылуына атсалыстық. Осындай игілікті іс әр ауылда қолға алынып, ауылдарымыз, туған жеріміз көркейе түссе деген ниетін жеткізді.

Сонан соң «Қарақұл батыр ұрпақтарының шежіресі»  атты  кітаптың тұсаукесері жасалатындығы хабарланып, жерлесіміз ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар Одағын ұзақ жыл басқарған Нұрлан Оразалин, медицина ғылымының докторы Армен Ырысмендиев, аудан әкімі Бота Серікқызы, Ызғарбек Бектұрсыновтар сахна төріне шықты. Тұсаукесерден соң сөз алған Нұрлан Оразалин ағамыз қасиетті Қарадаланың шежіресінен сыр шертіп, осындай тойларымыз жалғасты болсын деген ойын жеткізді. Өзінің әжесінің әңгімесінен мысал келтіріп, аталарымыздың басына барып, құран бағыштап, бабаларымыздың ерлік істерін бүгінгідей игілікті істермен жаңғыртып отырайық, – деді. Артымыздағы ұрпаққа өнеге боларлық істеріміз молынан болсын, – деп ұлағатқа толы сөзін жеткізді. Ауылымыздың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов Қарақұл баба ұрпағына алғысын арқалатты. Тарихты білу, тарихты бағалау, сол арқылы өскелең ұрпаққа өнеге болу – игілікті іс. Біз «Жарты баба» ұрпақтары қорынан бүгінгі тойға шашумен келдік деп, баба тойына ат атады. Осы жерде айта кететін тағы бір жағымды нәрсе, әр рудың атынан тойға шашу деп аттарын атап, тайларын жетелеп, ақшалай көмегіміз деп  келгендердің ақ пейілдері мен ниеттеріне куә болдық. Бұл бірліктің, ынтымақтың, берекенің көрінісі деп қабылдадық. Осындай басқосуларда татулығымызды танытудың өзін ұлттық құндылыққа баласақ артық бола қоймас. Осындай үлкен шараларда бір-біріне демеу болудың өзі ғанибет. Бауырмалдықты көрдік, сыйластықты сезіндік, жанашырлықты байқадық. Бақыт деген осы болар, бәлкім.

Ресми бөлімнен соң концерттік бағдарлама басталды. «Жазерке» халықтық ұлт аспаптар ансамблінің орындауында Құрманғазының күйі «Сарыарқамен» концерттің шымылдығы ашылды. Туған жер мен Отанға арналған әндер шырқалып, бала-шаға билеп, алаңды думанға айналдырды. Елуге жуық тігілген киіз үйлердің барлығында ас та, төк дастарқан жайылды. Қарақұл бабаның ұрпақтары келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, дәм ауыз тигізіп, ән-күйлерін шырқатып жатты.

Алаңның ортасында күрестен, қол күресінен, қошқар көтеруден спорттық жарыстар басталды. Қошқардың салмағы 67 килограмм. Бұл додада сүмбелік Бауыржан Әбдіқайым жүлделі бірінші орынды жеңіп, қошқарға ие болды. Екінші орынды Еңбекшіқазақ ауданынан келген балуан Азамат Сенбаев иеленді, оған 100000 теңге берілді. Үшінші орын Алматы қаласынан келген Дапайған Төңкеріске бұйырды, елу мың теңге алды. Қол күресінен 80 килограммға дейін және 80 килограммнан жоғары деген екі турда өтті. 80 нен жоғары салмақта ешкімге дес бермеген Махсатжан Алимжанов бірінші орынға табан тіреді. Екінші орын Аян Қуанышбекұлына бұйырды, үшінші орынды Батур Розахунов місе тұтты. Үшеуі де аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері. 80 килода бас жүлде Рамил Османовқа бұйырды. Екінші орынға кегендік Жанарыс Тобажан ие болса, үшінші орынды сүмбелік Бек Рысмендиев жеңіп алды. Қол күресінен бірінші орын иегерлеріне 70000 теңге, екінші орын 50000, үшінгі орын 30000 теңгеден алып, тойдан марқайысып қайтты. Қазақ күресінен бас жүлде Талдықорған қаласынан келген Алтынбек Қоғайбайға, екіншілік Радуш Сулаймановқа, үшінші орын шарындық Муслим Махаметжановқа берілді.

Түскі ас беріліп болған соң ат бәйгесі басталды. Құнан мен аламан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен сәйгүліктерін мәпелеп келгендердің қарасы көп көрінді. Аттың дүбірі кез келген қазақтың делебесін қоздырып, ішкі дүниесіне рух сыйлайтыны бар. Бұл жолы да жанкүйерлер де, додаға түсетіндер де атойлап, айғайласып, дүбірді мерекеге айналдырды. 31 шақырымдық аламан бәйгеге қатысушылар осыған дейін де талай сынақта сүрінбей, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар екендігі байқалып тұрды. Марлан деген азаматтың аты аталып, өзі бапкер, өз ұлын бәйгеге қосқандығын ерлікке балап жатқандарын құлағымыз шалып қалды. 12 шақырымдық құнан бәйгеде топ жарған Төлеш баптаған «Сафия» деген құнан алдына жан салмады. Асылжан Төлегеннің Қазақстанға аты танымал шабандоз екендігін естідік. Қатарластарын шаң қаптырған «Сафия» иесіне екі миллион теңгенің жеңісін ұсынды. 31 шақырымдық аламан бәйгеде Өмекей Санжар тізгіндеген, Алматы облысы бәйге федерациясының төрағасы Қырғызбай Нұрымның еңбегі аталып, Ақжол Жұматай баптаған Ұзынағаштан келген «М» есімді сәйгүлік бас бәйгеге тігілген автокөлікті қанжығасына байлап қайтты.

Осы жарыста аяғынан жарақат алған баланың жанкештілігін айтпасқа болмас. Атынан сүрініп кетсе де жарыстың соңғы айналымына дейін жеткен шабандозға Қарақұл атаның ұрпағы Айбек Еркінұлы өз қалтасынан 100000 теңге сыйақы берді. Тағы бір жанашыр 30000 теңгесін ұсынды. Осындайда береке, бірлік деген сөздің мағынасын тереңінен түсінеді екенсің. Жүлделі орынға ілікпесе де соңына дейін атын терлеткен балапанның намысшылдығына риза болдық. Жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болып, тайларын мініп қайтты.

Бабаларының атын жаңғыртып, алты Алаштың басын қосып, үлкен сауапты іс атқарған Қарақұл баба ұрпағына жиналған қауым ризашылығын білдіріп жатты. «Қарақұл» қорының басында тұрған Жанболат Қайыңбаевтың, оны қолдап, қолпаштап жүрген азаматтардың еңбектері ақталды.

Рушылдық немесе өздерінің аттарын шығару емес, баба алдындағы балалық парыздарын өтеген ұрпақтың бүгінгі игі істері өзгелерге үлгі болғай деп іштей тілеу тіледік. Саябақтың айналасы жасыл желекке оранып, ауыл адамдарының тынығатын, рухани ләззат алатын орнына айналғай деп тілеу тіледік. Ата аруағы ұрпағын қорғап, жайма-шуақ бейбіт заман мәңгілік орнағай деп тіледік. Тілеуімізді Жаратушы ием қабыл ете гөр.

Баян МАМЫРБАЕВА

 

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МЕМОРИАЛДЫ ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ

Кегенде Заманбек Нұрқаділов атындағы балалардың өнер мектебінде «Заманбектану» шарасы өтті…