Басты бет Қазақ елі МАҚТАН ТҰТАР МЕКЕНІМ – РЕСПУБЛИКАМ МЕНІҢ

МАҚТАН ТҰТАР МЕКЕНІМ – РЕСПУБЛИКАМ МЕНІҢ

0
45

         Аудандық мәдениет үйінде республика күні құрметіне арналған салтанатты кеш өтті. Ауданның барлық елді мекендерінен, мекемелерден келген қонақтар көп болды. Құрметті қауым! Бүгін – қазақ халқының тәуелсіздік тарихындағы маңызды белес – Республика күні! Бүгін біз ұлы мемлекетіміздің қалыптасу жолын, ел бірлігі мен еркіндік мұратын ұлықтайтын күн. Бұл күн – мемлекеттіліктің, егемендіктің, демократиялық құндылықтардың символы! Бұл күн – халқымыздың азаттық рухының айғағы!    Бүгін – ұлт тарихындағы ұлы белес, бүгін – Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің рухын көтеретін күн!

Бұл күн – біздің мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, халқымыздың азаттығын айқындаған тарихи күн! – деген ұранды сөздермен ашылған шара рухымызды көтеріп тастады. Залға Мемлекеттік Ту енгізілді. Жиналған жұрт орындарынан тұрып Туға құрметтерін көрсетті. Сонан соң мемлекеттік Гимнді сахна төрінен аудандық шығармашылық орталықтың оқушылары орындап, мерейімізді тасытты. Ұлттық мерекенің осылайша басталуы заңдылық. Ту мен Гимнге құрмет көрсету арқылы мемлекетке деген махаббатымызды паш еттік.

Осыдан 35 жыл бұрын, 1990 жылғы 25 қазан күні қазақ халқының азаттығын айқындаған тарихи құжат – Егемендік декларациясы қабылданған болатын. Бұл декларация ел тағдырындағы жаңа бетбұрыстың бастауы еді. Ол біздің мемлекеттігіміздің іргетасын қалап, Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуіне жол ашты. Республика күні – бұл тәуелсіздік рухын, бірлік пен елдік идеяны дәріптейтін мереке.  Мерекенің алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Бота Елеусізоваға берілді.

Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында тарихтың қойнауындағы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, еліміз үшін ең ұлық мерекені күнтізбемізге белгілеп берген болатын. Сол сәттен бастап әр жыл сайын 25 қазан күнін Тәуелсіздік күні, Республика күні ретінде атап өтуді игі дәстүрге айналдырдық. Ал 1990 жылы дәл осы күні Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы декларациясы қабылданды.

Осы орайда баршаңызды егемен еліміздің ұлы құндылығына айналған ұлттық мереке – Республика күнімен шын ықыласыммен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Биылғы Республика күні Мемлекеттік Егемендік туралы декларацияның 35 жылдығы аясында аталып өтілуде. Президентіміз бұл мерекеге ұлттық мереке мәртебесін қайтарған сәттен бастап Республика күні қоғамдық санада әр адамның өз елінің болашағына деген жауапкершілігін айқындайтын, азаматтық бірегейлік пен ұлттық бірлікті айшықтайтын жалпыұлттық мереке ретінде қалыптасты.

Құрметті жерлестер! Менің осы қасиетті өңірге әкім болып тағайындалуым осы ұлттық мерекемен тұспа тұс келеді. Ағымдағы жылы өздеріңізбен бірге етене жақын жұмыс атқарып келе жатқаныма 2 жылдың жүзі болды. Осы кезең ішінде жоспарланған бірқатар жұмыстарды жүзеге асырдық. Біз бірлігімізбен, татулығымызбен еліміздің тұрақты дамуына айтарлықтай үлес қосып келеміз. Ауданымыздың барлық ауылдық округі ауыз сумен толықтай қамтылып келе жатыр. Газ құбырлары тартылып, жайлы әрі заманауи өмір сүруімізге қолайлы жағдайлар туды. Аудан орталығымен қоса  Шарын, Тасқарасу, Бахар ауылдық округтерінде де табиғи газдың құбыры тартылды. Сонымен қатар жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, аймақ көркейіп келе жатыр. Биыл Шарын және Бахар ауылдарына табиғи газ құбыры тартылып, халықтың игілігіне пайдалануға берілді.

Шырын ауылындағы орта мектебі толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай білім ордасына айналды. Денсаулық саласына да көңіл бөлініп, Ават, Кіші Дихан, Ақтам, Тиірмен ауылдарына дәрігерлік амбулаториясы салынды. Аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты қолданысқа беріліп, ел игілігі үшін қызмет етуде.Халықтың мәдени-рухани тұрғыда дамуы үшін Шарын ауылының 600 орындық мәдениет үйі толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілді.Өткен жылы бірқатар жанұяларға баспана бақытын сыйлаған көпқабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің тағы бір ғимараты бой көтеріп, құрылыс жұмыстары сәтті аяқталып, кезекте тұрған отбасыларға  су жаңа пәтердің кілттері табыс етілді. Көкпек – Шонжы – Жаркент аралығындағы күре жолдың толықтай күрделі жһндеуден өткені жергілікті халықты ерекше қуанышқа бөледі. Осының барлығы Сіз бен Біздің жетістігіміз! Тұғырлы тәуелсіздігіміздің жетістігі! Даму жолындағы әрбір тұрғынның сіңірген еңбегі мен төккен терінің жемісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауындағы «Қазақстан жан-жақты, түбегейлі реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Алда қарқынды жұмыс күтіп тұр. Біз бағдарымыздан айнымай, тек алға қадам басуымыз керек.!» деген жалынды сөзімен ойын қорытындылады.

Сонан соң біраз еңбегі сіңген азаматтарға «Еңбек ардагері» төсбелгісін кеуделеріне қадап, өзінің алғыс хаты мен Құрмет грамотасын табыс етті. Республика күні қарсаңында  аудандық әлеуметтік қызметкерлерді қолдау мақсатында Алматы Облысы Әкімінің қолдауымен   арнайы   көлік сыйға тартылғандығына куә болық. Аудандық   жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлімінің басшысы Вахидин Амирдиновке автокөлік кілтін табыстады.

Құттықтау сөзге шыққан Мәулен Нұров пен аудандық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Арлен Османовтар ыстық ықыластарын төкпеледі. Бүгінгі мерекенің мән-мағынасын ашатын сөздерін арнады көпшілікке.

Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік Туы  залдан шығарылды. Әрі қарай шара концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке», «Арзу» халықтық ән-би ансамбльдері мен аудандық балалар шығармашылығы орталығының және «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» мүшелерімен әзірленген концертте Отан, Қазақстан, туған ел, туған жер жайлы әндер шырқалды.

         Республика күні – рухымызды көтеріп, егемен елдің еңсесін тіктейтін күн. Арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай! Әр отбасыға бірлік пен береке, бақыт пен табыс тілейміз!

Баян МАМЫРБАЕВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Призыв – 2025: Более 1500 новобранцев пополнили ряды Десантно-штурмовых войск

В Десантно-штурмовых войсках Вооружённых Сил Республики Казахстан завершилась осенняя приз…