Ұлттық құрылтай 2022 жылдан бері елдегі қоғамдық-саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланатын тұрақты алаңға айналды. Ұлттық құрылтайдан еліміз үшін маңызды мәселелерді күтетін болдық. Әртүрлі сала мамандарынан құрылған құрылтайдың бұл жолғы отырысы Қызылорда қаласында өтті. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Қасиетті жерде өткен құрылтайда көптеген ұлтқа қажетті мәселелер көтерілді.
Бұл құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кезеңдегі саяси реформалар аясында қоғамдық диалогқа арналған кең алаң – Халық Кеңесін құруды ұсынды. Халық Кеңесі өз табиғаты бойынша жаңа мемлекеттік органға айналып, басқа елдердің консультативтік құрылымындағы тәжірибені қамтиды. Бұл органда барлық этнос, халық топтары және аймақтар өкілдігіне ие болады. Қазақстанның Халық Кеңесі еліміздің жоғарғы консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңестің құрамын 126 адамнан құру ұсынылды. 42 адам ірі қоғамдық ұйымдардан, 42 адам этномәдени бірлестіктерден, 42 адам мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден құрылатын болды. Барлық мүшелерді Президент өзі тағайындайды. Ал Кеңес төрағасын өз мүшелері арасынан сайлайды.
Тағы бір мәселе Тоқаевтың айтуынша, Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Егер Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі. Осы мәселені ерекше атап өткен жөн: қалған мерзім 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтуі тиіс деген норма негізгі заңда нақты бекітілуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл мен үшін өзгермейтін, маңызды ұстаным. Осы норма мемлекет басшылары үшін де ешқашан өзгермейтін қағида болуға тиіс, – деді ол. Кез келген нәрсеге мұқияттылық пен заңдылық басты қағида ретінде қабылдануы тиістігін нақтылады, – деп қабылдадық.
Бұл жолғы Қызылордадағы отырыста да ел дамуына қатысты өзекті мәселелер күн тәртібіне шығарылды. Құрылтай мүшелері, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар әлеуметтік, саяси және мәдени бағыттағы ұсыныстарын ортаға салды. Айтылған әңгімелер мен берілген ұсыныстар сөз жүзінде қалмай, нақты іспен жүзеге асса деген ниет тұр көкейде. Өйткені аса маңызды мәселелер айтылды және нақты тапсырмалар берілді.
Нұрәкім ЕСЖАН,
аудандық мәслихаттың төрағасы
