25 қазан – Республика күніне орай өткен бейсенбі күні аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері арасында веложарыс өтті. Аудан орталығындағы алаңда бас қосқан додаға қатысушылардан бөлек қызықтап келгендердің де қарасы көп көрінді. Жыл сайын күздің осындай тамаша күнінде жарыс өткізуді дәстүрге айналдырғандықтан сайысқа сақадай сай болып келген велододашылар өздерінің жүріп өтетін жолдарын жақсы біледі.
Республика күні еліміздегі ең ерекше, айшықты айтулы күн. Бұл күн – әр қазақстандықтың көкейіне шуақ шашатын, мақтаныш ұялатын, егемендігімізді мадақтайтын күн. Бұл күн – мемлекетіміздің тәуелсіздік жолындағы жетістіктерін дәріптеп, ортақ құндылықтарға деген құрметті нығайту, бірлік пен ынтымақты бекемдей түсетін тарихи дата.
Бүгінгі веложарыс – салауатты өмір салтын насихаттай отырып, елдік мерекеміздің мәні мен маңызын арттыруға бағытталған игі бастама. Спорт – жігер мен шыдамдылықтың, шынайы бәсеке мен достықтың белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың халық денсаулығын нығайтудың маңызды құралы екенін ерекше атап өткен болатын. Осы орайда бүгінгі шара – салауатты ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ортақ қадамның көрінісі. Білімі мен бәсекеге қабілеттілігі жоғары, жан-жақты дамыған ұрпақ – ұлт болашағының кепілі.
Мемлекеттік Гимн орындалып, жиналған қауым оны бірге шырқады. Сонан соң шара тізгінін қолына алған жүргізуші арнайы қонақтармен таныстырды. Аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлымен бірге саналы ғұмырларын спортқа арнаған спорт ардагерлерінің есімдері аталды. Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы алды. Спорт – тек күш пен жылдамдықтың емес, ерік-жігердің, еңбектің және табандылықтың символы. Велоспорт – адамның өз-өзін жеңіп, жаңа белесті бағындыруына бастайтын қайрат пен қажырды талап ететін ерекше сайыс түрі. Бұл жарыс – денсаулықты нығайтудың, төзімділік пен жігерлікті дамытудың, бірлікті бекемдеудің жарқын көрінісі. Бүгінгі веложарыс – мықтылардың мықтысын анықтайтын дода ғана емес, ел мерейін асқақтатып, ұрпақ санасына салауатты өмір салтының құндылығын дарытатын тәрбие мектебі. Батылдық пен табандылық, достық пен өзара құрмет – спорттың басты ұстанымы. Біз бүгін дәл осы құндылықтардың тоғысқан сәтіне куә болудамыз. Жарыс жолы жеңіл болсын, сәттіліктер жар болсын, жеңіс тұғырынан көрініңіздер деген тілегін жеткізді.
Сонан соң жарысқа төрелік ететін әділқазылар алқасының мүшелері таныстырылды. Додаға түспес бұрын спортшылар денелерін қыздырып алатын жаттығулар жасады. Жүргізушінің Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, намысты қолдан бермей, барша күш-жігерлеріңізді саласыздар деп ойлаймыз. Денемізді қыздырып алдық, енді жарысымызды бастайық, төрешілерге әділдік, қатысушыларға сәттілік тілейміз деген сөзінен соң спортшылар сөре сызығын кесті.
Өздеріне алдын ала таныстырылған маршрутпен алдарына жан салмай келген жеңімпаздарды жиналғандар ду қол шапалақтарымен қарсы алды. Ерлер командасында біріншілікке ие болған Үлкен Ақсу ауылынан Рамзан Турдахунов алдына жан салмады. Екінші орын шонжылық Эльзат Сауржановқа бұйырды, үшінші орынды шонжылық Ришат Қасымов иеленді. Әйелдер арасында мәре сызығын бірінші басқан Шарыннан келген Адалят Абдикаримова, екінші орын шонжылық зейнеткер Мубарак Абдувалиеваға бұйырды. Шонжылық Абдулин Саутов ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Жеңімпаздарды аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы ыстық ықыласымен қарсы алды. Жүрекжарды тілегін жеткізді.
Спорт – әлемнің елшісі. Өйткені спорт арқылы елдігіміз, ұлттығымыз танылып жатады. Саламатты өмір салтын ұстанудың өзі – денсаулық кепілі. Дені сау, шымыр, мықты ұлт қана алға қарай сенімді қадам тастай алады. Біз сондай батырлардың ұрпағы екенімізді танытып, кез келген жарыста жүлделі болайық дегіміз келді. Ауданымыздың спорт саласы дамып, жеңісті күндеріміз көп болғай…
Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ
