Басты бет Қазақ елі КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ…

КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ…

0
48

25 – қазан  Ұлттық мереке  Республика күнінде Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі Шонжының күншығысындағы тутұғырда өтті. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл құжат – Тәуелсіздікке бет алған қазақ елінің  саяси мәлімдемесі, азат ойының айшығы еді! Тарихи құжатқа биыл – 35жыл.

         Тутұғырдың маңына жиналған жұрт Тудың көтерілуін қызықтады. Елдігіміздің белгісі болған Көк Туымыздың көкке көтеріліп, қалықтаған сәті әр жүрекке мақтаныш сезімін ұялатты. Азат елде, ашық аспанда, бейбіт жерде туып, өскенімізге шүкір еттік. Сыртымызды жаудан, ішімізді даудан сақтаған Жаратушыға мың алғыс айттық. Туымыздың биіктен қалықтаған сәтін көру, тәуелсіздігіміздің тұғырының мықтылығын сезіну – үлкен бақыт. Дәл осы тұста егемендігімізге мың шүкіршілік айтамыз. Қайта жаңғырған ұлттық мерекемізге орай өңірлерде бірлігіміздің символы – көк байрағымызды көтеруге арналған салтанатты рәсім өткізу дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Көк туымыз көкке көтерілгенде мемлекеттік Гимніміз шырқалды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі Республика күніне орай ту көтеру салтанатты рәсімінің алғашқы сөз кезегі аудан әкімі Бота  Елеусізоваға берілді. Бүгінгі Ұлттық мерекеміз – Республика күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл халқымыздың мерейін асырып, отандастарымызға ерекше рух беретін орны орасан мереке. Бүгін көк туымыздың астына жиналған біз бірлігі бекем, татулығы тұрақты елміз. 1990 жылдың 25 қазанында Тәуелсіздік туралы декларация қабылданған сәтте ата-бабамыздың  асыл арманы, ақ тілегі орындалды. Егеменді ел болдық! Ауданымыздың ардақты тұлғалары Ызғарбек Бектұрсынұлы, Шаймардан Усеинұлы дәл осы тарихи құжат қабылданған сәтті көзбен көріп, егемендіктің күні көкжиектен көтерілгеніне, елдігімізге тұңғыш куә болған жандар. Осы егемендігіміздің шаңырағын шайқалтпай ұстап отыру біздің ендігі азаматтық борышымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы ұлттық мерекені ұлықтау сәтінде: «Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – азаматтар!», деп осы күннің маңыздылығын атап өтіп, Сіз бен бізге болашаққа бірге әрі сенімді қадам жасауға үндеу тастаған болатын.

Мемлекет Басшысы бастаған дәстүр бойынша биыл да Ұлттық мейрамда Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі орындалды. Бұл айрықша оқиғаларға орай өтетін салтанатты шара. Халқымыз үшін азаттықтан ардақты, байрақтан биік құндылық жоқ. Көк Туымызды биікте желбірету – бұл біздің қасиетті парызымыз, азаматтық борышымыз. Ұлттық мереке бірлігімізді нығайтып, биіктерге бастай берсін. Әр шаңыраққа қуаныш пен шаттық, мол бақыт әкелсін! Мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі – Егемен еліміздің көк байрағы көкте желбірей берсін! – деген жалынды сөздерімен ойын қорытындылады.

Аудан басшысының мынандай ыстық ықыласынан соң ауданның, облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынұлы ойын ортаға салды. Тәуелсіз Қазақстанды төрткүл  дүниеге танытқан  Туымызды, ел мерейін асқақтатқан азаттығымызды сақтау бәріміздің міндетіміз. Тәуелсіз Қазақстанның мерейлі мерекесі – Республика  күнін ұлықтап, Мемлекеттік Туымызды  тұғырға көтеріп, елдік рухымызды тағы бір мәрте  асқақтаттық! Елімізді әлем сахнасында биіктеткен бірлігіміз, татулығымыз, Отанға деген сүйіспеншілігіміз, азаттыққа деген адалдығымыз, ел болашағына деген  жауапкершілікті  сезіну баршамызға ортақ міндет екендігін айтып, туымыздың биіктен самғауын тіледі.

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Призыв – 2025: Более 1500 новобранцев пополнили ряды Десантно-штурмовых войск

В Десантно-штурмовых войсках Вооружённых Сил Республики Казахстан завершилась осенняя приз…