Ауданымыздың 90 жылдық торқалы тойы ел есінде қалатындай болып өтті. Әр күн белгілі бір тақырыпты қамтыды. Денсаулық пен спортқа арналған күні ауданға атақты спортшылар жиналды. Оның ішінде біздің ауылдың азаматы Имид Тохтахунов та болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары спорт әлемінде өзіндік ізін қалдырған Сұңқар ауылының ғана емес ауданның мақтанышы, кәсіби бокс пен ушу саньдадан төрт мәрте чемпиондық белбеу иегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Құрметті жаттықтырушысы, 1997 жылы Сан-Францискода өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Имид Тохтахунов ауылға күнде келе бермейді. Осындай оңтайлы сәтті пайдаланып ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы арнайы кездесуге шақырдық. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткен шараны «Чемпион ізімен» деп атадық.
Жиналған қауым ішінде ауыл тұрғындары мен арнайы шақырылған қонақтар болды. Чемпионның анасы ең құрметті қонағымыз болды. Ең алдымен Имид Тохтахуновтың жүріп өткен жолы, спорттағы жетістіктері, адами болмысы, ауылына деген сүйіспеншілігі, қамқорлығы көрсетілген бейнебаян ұсынылды. Чемпионның сара, дара жолы баяндалды.
Алғашқы сөзді мектеп директоры Жанар Алғожаева алды. Апта бойы өткен ауданның тойымен ауыл тұрғындарын құттықтап, келген меймандарға ризашылығын айтып, ауылдың мақтанышына айналған Имид Тохтахуновтың иығына шапан жапты. Анасының иығына орамал салып, гүл шоқтарын табыстады. Залдағы оқушылар чемпионға сұрақтарын қойып, үлкен биіктерді бағындыру үшін не істеу керек, спорттың қай түрі тиімдірек, чемпиондық атақпен өмір сүру оңай ма деген өздерін қызықтыратын сауалдарын төкпеледі. Имид Тохтахунов барлық сұраққа тұщымды жауаптар қайтарды.
Ауданның, облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов ауылдасының жеңісіне әркез марқайып, мақтан тұтатындығын айтып, оның отбасына амандық тіледі. Аудандық мәслихаттың депутаты Жеңіс Шарипходжаев та жүрекжарды ыстық ықыласын арнады. Шағын ғана ауылдан шығып, әлемдік деңгейде спорт додаларында топ жарған азаматқа әлі де биіктерден көрінгін деген тілегін жеткізді. Ауыл ақсақалдары Мамырхан Өміраханов, Амут Исмолиновтар аталық ақ баталарын берді. Мәсимжан Асимов, ардагер ұстаз Күлдашхан Тоқтасынбекқызы Имиджанның мектептегі оқушы кезінен естеліктер айтты. Чемпионның сыныптастары Ханшайым Ысқақова мен Бақытбек Бектұрсыновтар оқушы Имиджанның қандай дос, құрдас болғандығын қызықты етіп әңгімелеп, оның өте биязы, тәртіпті, тәрбиелі болғандығын айтты.
Имид Тохтахунов аудандық бокс жарысында жүлдегер атанған жас спортшыларды марапаттап, оларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.
Шараның екінші бөлімі мектептің спорт залында жалғасты. Мемлекеттік Гимн орындалып, шараның ресми және рухты атмосферасы айқын сезілді. «Шұғыла» тобының «Кукарелла» әуеніне қойылған спорттық биі көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Жас спортшылар жекпе-жек көрсетілімдерін ұсынып, өз шеберліктерін паш етті. Имид Тохтахунов спортқа қатысып жүрген балаларға бокс қолғаптарын, керекті құрал-саймандарды табыс етті. Спортшы болу үшін ең алдымен тәртіп пен төзімділік, жігер керектігін айтып, өзі де шеберлік сабағын өтті. Чемпион болу үшін қара тер төгіліп, шымырлылық пен шыдамдылық танытылуы қажеттігін түсіндірді. Ауыл балалары чемпионмен суретке түсіп мәре-сәре болысты.
Кездесу Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытыланды.
Жанар САЛИМОВА,
Сұңқар орта мектебінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
