Басты бет Тағзым КЕРЕМЕТ КЕШТІҢ КЕЙІПКЕРІ

КЕРЕМЕТ КЕШТІҢ КЕЙІПКЕРІ

0
154

Сексеннің сеңгіріне шыққан аяулы анамыз Күлмәрия Таубекқызының 80 жасқа толу құрметіне орай ұйымдастырылған кештің куәгері болдық. Сүмбе ауылының тұрғыны, саналы ғұмыры бала тәрбиесіне арналған аяулы ананың  мерейтойын аудандық аналар кеңесі ұйымдастырыпты. Сырттан қол ұстасып келе жатқан екі абызды жиналған топ қол шапалақтарымен қарсы алды. Әсет ағам Ақылбеков кештің кейіпкері өмірлік жары Күлмәрия апамыздың қолынан ұстап келе жатқан сәтінің өзі жүрегіңді елжіретіп жіберетіндей. Жаратушы ием де шебер ғой. Бойшаң, сұлу ағамды нәзік, құйтақандай тәтеме жұп етіп қойған. Ағамның бойынан серілік, паңдық есіп тұрса тәтемнің бойынан жылылық, нәзіктік аңқып тұрды. Кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ деп ойладым ішімнен. Шүкір қаймағы бұзыла қоймаған қазақы ауылдың ең сұлу жұптары осы екі қария  болып көрінді маған.

Әкімдіктің мәжіліс залына бір қауым жұрт жиылыпты. Аудан орталығынан аналар кеңесінің мүшелері болып біз бардық. Әртіс киім киген қыздардың да қарасы көрініп қалды. Мерейтой иесі Күлмәрия Таубекқызының өмірбаянымен таныстырған қыз бір сәт бейнебаянға назар салуымызды сұрады. Онда апа ғұмырының әр сәтінен фотодеректер ұсынылды. Сонан соң сахна төріне аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжаһан Әликеева шықты. Аналар кеңесі Президенттің арнайы тапсырмасымен қайта құрылғандығын, бұрын әйелдер ісі жөніндегі комиссия құрамында болғандығын тіліне тиек етті. Аудандағы белсенді аналардың жұмыстары жайлы қысқаша мағлұмат берді. Аналар кеңесінің алғашқы төрағасы Клара Рахимберлинова да ортамызда отырғандығын айтты. Сүмбе ауылында  «Құрмет белгісі», «Ленин» ордендерінің иегері Әкен Романова, алтын құрсақты ана Зағипа Ибраимовалардың ізін басып келе жатқан тағы бір құрметті анамыз Күлмәрия апамыздың 80 жылдығына құтты болсын айтып, ұзақ ғұмыр тіледі. Алматы облыстық қоғамдық келісім басқармасы мен облыстық ішкі саясат бөлімі басшыларының жіберген Алғыс хатын табыс етті. Аудан әкімі Бота Елеусізованың да ыстық ықыласын жеткізді. Алғыс хатын табыстады. Аналар кеңесінің атынан апамыздың иығына шапан жауып, басына орамалын салды. Сүмбе ауылдық округінің бас маманы Гүлназ Атағұлова ауылының абыз ақсақалы атанған Күлмәрия апасына жүрекжарды тілегін айтып, ауыл әкімінің Алғыс хатын ұсынды. Ауылдың анасына айналған мерейтой иесінің бар жақсы қасиетін жіпке тізіп шықты.

