Ел Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып, Бурабай баурайындағы сыр-сұхбатты тыңдап, түсінген, тұщынған, көңіл елегінен өткізген көкірегі ояу, көзі қарақты қазақ еліне ниеті дұрыс, әрбір адамның бұдан былайғы өмірінде қалай қадам басатыны тайға таңға басқандай анықталған, меніңше…
Өзінің, ұрпағының болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір жан аталған бағдарламалық құжаттарды оқуы қажет, көз жүгіртіп қана емес, жан жүрегімен түйсініп, қайта-қайта қарап, ой түюі керек. Түйсініп қана қоймай, осы бағытта әркім нақты жоспар жасап, дереу орындауға кірісуі тиіс. Өз ұлтын сүйетін, елін, жерін аялайтын жанға осылай ету парыз.
Біз бүгін рухани құндылықты, ұлттық ұстынды алаулатып алға шығарар кезге жеттік. Жаңа биіктерді бағындыратын кезеңге келдік. Оған біздің Елбасымыз барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Енді сөзден іске көшейік. Енді жалтақтыққа жол жоқ, ағайын.
Алдымыздағы алып-ұшқан оқушылар жүрегіне от берейік, құрметті ұстаздар. «Алты Алаштың басы қосылғанда төр мұғалімдікі» депті Алаш ардақтысы Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы. Төрдегі орындарыңыз төмендемесін, мерейлі мұғалімдер.
Меніңше, бүгінгі білім саласы жоғарыдағы мақсаттарға қол жеткізу үшін мынандай нақты қадамдар жасауы тиіс:
– «Өзіңнен тумай ұл болмас…» демекші, әрбір мұғалім өзінің орнын басатын кадр даярлап, соның ауылға келуіне ықпал жасау;
– Оқушылар формасы қазақтың ұлттық киімі үлгісінде болуы;
– Үзілістерде, тағы басқа қолайлы сәттерде қазақтың дәстүрлі ән-күйлері, саздары ойналып тұруы;
– Ертеңгілік бой жазуларды «Қара жорға» сияқты халықтың дәстүрлі буын билерінің мақамымен орындау;
– Әр пән мұғалімі әрбір сабақтың жоспарын жасағанда сол білім баланың болашақ өмірінде қандай пайдасы бар екеніне назар аудару. Мысалы: география пәнінің мұғалімі оқушының туған ауылы жайында кеңінен әңгіме қозғап, оның тауы мен тасы, көлі мен шөлі турасында мәлімет беріп, сүйіспеншілігін арттырса…
– «Өзіңді жаттай силағын, жат жанынан түңілсін» демекші әр ауыл өз тарихындағы көрнекті тұлғалар мен бүгінгі кемел азаматтарды анықтап, ат бастарын ауылға бұруына ықпал ету;
– Әр ауыл ономастикасын тарихқа сай етуге атсалысу. «Егер біз Қазақстанның әрбір сай-саласының, тауының, жолының, өзен атауының қайдан шығатынын жазатын болсақ, қазақтың тарихы ешқашан өшпес еді» деген болатын Президент Бурабайдағы сыр-сұхбатта.
Біздің жалғыз ғана Отанымыз бар. Қазақта Қазақстаннан басқа Отан жоқ. Сондықтан «Туған жер» бағдарламасы осы Отанымызды сүю, мадақтау, дүниежүзіне белгілі ету мақсатында жүзеге аспақ» – деген Елбасының сөзі есті адамның есінен шықпағаны ләзім.
Жәнет КЕРІМҚҰЛОВ,
«Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы