Ауданымыздың 90 жылдығы өз деңгейінде өтті. Тек ауданда ғана емес Абай атындағы мектеп-гимназиясында да торқалы тойға орайластырылып оқушылар арасында «Ауданымның болашағы: армандар мен мүмкіндіктер» атты көрме жасалды. Би залының екі қанаты неше түрлі макеттерге толған. Мынау қыруар дүниеге қызықпау мүмкін емес. Баланың көзімен, оның санасындағы қым-қиғаш ойлармен жасалған көрмеден көз тұнады. Мынаны мектеп оқушылары құрастырды ма деп таңдай қағатындай-ақ. Ата-аналарының көмектескендері көрініп тұрды. Дегенмен болашақ ауданның сызбасын, жобасын жасаған балалардың қиялдарының ұшқырлығы, ойларының еркіндігі, сұлулықты түсінудегі өзіндік ерекшеліктері тамсандырды. Болашақтарын жарқын, өркениетті өлкеде елестетіп, бақуатты өмірдің жобасын сызғандарына риза болдық. Әр бала тақырып аясына қарай армандары мен мүмкіндіктерін аша түскен.
Көрменің ашылуы Назым Жарылқасынның орындауындағы «Қазақстаным» әнімен басталды. Томирис пен Дидар шараның тізгінін өз қолдарына алыпты. Алғашқы құттықтау сөзді мектеп директоры Қарлығаш Диқанбаеваға берді. Ғасырға жуық тарихы бар ауданның торқалы тойында үнсіз қалуды жөн көрмегендіктерін, балаларға жақынырақ тақырыпқа тапсырма берілгендігін түсіндіріп өтті. Балалар әлемі деген таңғажайып дүниеге бүлдіршіндердің көзқарасын, ұмтылыстарын ашқылары келгендігін жасырмады. Сәт сапар тіледі.
Ауданның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның мақсатын түсіндіріп, арнайы шақырылған қонақтарды таныстырды. Туған өлкеміз – тарихы терең, табиғаты әсем, еңбекқор халықтың мекені. Ал оның болашағы – жас буынның қолында. Осы көрмеде ұсынылған әр сурет, әр макет пен жоба – балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігі, арман-қиялы, ауданымызды көркейтуге қосқысы келетін үлесі. Бала қиялы мен отбасы жылуынан туған болашақтағы ауданымыз — береке мен бірліктің, өнер мен өркениеттің ордасы болмақ, – деген әдемі сөздерін арнады. Келген қонақтарды көрмені тамашалауға шақырды.
Шындығында келешек иелерінің армандары мен мақсаттары өте биік екен. Бастауыш сыныптары мен мектепалды даярлық тобы балаларының қолынан шыққан дүниелер таңдай қағатындай-ақ. Өз дүниелерін қорғаған сәттегі оқушылардың шабыттары тіпті бөлек. Асықпай, саспай ауданның болашағынан көргілері келетін нәрселерін еш қысылмай түсіндіріп жатыр. Ата-аналары да қосымша айтарларын қосып, балаларына демеу болғандығын айту орынды болар.
Облыстық қоғамдық келісім және даму орталығы мекемесі директорының орынбасары Тәңірбергенова Айымжан Кәріпжанқызы ауданның тойымен балаларды, ұстаздарды құттықтап, бүгінгі көрменің тамаша жасалғандығын айтты. Балалардың армандарының жүзеге асуына тілектестігін жеткізді. Аталмыш мектеп қамқоршылық кеңесінің төрағасы Гүлжаһан Әликеева де жүрекжарды ниетін ақтарды. Немерелері білім алып жүрген мектептің өзі үшін өте қымбат екендігін, бүгінгі көрменің бала санасында ұзақ қалатындығын түсіндірді. Аудандық әдістемелік орталығының бөлім басшысы Эльмира Рысмендиева мынандай көрменің балаларға ғана емес үлкендерге де ой салатындығын, үздік макет жасаған бүлдіршіндердің армандарының орындалуына тілектестігін жеткізді. Өз жобаларын қорғаған отбасылары ішінде бірінші сынып оқушысы Қабылғазы Әмірханның домбырамен ән қосуы тіпті жанды шықты. Қонақтарды риза етті.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева Қарадаланың торқалы тойына алыстан ат арылтып келген қонақтарға алғысын білдіріп, тойдың заңды жалғасы ретінде Абай атындағы білім ордасында балалардың көрмесімен ұштасып жатқандығына ризашылық сезімін жеткізді. Бұл көрменің ұтымды тұсы – отбасы мүшелерінің түгелдей атсалысуы. Өзім де ата-анамыз, бауырларымыз ортаға ой тастап, макет жасауға араластым. Өте қызықты талқылау жасадық, бір шешімге келдік, – деп ағынан жарылды. Мұнда үздік, биік демей барлығын жоғары бағалауға болады. Әр отбасының өзіндік ерекшелігі мен тапқырлығы көрініп тұр. Сондықтан мектеп басшысы Қарлығаш Тоқтарқанқызына, әкімшілікке, мұғалімдерге, оқушыларға шынайы алғысымды білдіремін деп сөзін түйіндеді. Жобаларын жасап, болашақты болжаған балаларға арнайы сый-сияпаттар мен алғыс хаттар табыс етілді. Ешкімді бөліп-жармады. Өйткені көрмеге қойылған дүниелер де бөліп жаруға келмейтіндей жоғары деңгейде еді. Балалардың қиялынан туған, періштелердің қолынан шыққан көрме нағыз шығармашылық туындысы деуге болады. Балалардың армандары орындалса екен деген ниетпен шықтық көрмеден.
Баян МАМЫРБАЕВА
