Мен өз елімді – Қазақстанымды өте қатты жақсы көремін! Әсіресе, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні жақындағанда, жүрегімде ерекше бір мақтаныш сезімі оянады. Өйткені, біздің еліміз 1991 жылы, дәл 16 желтоқсанда егемендік алды ғой! Кейде ойлаймын, Тәуелсіздік дегеніміз – жай ғана мереке емес, бұл біздің ата-бабаларымыздың жүз жылдаған арманы.
Біздің Қазақ хандығымыз өте ертеде, тіпті біз тумай тұрып, Керей мен Жәнібек деген хандардан басталған. Олар осы кең даламызда қазақ деген халық өз алдына ел болып өмір сүрсін деп, алғашқы орданы тіккен. Бірақ одан кейін қиын замандар көп болды. Әсіресе, жоңғарлармен соғысқан «Ақтабан шұбырынды» кезінде ата-бабаларымыз қатты қиналған. Бірақ Қабанбай, Бөгенбай сияқты батырлар ешқашан мойымаған! Олар біздің жерімізді, елімізді қорғап қалған. Содан кейін де орыс патшалығының, одан кейін Кеңес үкіметінің құрамында болғанда, қазақтың асыл ұлдары – Алаш арыстары (Әлихан, Ахмет, Міржақып ағаларымыз) біздің тіліміз, дініміз, мәдениетіміз жоғалып кетпесін деп, қаламмен күрескен. Яғни ой-мақсаттарын баспасөз арқылы насихаттап отырған. Қаламдары арқылы әр қазақтың намысын оятқан. Олардың бар арманы – Қазақстанның азат болуы еді.
Ол арманның орындалуын жақындатқан ең маңызды оқиға – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі болды. Бұл оқиға 16 желтоқсанға жақын болғандықтан, мен үшін өте маңызды. Сол кездегі біздің аға-әпкелеріміз – Қайрат,Сәбира, Ләззат сияқты жастар Алматыдағы алаңға шығып, «Біз өз еліміздің тағдырын өзіміз шешеміз!» деп айқайлаған. Олар қазіргідей бейбіт заманда өмір сүруіміз үшін өздерінің ерліктерін көрсетті. Оларға сол кезде қиын болды, оларды ұрып-соқты, қудалады, бірақ олар қорықпады. Өйткені олардың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік пен еркіндікке деген ұмтылыс бар еді. Міне, сол Желтоқсан оқиғасы – біздің Тәуелсіздігіміздің шынымен де жақын екенін көрсетті.
Ақыры сол күрес, сол қиындықтар, сол батырлардың арманы орындалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда біздің еліміз тәуелсіздігін алып, бүкіл әлемге: «Иә, біз – Қазақстан! Біз енді ешкімге бағынбайтын, өз алдымызға дербес мемлекетпіз!» деп жариялады. Ол кезде біздің Көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалғанда, үлкендердің көзінен жас парлағаны анық. Өйткені, бұл – олардың ең үлкен бақыты еді.
Мен сияқты осы Тәуелсіз елде туған ұрпақтар енді не істеуіміз керек? Менің ойымша, біз ең бірінші Отанымызды сүюіміз керек. Екіншіден, өте білімді болуымыз керек. Өйткені, біздің біліміміз – Қазақстанның болашақтағы дамуы. Үшіншіден, адал әрі әділ болуымыз керек. Мектепте өзге балалардың жазғанын көшірмей, үлкендерге өтірік айтпай, ешкімді алдамай, барлығына әділ қарауды үйренсек, біздің еліміз де сондай таза болады. Төртіншіден, бірлігімізді сақтауымыз керек. Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері тұрады ғой, біз бәріміз дос болып, бір-бірімізді сыйлауымыз керек.
Тәуелсіздік – бұл ата-бабамыздың бізге қалдырған ең үлкен сыйы. Оны сақтау, нығайту және одан әрі дамыту – біздің, яғни 7-сынып оқушыларының да қолынан келетін ұлы міндет. Мен болашақта өз еліме қызмет ететін жақсы маман болатыныма сенімдімін. Сіздер де солай боламыз деген ниеттесіздер. Тәуелсіздік күні құтты болсын! Біздің еліміз мәңгі жасасын! Азаттығымыз баянды болсын!
Сұңғат САЙРАН,
7-сынып оқушысы,
«Алматы облысының Оқушылар үйі» КММ
«Жас журналист» үйірмесінің қатысушысы
