Тәуелсіздік – киелі ұғым. Тарихтың тереңіне үңіліп, әрбір тас бетінде қалған таңбаларға көз жүгіртсек, оның оңай келмегенін аңғарамыз.
Әр дәуірде халқымыз азаттықты аңсап, соның жолында жанкешті күрес жүргізді. Сол күрестердің соңғы үлкен дүмпуі – Желтоқсан көтерілісі екені даусыз. Желтоқсанның ызғарына қарамастан, осыдан 39 жыл бұрын қазақ жастары бейбіт шеруге шыққан болатын. Сол күннің бел ортасында жүрген әріптесіміз Гүлжан ТҰРСЫН сол кезеңді былай еске алады.
– Тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл болса, Желтоқсан көтерілісіне 39 жыл толып отыр. Бірі бұл күнді мереке десе, енді бірі қаралы күн деп қабылдайды. Ал сіз үшін 16 желтоқсан қандай күн?
– Желтоқсан – бір жағынан қуаныш, бір жағынан қайғы айы. Бірақ бұлттың артынан күн шығатынын ұмытпайық. Сан ғасыр бойы қазақ халқы тәуелсіздікті аңсады. Сол жолда талай ер азамат басын бәйгеге тікті. Өрімдей жас жігіттер шейіт болды. Азаттық жолында жанын қиғандардың бірі – Қайрат Рысқұлбеков. Оның сот залында айтқан «Еркек тоқты – құрбандық, атыңдар десеңдер, атыңдар!» деген сөзі бәріміздің санамызда. Сондықтан желтоқсанда бір күрсініп, шейіт болғандарға Құран бағыштап, артынан заманға шүкіршілік етемін.
– Желтоқсанның ызғарын сезінген жан ретінде сол күндерді қалай суреттер едіңіз?
– Бірінші курс студентіміз. Қазақ журналистикасының ақсақалы Тауман Амандосов ағай лекция оқып тұрған. Аудитория тып-тыныш. Әдетте әр қозғалысты байқап отыратын ағай бұл жолы ештеңені аңғармады. Сол сәтте есік ашылып, басында бөркі бар жігіт кіріп келді де, тілдей қағазды алдыңғы қатарда отырған Ормашқа лақтырып, қайта шығып кетті. Қағазда: «Кеуделеріңде қазақтың қаны болса, орталық алаңға жиналыңдар!» деп жазылыпты.
Біз бір күн бұрын Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен алынғанынан да хабарсыз едік. Бірақ «қазақтың қаны болса» деген сөз намысымызды оятты. Ауылдағы тәрбие, қасықтай қан үшін шайқасу бізге сіңген қасиет. Ойымызға келгені – намыс. Сөйтіп, Тауман ағайдың екінші сабағын тастап, орталық алаңға қарай бет алдық.
Аялдамаға жеткенде кураторымыз Мамытбек Қалдыбай ағай жолымызды кес-кестеп, «Бармаңдар, бұл – саяси жағдай, бірдеңеге ұрынып қаласыңдар» деп шыр-пыр болды. Бірақ ешқайсымыз тыңдамадық. Жүргізушілер автобустың, троллейбустың есігін аша салып ток қосып, бізді түсіріп тастап отырды. Дегенмен түске таяу орталық алаңға жеттік.
Сәтбаев көшесі бойымен келе жатсақ, жолдың бойы танк пен әскери машиналарға толыпты. Ит жетектеген солдаттар сап түзеп тұр. Ауа ерекше суық. Аспан бұлттанып, Алматы әп-сәтте соғыс алаңын елестетті.
Бір шетте қолына үнпарақ ұстаған жастар «Қазақты қазақ басқарсын!», «Әркім өз еліне өзі басшылық етуі тиіс!» деп жазылған парақтар көтеріп келе жатыр. Солдаттар олардың бір-біріне қосылуына мүмкіндік бермей тұр.
Бір уақытта алаңды жаңғыртып «Менің Қазақстаным!» әні шырқалды. Рухтанған жастар қарулы күшке қарсы жүгіре бастады. Біз де сол топтың ішіндеміз.
Мінбеге көтерілген бөрікті жігіт:
– Біз бейбіт шеруге шықтық. Қонаевты неге бір күнде қызметтен алғанын білгіміз келеді, түсіндіріңдер, – деді.
