Елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күніне арналып келеді. Бұл жақсы бастама. Отан – отбасынан басталады десек, отбасындағы тыныштық, татулық, бірлік Отанның да тұрақтылығын қалыптастыратыны шындық. Ұлттық деңгейдегі мерейлі отбасына арналған байқаудың берері көп. Ол үлгі, өнеге, жас буынға мотивация десек болар.
Осы айтулы күнге арналған мерекелік шара аудан әкімінің қабылдауымен өтті. Кездесуге арнайы шақырылған 50,25 жыл отасқан жұбайлармен бірге жаңадан шаңырақ көтерген жастар да қатысты. «Алтын шаңырақ» иелері Болат Әлдибаев пен Құрманхан Илипбаева, «Күміс кереге» Ерболат Бақтыбаев пен Назым Түңлікбаева, жас жұбайлар Үміт Бедалжанов пен Аделя Моллахуновалар аудан әкімі Бота Елеусізованың ыстық ықыласына бөленді. Бота Серікқызы жүрекжарды тілегін жеткізіп, отбасы күнімен тұспа-тұс келген шаңырақтардың шаттық тойымен шын жүрегімен құттықтады. Алғыс хатымен қоса кәдесыйын да тапсырды. Жас жұбайларға неке туралы куәліктерін табыс етті.
Аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжаһан Әликеева да ақжарма тілегін ақтарды. Күміс той иелерінің атынан Назым Түңлікбаева отбасы құндылығы жайлы өзінің ой-пікірін жеткізді. Шаңырақ көтергендеріне жарты ғасыр толған Болат ағамыз аталық ақ батасын берді. Отбасының береке, бірлігін тіледі.
Отбасын күнін тойлау – қоғамның негізгі элементі ретінде отбасын қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып табылады. Отбасын қолдауға, қорғауға мемлекет тарапынан көптеген игі бастамалар жүзеге асып келеді. Бұл отбасы күнін кеңінен атап өту отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды бейнесін дамытуға, отбасындағы сүйіспеншіліктің, өзара түсіністік пен қолдаудың маңыздылығын көрсете отырып, отбасы мәртебесін көтеруге ықпал етеді.
Гауһар ШАВДИНОВА,
аудандық отбасын қолдау орталығының басшысы
