Басты бет Мәдениет және руханият КЕПЕБҰЛАҚ – ТАРИХИ МЕКЕН

КЕПЕБҰЛАҚ – ТАРИХИ МЕКЕН

0
3,257

Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу мәселесін нақтылап айтқан болатын. Өз сөзінде Мемлекет басшысы: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», – дей келе, бағдарламаның басты мақсатының бірі ретінде «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – дегенді қадап айтқан болатын. Расымен ғасырлар бойы бабаларымыз қорғаған ұлан-ғайыр даланың әрбір сай, қыраты, тау, тасы, өзен, көлі сыр шертеді. Тұма тарихтың куәгерлері. Өзіміз өмір сүріп отырған ауылымыздың да ұрпақ жадында қалар өміршең тарихы бар. Соны келешекке қажет болар деген мақсатта ауыл ақсақалдары мен көнегөз қарттардың шежірелеріне сүйене отырып жазылған Кепебұлақ өңіріндегі жер-су атаулары туралы деректерді ұсынсам деген оймен қолыма қалам алдым. Қажеті болса, жаратарсыз, ағайын.
Кепебұлақ. Кепебұлақ өзені. Кепебұлақ ауылы. Кепебұлақ тауы. Ауыл да, өзен де, тау да Кепебұлақ деп аталады. Неге? Кепебұлақ атауы қайдан шыққан? Әуелі осыдан бастасақ сөз басын.
«Ауылым тұнған тарих» демекші, Кепебұлақтың әрбір тасы да, құмы да, сай-саласы да – ғасыр сырын шертетін тұнып тұрған шежіре. Соның бірі – Кепебұлақ атауы. Кепебұлақ тауында арналар көп. Сол арнаның бірі – Секіртпе деп аталады. Сол Секіртпенің басында Кепе деген бай адам мыңғырған малымен, қора-қора қойымен жыл сайын жайлайды екен. Ол кезде бүгінгідей малды әртүрлі аурулардан сақтайтын дәрілер жоқ. Кепе бай қожайын жазда қойларын бірнеше мәрте сол суға тоғытып алады екен. Бұл өзеннің қасиеттілігі сол мал қышыма, қотыр сияқты аурулардан аман қалады деседі. Сонымен бірге ол кезде қазақтар қолөнерімен киіз, текемет сияқты төсеніш бұйымдарын түрлендіріп өздері жасайтын болған. Осы бұлақтың суына тоғытылған кепе, тоқты, қойлардың жүндерін жумай-ақ пайдалана беретін болған. Өз малын бұлақ суына ғана шомылдыратын Кепебайдың бұлағы келе-келе «Кепебұлақ» деп аталып кеткен. Сол Кепебайдың бұлағы Секіртпеден секіре-секіре жолындағы шағын бұлақтардың суын өзіне қосып отырып, бүгінгі Кепебұлақ аталған ауылдың шығыс беткейіндегі шағын өзекшені қуалай ағып, ауылды басып өтеді. Сондықтан осы өзен жағасына Ұлы жүз руынан Қайыпберді, Бесшал, Сексен балалары мекендеп, ауыл Кепебұлақ деп аталып кеткен.
Қазақ халқының XVIII ғасырдың бірінші жартысында қалмақ басқыншыларынан көп зардап шеккенін тарихтан білеміз. Біздің Кепебұлақ елі де – қалмақ шапқыншылығына ұшыраған ауылдың бірі.
Қалмақ-қазақ шапқыншылығы кезінде қазақтардың шабуылына төтеп бере алмаған қалмақтар тауға қарай жөңкіле қашып Кепебұлақ тауының қуысына орналасқан шағын қора секілді ойпаңға келіп тығылған екен. Сол ойпаң бүгінгі күні «Қалмақ қора» деп аталады. Осындай тарихи деректерге негізделген жер-су аттары Кепебұлақ өңірінде көптеп саналады.