Ортаға шала қазақша сөйлейтін шенеунік шығып, орталықтың шешімі екенін айтты. Жастар оған сенбей, «Ортаға Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов келсін!» деп талап қойды. Бірақ ешқайсысы шықпады.
Көп ұзамай Үкімет үйі жақтан қалқаны мен дубинкасы бар милиция жасағы шеп құрып, жастарды күштеп ығыстыра бастады. Жерге тапталған қызды жігіттердің көтеріп алып кеткенін көзіммен көрдім.
Кешке қарай өрт сөндіргіш машиналар келіп, жастарға су шашты. Қасыма келген курстасым Ормаш «Жүр, қаштық!» деп қолымнан ұстап, сарбаздардың арасынан алып шықты. Жатақханаға әрең жеттік. Есіктің алдында қауіпсіздік комитетінің адамдары «Қайдан келдіңдер? Киімдерің неге су?» деп сұрақтың астына алды.
Сол күннен бастап бізді «күдікті» қатарына қосты. Көп студенттен түсініктеме алынды. Курстың комсоргы Ғазиз бен Гүлмира, ересектерден Сейсен мен Нұржан қамауға алынды. Бірнеше күн абақтыда жатқаннан кейін олар босатылды, бірақ комсомол билеттеріне «сөгіс» жазылды – ол кезде бұл болашаққа балта шабумен бірдей еді.
Көктемде қауіпсіздік комитеті бізді жертөлеға шақырып, дайын мәтінді көшіріп жаздырды: «Алаңға байқаусызда барып қалдым, енді ондайға бармаймын…» деген мазмұнда. Сол күндердің ызғары әлі есімде. 17 желтоқсан десе, көз алдыма сол көріністер келеді.
– Бірі Желтоқсанды «оқиға», бірі «көтеріліс» дейді. Сіз қалай бағалар едіңіз?
– Желтоқсан – оқиға емес, ол көтеріліс. Азаттықты аңсаған ұлт ұрпағының сырттан басқаруға келіспей, намыс туын көтеруі. Көтеріліс тек Алматыда емес, өзге өңірлерде де болды. Бүкіл қазақ даласы «Жерімізге басқаны бастырмаймыз!» деген ұранды көтерді. Бұл – орталықтың рухани отарлау саясатына қарсы шыққан халықтың бұлқынысы.
– Мұхтар Шаханов: «Желтоқсанның ащы шындығы әлі толық ашылған жоқ» деген болатын. Келісесіз бе?
– Иә, бұл – шындық. 16 желтоқсан күні ғана сөз етіледі, ал жыл бойы жастарға мәні тереңдетіліп түсіндірілмейді. Желтоқсанның мақсаты, мүддесі, қандай жала жабылғаны – бәрі ашық жазылуы керек. Рухты жанитын, елге үлгі болатын жастар тәрбиелеу үшін бұл өте маңызды.
– Сіздіңше, Желтоқсан шындығы туралы халық біле бермейтін қандай құпиялар бар?
– Көп. Біз тек алаңдағы көріністі ғана білеміз. Ал астыртын қандай нұсқаулар берілді? Көтерілісті қалай басып-жаншыды? Кімге қандай жаза тағайындалды? Қанша жалған айып тағылды? Бұл тұстар әлі де толық жазылған жоқ.
– Бүгінде желтоқсаншыларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
– Облыс басшылығы жыл сайын желтоқсаншыларды қабылдап, әңгімелеседі, әлеуметтік көмек көрсетеді. Бұл – құрметтің белгісі.
Қазақ үшін ең ұлы міндет – тәуелсіздікті тұғырлы ету. Ол үшін жастар білімді, еңбекқор, отансүйгіш болуы тиіс. Жаман әдеттен, жат пиғылдан сақтануымыз керек. Салт-дәстүр, ар-ұят, намыс, иман – халқымыздың өзегі. Қазіргі кейбір жастардың батысқа еліктеп, азғындыққа бой ұрып бара жатқаны алаңдатады. Алла теріс жолдан сақтасын.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзді ұмытпауымыз керек. Көк туды көкте желбіретіп, егемен елдің ертеңін нық қалыптастыру – әр қазақтың парызы. Ең бастысы – желтоқсандықтар алып келген Тәуелсіздіктің тұғырын биік ұстайық!
С. БАЗАРҚҰЛОВА
