Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында келелі кездесу өтті. Ауданда жақында ғана құрылған Ассамблеяның жұмыс барысымен танысу және алдағы кезеңге қойылған жоспарларды талқылау мақсатымен өткен кездесуге Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы секторының меңгерушісі Қайрат Баймолдинов, Алматы облысы ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгеруші Әсел Жалғаспаева, облыстық қоғамдық келісім орталығы басшысының орынбасары Айымжан Тәңірбергеновалар қатысты.

Жиын тізгінін қолына алған аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлікті нығайту, қазақ тілінің рөлін арттыру, сондай-ақ жастар арасындағы толеранттылық пен патриотизмді тәрбиелеу мәселелеріне ерекше тоқталып, сол кісінің арнайы тапсырмасымен ауданымызда ашылған Ассамблея жұмысын жандандыру үшін арнайы келген азаматтармен таныстырды. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқандығын, еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналғандығын, елімізде бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасқандығын тіліне тиек етті. Ауданда құрылған Ассамблеяның жұмыс барысымен танысу және алдағы кезеңге қойылған жоспарларды талқылау, атқарылар жұмыстарды жүйелеу үшін жиналып отырғандығын түсіндірді.
Алғашқы сөзді Қайрат Дүйсенбайұлына берді. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған уақыттан бері Тәуелсіздігімізді нығайтуға, этносаралық татулық пен азаматтық бірлікті күшейтуде елеулі еңбек сіңіргендігін, бұл құрылымның жаңа жағдайда да елдегі бейбітшілік пен қоғамдық келісім бағытындағы мемлекеттік саясаттың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімі зор екендігін айтып, аудандағы Ассамблея жұмысына табыс тіледі.
Сонан соң «Қоғамдық келісім және даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудандық бөлімінің басшысы Асқар Құсайынов сөз алды. Қазақстан халқы Ассамблеясының басты миссиясы – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау. Бұл – мемлекетіміздің дамуындағы басты құндылық, елдің өркендеуі мен тұрақтылығының кепілі. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барлығымыздың ортақ міндетіміз. Ел Президенті атап өткендей Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірліктің, достықтың және өзара сыйластықтың ең басты алаңы. Біздің ортақ міндетіміз ауданымызда қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық татулықты нығайту, жас ұрпаққа достық пен ауызбіршіліктің үлгісін көрсету екендігін айтып, ауданда барлық ұлттар тату-тәтті ғұмыр кешіп, бірлесе шаруаларын тындырып, ортақ мүддемен өмір сүріп отырғандығын мақтанышпен жеткізді. Кәсіби медиатор, аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжаһан Әликеева да мінберге шығып аудандағы барлық ұлт пен ұлыстың татулықты ту етіп, кез келген шараны бірлікте атқарып жатқандығын айтты. Аналар кеңесінің мүшелеріне ризашылық сезімін жеткізді.
Жаңадан құрылып жатқан орыс этносының белсендісі Щукина Ирина Ивановна да аудандағы тұрғындардың бір-бірімен тығыз байланыста, достық қарым-қатынаста екендігін айтты. Біздің ауданның тұрғындары бірге тіршілік жасап, бірге тойлап, бір-бірінің көңіліне қаяу түсірмей келе жатқандығына мақтанатындығын жасырмады. Ассамблея біздің де талап-тілегімізге құлақ асып, тәуелсіз еліміздегі көптеген этностардың өркендеуіне құшақ ашып отырғандығына алғысын жеткізді. Қоғам белсенділері Мәулен Нұров пен Арлен Османов та ойларын ортаға салды. Аудандағы екі ұлт бір-бірімен туыс, құда болып, қоян-қолтық тіршілік етіп жатқандығын, ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайының күннен-күнге жақсарып жатқандығы осы татулықтың арқасы дегенді меңзеді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы қоғамдық ұйым мүшелері мен арнайы ат басын бұрған қонақтарға ризашылық сезімін жеткізді.
Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ
