Басты бет Тағзым ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ

0
687

«Жақсының аты өлмейді» – деген шындық шығар, сірә. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Өткен адам болады көзден таса, өлді, өшті болады көзден таса, ол кетсе де белгісі жоғалмайды, керектісін ескеріп ұмытпаса», – демекші,  өзі өмірден өтсе де артында атқарылған ісі мен айтылған сөзі қалатын азаматтар бар. Оларды өте көп те айта алмаймыз. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті, оған қоса адами болмысы жоғарылары ғана көпшіліктің жадында қалары анық. Сондай атпал азаматтың бірі – Кинтал Бақиұлы Исламов. Оның ауданда қалдырған ізі орасан.

Кинтал Исламов 1927 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Оның балалық шағы да Алматы қаласында өтеді. Әкесі Бақи Исламов сол дәуірлерде Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласындағы Сталин атындағы ауылшаруашылығы институтын ұйғыр ұлтынан біріншілерден бітірген азамат болатын. Оны Өзбекстан Коммунистік Партиясы орталық комитетінің Сурхандария өлкесіне өкіл ретінде жіберілуі де тегіннен-тегін емес-ті. Білімді, сауатты азамат қай жерде де керек болатын. Сол дәуірдің ең өрескел, сойқан саясатының бірі – өзге ұлттан шыққан зиялы қауымға қарсы жүргізілген саяси ойын еді. Оған білімді, сауатты, өзіндік пікірі бар адамдар ілінетін. Бақи да солардың қатарында болды. «Халық жауы» деген атқа ілігеді.  Өзінің мықтылығы мен мінезділігінің арқасында ақталып шығып қайтадан бойын тіктейді. Өмірінің соңына дейін облыстық деңгейдегі мекемелерде басшылық қызметте болады.

Ал енді асылдың сынығы Кинтал Исламов та ата жолын жалғастырып, ауылшаруашылығы институтын жоғары бағаларға бітіріп, Шелек ауылындағы машина-трактор станциясына бас механик болып жұмысқа орналасады. Әрине ол жылдар техникалардың ауылдарда қат кезі. Оның тілін білетін мамандар да жоқтың қасы. Осындай шақта өзінің білімі мен ептілігі, кез келген дүниеге аса жауапкершілікпен қарайтын мінезінің арқасында ауылшаруашылығына қажетті техникаларды жинаудан қызметін бастайды. Сол замандарда МТС жұмысын жандандырып, ұжымшарлар мен кеңшарлардың толықтай техникалармен қамтамасыз етілуіне бастамашы болады. Кинтал Исламовтың бұл салаға келісімен шаруашылықтардың жұмысы жандана түседі. Комбайндар мен агрегаттар келе бастайды. Бас механик механизаторлармен бірге техника жөндеу жұмыстарына да атсалысады. Сол дәуірдегі басшылардың бойында қарапайымдылық дейміз бе, кісілік, әлде кішілік дейміз бе басымдау еді ғой. Біреулердің шамына тию үшін айтып отырғанымыз жоқ, шындығы солай. Аяқтарына керзі етіктерін киіп алып, қолдарын «солидол» майына малып алып, жұмысшылармен бірге шапқылап жүретін басшыларды көзіміз көрді. Қазір ондай көріністер көзден ұшып кеткендей. Заман өзгерді, қоғамдық құрылымдар басқаша реңк алды. Мүмкін сондықтан да болар. Ол кездің адамдары мемлекеттің тапсырмасын жан-тәндерімен беріліп істегендіктен, біз бүгінгідей берекелі өмір сүріп жүргеніміз ақиқат.

Кинтал Бақиұлы институтты қызыл дипломға бітіргендігін әңгіме барысында айтқан болатынбыз, оның дипломдық жұмысы да ауылшауашылығы техникаларын дамытуға, заманауиландыруға арналған болатын. Институтағы оқытушыларының тілегімен ол осы тақырыпты ары қарай жетілдіріп, 1953 жылы аспирантураға түседі. Жыл бойы ғылыми жұмыспен айналысқан инженер 1954 жылы КСРО Орталық Комитетінің тың жерлерді игеру туралы одақтық көлемдегі жобасы іске қосылады. Осы мақсатпен оны Көкшетау облысына жолдамамен жібереді. Мамандар жетіспей тұрған тұста орталық комитетке қарсылық танытуға ешкімнің қауқары жетпейтін. Көкшетаудың Розаев ауданына жіберілген Кинтал Исламов бас механик, бас инженер лауазымдарын биік жауапкершілікпен атқарды. Ол жерде үлкен автобазаның бастығы қызметіне тағайындалады. 1955 жылы аспирантурасын тамамдау үшін Алматы қаласына оралады. Белгісіз себептермен жазған ғылыми жұмысы жоғалып кетеді. Не үшін, неліктен? деген сұрақтарға жауап та таба алмайды. Сол тұстағы үкіметтің тапсырмасымен қол үзіп қалған жұмысын қайта жалғастыруға шешім қабылдайды. Басқармадағылар құшақ жайып қарсы алып, біздің ауданға жолдама береді. МТСтер болғанымен, оның жұмысын жүргізетін мамандар мүлдем болмаған тұсы еді. Білікті бас инженер 1955 жылы біздің ауданға жолы түседі. Әу баста Кетпен ауылындағы МТСқа, сонан соң Үлкен Ақсудағы МТСқа басшы болады. Ол біздегі жұмысын МТС курстарын ашудан бастайды. Өйткені ауылда талапты жастар бар, бірақ оларға дұрыс бағыт-бағдар беретін кәсіби маман жоқ еді. Қабілет, қарымы барларды жұмысқа алып, оларға техника тілін үйретіп, жөндеу жұмыстарына баулыды. Ауылшаруашылығын көтеретін сала – егістік алқаптарын өзі аралап кететін мінезін де айта кету орынды болар. Маусымдық жұмыстарда қай ауылға қандай техника керектігін біліп отыратын білгірлігі өз алдына бір төбе болатын. Гараж, техника жөндеу шеберханаларын салдыруды қолға алды. Тек қана техника үшін шеберханалар емес, жұмысшылардың жағдайына орайластыра отырып ауылды жерлерге орталық монша салуды да қолға алған алғашқы басшы деуге болады.

Табиғаттың әрқилылығына байланысты бірде істеп, бірде тоқтап қалатын су диірменнің орнына электр қуаты арқылы істейтін диірменді қолдануды ұсынды. Ондай жаңалықты енгізіп, ауылды жерде қолдану үшін қаладан арнайы білімі бар мамандарды шақыртты. Мекеменің жаңа ғимараты салынды, енді жұмысшыларға тұрғын үй салу мәселесін көтерді. Ағаш дайындайтын, қамыс оратын бригадалар жасақталды. Үй салу үшін кірпішті қаладан тасымаудың да жолын іздеді. Кірпіш шығаратын зауыт салынуы керектігін түсінді. Ол Аблин Низахуновты оқуға жіберіп, бұл зауыттың жұмысын жандандырды. Оны Қырғызсай ауылына салдырды. Аблин Низахунов жарты ғасырдан астам уақыт оның жұмысын жандандырып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтыды. Көрші ауылдардан да жұмысқа келушілер қатары көбейді. Ауыл үшін күнкөріс көзіне айналған зауыттың беделі ірі қалаларға жетіп жатты. Бұл жерде Аблин акамыздың еңбегі ұшан-теңіз. Бірақ оның іргетасын Кинтал Бақиұлы қалап кеткендігін бүгінде бірі білсе, бірі біле бермес. Қарадаланы сумен қамту армандарының негізгісі десек қателеспеппіз. Оны да қолына алып төменгі Шонжы каналын қаздырады. Оның нәтижесінде аудан халқы Шарын өзенінің суын пайдалануға мүмкіндік алды.

Егістік алқаптарының көлемі ұлғайды. Төменгі аймақ саналатын Шарынға, басқа да ауылдарға «жан» бітті. Ұзынтам, Рахат ауылдары пайда болды. Шонжы-Қалжат бойына 250 артезиан құдықтары қазылды. Соның арқасында бұл алқаптағы көкөніс, жүгері, жоңышқадан өнім мол алына бастады. Жем-шөп молайған сайын мал басы артты. Кинтал Исламов ауданда 14 жыл қызмет атқарды. Оның он жылы аудан басқаруға арналды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына, алға басуына өзіндік үлесін қосты. Ақтөбе каналын қазуға мұрындық болды. Шарын жүзім кеңшарын ұйымдастырды. Сол каналдың суы арқылы Розыбақиев атындағы кеңшар құрылды.
1970 жылы оның ауылшаруашылығын дамытуға қосқан еңбегі еленіп Алматы облыстық ауылшаруашылығы өнімдерін дайындайтын басқармаға басшы болып тағайындалады. Кең далада тыныстап, шапқылап жүрген жігітке кеңседегі қызмет онша ұнай қоймайды. Өйткені ол нағыз еңбектің адамы еді. Мазасыз, байыз тауып отыра алмайтын мінезі мұндай қызметке көндіктіре алмады. Өз өтінішімен жоғары лауазымнан кетіп, Күрті ауданы Тоқаш Бокин атындағы және Еңбекшіқазақ ауданының «Социализм» кеңшарларын ұйымдастыруға алсалысады. Біздің аудандағы алған тәжірибесін ол жақта да жүзеге асырып, ең алдымен тұрғындардың жағдайын жасап, тұрғын үйлер салады. Ақши мен Ташкенсаздың көркеюіне білегін сыбана кіріседі. Оның есімі бұл ауылдарда әлі күнге мақтанышпен ауызға алынады. Кинтал Исламов өмірінің соңына дейін облыстық қамсыздандыру мекемесінің басшысы болды. Өмірі өте қысқа болды. 57 жасында мәңгілік мекеніне аттанды. Бар саналы ғұмыры тер төгумен, тынымсыз еңбекпен өтті.  Кинтал Исламов өзінің маңдайына бұйырған ғұмырын еңбекке арнады. Оның есімі өшпек емес. Өзі бастамашыл болған Ақтөбе каналына есімі берілді.

Кинтал Бақиұлы өмірлік жары Алийәм Мұхтарқызымен өмірге Найля, ГауҺар, Наиль, Ая, Кинтал және Шолпан есімді балаларды әкелді. Олар жақсы әкенің жақсы балалары атанды. Әрқайсысы бір-бір шаңырақтың шырағын жандырып, өмірден өз жолдарын тапты.

Мақалаға тұздық ретінде Кинтал Бақиұлының көзін көрген Социалистік Еңбек Ері Рахилям Сейитова мен комсомол, партия қызметкері Күлипа Алғожаева, спорт ардагері Болат Ахметовтың естеліктерін тыңдап көрелік.

Рахилям Сейитова: – Кинтал Исламов адамгершілігі биік, өте кішіпейіл жан еді. 1958 жылы таныстым. Егіс басында жүгеріні суғарып жүрген кезімде ол кісі аяғында керзі етігімен жаныма келді. Қатты қысылдым. Сондай жұмыс бабында жүрген кезімде облыс басшысы Асанбай Асқаровпен жүгері алқабын аралады. Екеуі де кішіпейіл, бізбен бірге егістік басында тамақтанды. Сөйтсек ол кісілердің кісілігі мол, адамдарды алаламайтын қасиеттері биік екен ғой. Ондай басшыны, ондай азаматты енді кездестіре қоюымыз неғайбыл.

Күлипа АЛҒОЖАЕВА: – Кинтал Исламовтай азаматпен еңбек еткеніме өзімді бақытты санаймын. Мен аудандық комсомол комитетінде екінші хатшы болған адаммын. Орысшаға өте шорқақпын. Ол замандарда орыс тілін білмесең қызметіңнің өрлеуі де екіталай болатын. Сондай сәтте Кинтал Бақиевич қатты қолдау көрсетті. Жастардың форумына Қырғызстанға жіберді. Германияға барып қайттым. Келген соң мені аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бір бөліміне басшы етті. Кинтал Бақиевич алғаш көшіп келгенде қазіргі Шонжы ауылдық округі ғимаратының артындағы үйлерде тұрды. Ол кісінің қарапайымдылығы соншалықты түскі асқа үйіне баратынбыз. Бізді баласынбай қарсы алатын жеңешеміз. Қазір ондай адамдар жоқтың қасы.

Болат АХМЕТОВ: Мен Кинтал Исламовты оныншы сыныпты оқып жүргенде көрдім. 1965 жылы спорт мектебінің алаңына тұңғыш рет сазды ойғызып әкеліп, тізгізіп шыққан адам. Оқушылар, мекеме қызметкерлері түгелдей дерлік төрт бұрыштап сазды ойып, қазіргі тілмен газон ғой, алаңды жап-жасыл түске енгізгеніміз есімде. Сабақтан шыға салып, бар ынта-жігерімізбен кірісетінбіз. Екі жылдай күтімге алынып, жаттығуға келетінбіз. Қол добы мен футболды сол жасыл алаңда жаттықтырдық. Өзі де білек сыбана көппен бірге іске кірісетін. Жұмысына адалдық деген сол болар, бәлкім.

Әкесінің атын жаңғыртып, оның өнегесі мен өмірін халқының есіне салып тұрған ұлы Кинтал Исламов жылда дәстүрлі түрде әкесінің атында футболдан турнир өткізіп келеді. Бұл жақсы үрдіс. Жақсы адамның аты өшпейтіндігінің тағы бір белгісі осы болар. Аты аталып тұрғанда ол адамды өлді деуге болмайды…

Баян МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МЕМОРИАЛДЫ ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ

Кегенде Заманбек Нұрқаділов атындағы балалардың өнер мектебінде «Заманбектану» шарасы өтті…