Сонан соң құттықтау сөзге Әсет ағамның құрдасы, бала кезден тай құлындай тебісіп өскен достары Мүтәліп Өскенбаев шықты. Күлмәрия апамызды мектеп кезінен білетіндігін, ең сұлу қыз болатын, – деп әзілмен қызықты естелік айтты. Әскең екеуінің махаббаты жайлы біраз сыр шертті. Еркін форматтағы кездесудің сәнін кіргізді. Еңбек еткен жандар көп, бірақ олардың ішінде еленетіні, еленбейтіні болады. Күлмәрияның ниетінен болар, қашанда күліп жүретін қылығынан болар, міне, бүгін айтулы күн болып, мадақтап жатырмыз. Гүлеке, жүзден ас. Сен қандай марапатқа да лайықтысың деп ыстық ықыласын ақтарды. Тағы бір достары Жамбыл Уәлиев мерейтой иесіне ақжарма тілегін ақтарды. Әсет ағамыздың Күлмәрия апамызға үйленіп, шаңырақ көтерген шақтарынан, оқуына үш жылға, сонан соң әскерге үш жылға аттанып, жас жұбайын енесінің қолына қалдырып кеткен кездерінен қызықты әңгімелерді естеріне салды. Бәрі жарасымды. Сексеннен асса да әзіл-қалжыңдарын тастамай, бір-біріне деген құрметтерін әдемі әзілдерімен жеткізіп, жиналған қауымды күлкіге қарық қылған сәттің өзін бақытқа балауға болады. Шаңырақ көтергендеріне 60 жыл болған отбасының бүгінгідей қуанышқа бөленіп отыруы үлкен еңбектің, табанды мінездің арқасы екендігі даусыз. Ақылбековтер отбасының арқа сүйері тірегі Әсет ағам жан жарына деген тілегін жеткізді. Алпыс жылдан астам уақыт шаңырағының шырағын маздатып отырған жан жарына деген өзінің жүрек түбіндегі жылы сөздерін айтты. Келген қонағын құрақ ұшып қарсы алып, ауыздарына асын тосып, жылы шыраймен шығарып салғанының арқасында айналамда достарым да, бауырмал жанашырларым да көп болды. Осы кісінің арқасы екендігін бүгін жұртшылықтың алдында айтып, мойындайын, алғысымды білдірейін деп ағынан жарылды ағамыз. Ұл-қызы мен ұрпағының тамырын тереңге жіберіп, қанат жайғаны да жан жарының сабырлы мінезі мен табандылығының арқасы екендігін мойындады. Анасының қалауымен Күлмәрия апамызға үйленгендігін де жасырмады. Үлкендер екі жастың қосылуына қалай ықпал еткендіктерін, болашақты болжаған көріпкелдіктерін естеріне алып, балалық, жастық шақтарына саяхат жасатты. Әсет ағамыздың әңгімесінен сол дәуірдің өмір сүру салтына, тәртібіне, сол буын адамдарының мінез-құлқына қанық болдық. Адамдардың бір-біріне деген адалдығы, сенімі, жанашырлығы таңғалдырды. Екі жастың махаббаты, ертеңгі күнге үміттері қызықтырды. Әсет ағамның үйлену жолындағы жанкештілігі, жаяу жетелеп жүріп үйіне әкелген тұстағы суреттеуі көз алдымызға кино лентасындай өтіп жатты. Екі бөлмелі тоқал там, белі иілген әже мен бетін әжім басқан ана, қол ұстасқан екі жас шын мәнінде көркем фильмнің кейіпкерлеріндей әсер берді. Түрлі-түсті емес кино сияқты, бірақ мағынасы терең, тарихы тағылымды дүниеге еніп кеткендей болдым өз басым.

Аудандық мәдениет үйінің директоры Салтанат Ермұхаметова мерейтой иесінің жақсылығы мен күнгей тұстарын айтты. Осы ауылға келін ретінде Күлмәрия ападан үйренген өнегелерін әңгімеледі. «Жазерке» халықтық ән-би ансамблінің мүшелері Жанар Ашимова мен Гүлзина Дәулетбай Ана туралы жырды орындады. Көпшілік оған қосылды. Концерттік бағдарлама мерейтой иесіне арналды. Гүлзинаның орындауындағы «Бұлбұл» әні де керемет көңіл-күй сыйлады.

Кештің кейіпкері Күлмәрия Таубекқызы бүгінгі шараны өткізуге мұрындық болған аудандық аналар кеңесіне ризашылық сезімін жеткізді. 60 жылдан аса бірге келе жатқан жан жарына арнап «Бақыт құшағында» әнін шырқады. Алла тағала бір адамның бойына сұлулықты, көркем мінезді, әдемі дауысты үйіп-төгіп ере салады екен-ау деп іштей қуанып отырдық. Құрметтеп, әспеттеп жатқандарына басын иіп алғысын білдірді. Аудандық аналар кеңесінің белді мүшесі Клара Әубәкірқызы сирек айтылатын әндерден шашу шашты. Шәкира Шынтемірова әнші ұлдары Әсеттің атын Әсет атасындай әнші болсын деп, Дардамтыға алғаш көшіп келгенде Әсет ағалар тұрған үйге келгендіктен енесі осы кісінің атын қойыңдар, жақсы жан деген ниетін жерге тастамай ырымдап Әсет қойғандықтарын естелік қып айтты. Раиса Қойшыбаева, Өрлесін Көпжасаровалар да ізгі тілектерін, шынайы ниеттерін білдірді. Бұл күн бата беру мен жақсы ниет төгілген күн болды. Әдемі қартаю, салиқалы қария болу, сүйкімді ене, сыйлы апа, құрметті жан атану бір ғанибет екен. Оған осы кеште көзіміз жетті. Бала-шағалары, туған-туыстары мен көрші-қолаңдары да бар жақсы сөздерін арнап жатты. Адамға осыдан артық қандай бақыт керек.