Тастан қашалып жасалған белгісіз Қалмақ батырына арналған үлкен ескерткіш, тақта тастарға ойылып жазылған пиктографиялық жазулар, қашап салынған аңдардың суреттері бүгінгі күнге дейін бар ғасырды бойына сақтап, жұмбақ күйінде шешімін келешектен күтіп әлі тұр.
Біздің қазақ халқы өлген адамның бейітіне шошайтып топырақ үйетін болса, қалмақтар жалпақ тастарды қатарлап тізіп үлкен оба тұрғызады екен. Кепебұлақтың өңірінде осындай оба тастар көптеп салынған. Кімге қойылған, не үшін орнатылған тастар екені әлі күнге белгісіз. Ауыл қарияларының айтуынша, ол жерлерге қалмақтар көптеп қырылған кезде өздерінің адамдарының сүйектерін көмген деседі.
Кешегі өткен сұм соғыстың зардабы талай жүректі жаралап, талай баланың балалық шағына балта шапты емес пе?! Соғыс салған жаралар бүгінде тарихқа айналып барады. Кепебұлақ ауылының өзінен соғыс жылдары халықтың басынан кешкен оқиғаларын тізбектесе, үлкен бір кітап болар еді. Солардың біразы жер атауларына байланысты. Ауылымыздағы соғыс және еңбек ардагері Асрандин Шәріп атамыздың айтуынша, Кепебұлақ тауында «Нұғман жылаған жыра» деген өзек бар. Бұлай аталу себебі, соғыс жылдарында ерлер атқаратын ауыр жұмыстың бәрі желегі желбіреген келіндер мен буыны қатпаған жас балалардың иығына түсті емес пе? Сол кезде колхоз малына шөп шабу үшін бір топ әйел мен бала тауға аттанады. Күш – көлік аз, жұмыс өнбейді, шалғы ұстаған әйелдер «еркек емессің бе? Алдымызға түс» деп соғыстан бір аяғы кем боп оралған Нұғманды алдарына салып шөп шабады. Шырға тарту секілді ауыр жұмысты да бригадир Нұғманға артады. Кілең әйелдер мен балалардың ортасында жалғыз ер адам, өзі кемтар. Оған қоса ауруы, жұмыстың ауырлығы, әйелдердің әзіл-оспағы да жанына қатты батады. Осы қорлықтарға шыдамаған Нұғман «Бұлай қор болғанша, соғыста неге өлмедім» деп өкіріп жылаған екен. Содан бері сол жыра «Нұғман жылаған» деп аталады.
Сонымен бірге Кепебұлақ ауылының төменгі жағында «Дайыр сараң» деген сай бар. Сол сайда түрлі жеміс ағаштары өрік, алма, алмұрт, шабдалы бүгінгі күнге дейін өседі. Бұл сайды Дайыр деген адам жалғыз өзі баққа айналдырған екен. Еш жерде өспейтін ағаштар да осы сайдан табылады. Дайыр ата оған ешкімді жолатпаған, жемістерін де ешкімге жегізбеген. Оның тілін тапқан адамдар ғана бақтың жемісін жейтін көрінеді. Сондықтан халық Дайырды ешкімге ештеңе бермейтін сараңдығына қарап «Дайыр сараң» деп атап кеткен екен. Жалпы Кепебұлақ өңірінде көптеген жер атаулары бар. Бәрінің аталу тарихтары өз алдына бір дастан. Мәселен, «Кептерші», «Тамшыбастау», «Бұрған сай», «Жіңішке», «Талтұйық», «Қарабайдың ұясы», «Қарабаланың қайқаңы», «Қожабайдың тамы», «Бағиян өртеген», «Бесқарағай», «Жалғызқарағай» тағы да басқалары. Тізбелей берсек, көп. Бұлардың әрқайсысының қойнауы толған құпия, тарихи деректер, аңыздар мен естеліктерден тұрады.

Сайран АСРАНДИН,
«Нүсіпбек Исахметов атындағы
орта мектебі мектепке дейінгі шағын
орталығымен» КММ-ның
тарих пәні мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…