Әр адамның өзінің маңдайына жазылған өмір жолы, тағдыры, тіршілік баяны болады. Еткен еңбек, төккен тер, татқан зейнет, шыққан белестері де әралуан. Біреуге бақ, дәулетті үйіп-төгіп бере салады, біреуге керісінше қанша тырысып, тырмысса діңкесін құртып, шаршататын өмірдің заңы қызық-ақ. Ақиқаты – ниеті, пиғылы дұрыс адамды Жаратушы құралақан қалдырмайтыны. Ешкімге залалы жоқ, білімі мен тәжірибесін бөлісіп, келген адамына бір шәугім шайын шынайы пейілімен беріп, қолынан келген жақсылығын бөліскен адамның өмірдегі несібесінің мол болатындығына көзіміз жеткен. Дәл сондай жандардың жақсылығына ортақтасқанымызға қуандық.

Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықты ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген жанның мерейтойы дәл осылайша аталып өтуі заңдылық. Сүмбе ауылындағы 140 балаға арналған балабақшаның отымен кіріп, күлімен шыққан бір жан болса, ол – Күлмәрия апамыз. Тәуелсіздіктің алғашқы алмағайып кезеңінде қазақи ауылда қазақи балабақшаның жұмысын жандандырып, сәбидің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде еткен еңбегі ерен. Ұлттық тәрбие мен ұлттық код дегенді сәби кезден санаға сіңіруді алғаш жолға қойған да, қолға алған да – Күлмәрия апамыз. Сол балабақшада тәрбиеленген балалар бүгінде азамат болып, кездесу ұйымдастырып, апайларына алғыстарын арқалатқанының өзі үлкен баға емес пе? Сол тұста билік тарапынан бір ауылда мынандай балабақшаға бала жинау мүмкін емес деген түсініктің де күлін көкке ұшырған – Күлмәрия апамыз. Бала толмақ түгілі, орынға таласып, кезекке тұрған бүлдіршіндердің көптігін көрген де – Күлмәрия апамыз. Сондай маңдай термен келген еңбектің жемісі болар – бүгінгі тойы. Әр адамның несібесі маңдайына жазылғанымен, жақсылыққа ұмтылып, жақсы күннен үміт артқан адамдарға берері молынан екендігі даусыз.

Адами асқақ қасиетке ие жандардың жақсылығын бөлістік. Қуандық, марқайдық. Өзіміз де осындай күнге жетейік деп іштей тілеу тіледік. 80 жасқа толған ананың батасын алдық. Жиырмаға жетпеген жасында қол ұстасып, шаңырақ көтеріп, өмірге ұятты ұл, қылықты қыз әкеліп, оларға жақсы тәлім-тәрбие беріп, бүгінде немеренің қолында, бақыт құшағында 60 жылдан аса бірге жүрген Әсет ағам мен Күлмәрия тәтеме әлемнің бар жақсылығы жар болсын дейміз. Жүректеріне Алланың нұры молынан құйылып, ұрпағымен мың жасасын. Адамзатқа арналған қандай жақсы тілек бар, соның бәрін арнағымыз келеді. Сексеннің сеңгіріне жеткен апамызды тоқсанның төрінен дәл осындай қалпында көргіміз келеді.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚТЫҢ АСАНӘЛІСІ – дәуірдің мінезіне айналған тұлға

Қазақтың Асанәлісі де бұл дәуреннен өтті. Алайда бұл – бір актердің өмірден өтуі ғана емес…