Тәуелсіздік алған уақыттан бергі кезеңде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруымен бірге, рухани және мәдени өреміз де көтеріліп келеді. Құдайға шүкір, халықтың талап-тілегі орындалып, ұлттық мерекелеріміздің мәртебесі көтерілуде. Соның арқасында Құрбан айт мемлекеттік деңгейде әр жылы аталып өтілуде. Құрбан араб тілінде «жақындау» деген сөзге ие. Яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Алла Тағалаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.
Қаузағалы отырған тақырыбымызға сай Құрбан айт мерекесі туралы ақпарат алу үшін Шонжы ауылындағы №3 мешіттің бас имамы Бақтияр Ахметовпен тілдескен едік. Дәріпті дәстүріміз бен ислам дініндегі ұқсастықтар турасында сөз қозғаған ол, сөзін былай бастады:
– Бисмилләһир рахманир рахим. Қасиетті Құрбан айтты мерейлі мереке әрі өзіне жақындата түсетін сауапты құлшылық-ғибадат, күллі мұсылман баласына сыйға тарту еткен Алла тағалаға сансыз мадақтар мен мақтаулар болғай! Алланың салауаты мен сәлемі ардақты Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с)-ға, оның жайдарлы жанұясы мен салиқалы сахабаларына және де бүтіндей мұсылман халқына дарығай! Әуелі, барша мұсылман үмбетіне, соның ішінде қазақ жұртына қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт-берекелі Құрбан айт мерекесі мубәрәк болсын! Жаббар иеміз жанұяларыңызға жақсылықтарды жақын етіп, жамандықтардан қашық етсін!
Зулхиржа айының қасиетті он күндігінің оныншы жұлдызы мұсылман қауымы үшін торқалы той, мерейлі мереке болған Құрбан айт мейрамы екендігі белгілі. Ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін мұсылмандар үшін қос діни мерекенің ең шуақтысы – Құрбан айт. Бұл — ақ түйенің қарны ақтарылып, молшылыққа, зор қуанышқа, жақсылыққа, үлкен тойға ұласатын күн. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммед Мәдинаға келген кезінде жергілікті тұрғындардың тойлайтын екі күні бар еді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с) «Алла тағала сол екі күннің орнын сендерге олардан әлдеқайда жақсысымен алмастырды. Біреуі – Рамазан айт, екіншісі – Құрбан айт. Құрбан айт күнін мереке тұтуға бұйырылдым. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды», – деп айтты. Бұл мереке — ағайын арасын жақындата түсетін ұйытқы. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланысты күшейтуге итермелейтін ұлық мейрам. Құрбан айттың мұсылман жамағатын, ұлыстар мен ұлттарды біріктірудегі, өзара бауырмалдықты арттырудағы рөлі орасан зор. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлттық мерекелердің мәртебесі мен мерейін көтеру бастамасының нәтижесінде Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін мерекеге ұласты. Бұл Құрбан айтқа деген жоғарғы құрмет емес пе? Ал Алланың қадір тұтқан қасиетті белгілері мен күндерін құрметтеу – жүректегі тақуалықтың белгісі. Құранда «Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса, күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтай» делінген.
— Құрбандық шалу қалай пайда болды және оның сауабы қаншалықты?
– Негізінде құрбан шалудың шежіресі сонау Адам ата (ғ.с) заманынан бастау алып, Ибраһим (ғ.с) жолы болып қалыптасып, Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) жалғасын тапқан ұлық ғибадат. Сондықтан да аталмыш ұлы ғибадатты ынта, ықыласпен жүзеге асыру өте маңызды. Малды құрбандыққа шалғанда пенделердің негізге алатындығы Құран-Кәрімде былайша бейнеленеді: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет». Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде бұл ақиқатты былай тұсіндіреді: «Адам баласы Құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да басқа сүйікті іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандықтарыңды көңіл ризашылықтарыңмен шалыңдар», – деген. Сол сияқты «Сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с):
– Уа, Алланың елшісі, Құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.
– Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с) бабаларыңның сүннеті, – деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
– Қойдың жүнінен ше?
– Қойдың әрбір тал қылшығына да сауап жазылады», – деп сүйіншілеген.
Иә, Алла тағаланың бұйрығы мен Пайғамбарлар сүннетін орындау – Жаратушы Иеміздің мейіріміне кенелтіп, екі дүниенің сый-сияпатына бөлендіріп, Раббымызға жақындастырары сөзсіз.
— Дәстүріміз бен дініміз жайында не айтасыз?
– Өз кезінде-ақ бабаларымыз дәстүрін берік ұстана жүріп, ұлттық мерекелерді де ұлықтаған.
Зер сүйінші айтайын,
Мұсылман болып туғанға.
Ислам дінін қуғанға,
Намаз оқып зекет бер
Айналмаңыз құр малға.
Садақа беріп нашарға,
Жақсы мал шалғын Құрбанға, – деп Майлықожа бабамыз жырлағандай қазақ қашаннан Исламның негіздерін жүректеріне гүл етіп еккен. «Кең болсаң – кем болмайсың» деген сөз де содан қалған болар. Бұдан дана халқымыз соңғы нұрлы діннің әрбір ісіне ұқыптылық танытып, жаны жайсаң, көңілі дархан болғанын аңғарамыз. Дінімізде бардың барлығын дәстүрімізден көріп, бабалардың айтқан сөздерінен-ақ ұғына аламыз.
— Құрбандыққа шалынған малдың етін тарату турасында әңгімелесеңіз?
– Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке тарату – мустахап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады. Екінші бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ, шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға да таратуға болады. Алла Тағала құрбанның еті турасында: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер, әлі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» деп айтады. Құрбандық шалудың қоғамдық пайдасы мол. Құрбан айт күні ағайын-туыстарды, дос-жарандар мен көршілерді мерекемен құттықтап, ақ дастарқан басында Алланың бұйырған ризық-несібесінен, құрбандық етінен дәм татқан абзал.
Хақ Тағалам Ибраһим (ғ.с) бабаларымыздан қабыл алғандай біздің де құрбандықтарымызды қабылдыққа жазғай. Мұратымызды асыл, иманымызды кәміл етіп, екі дүниенің жақсылығын нәсіп еткей. Әумин!
— Әумин! Әңгімеңізге рақмет!
Иман – әділетті, мейірімді, берекелі қоғамның ұйытқысы екендігі айдан анық. Біз ұлық мерекені насихаттауға, құрбандық шалу дәстүрін жандандыруға, қоғамда қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға көбірек мұқтаж екеніміз де жасырын емес. Сондықтан да бұл дүние мен о дүниенің игілігіне бөлену тұрғысынан құрбандық шалу ислам дініндегі міндет екендігін әрбір мұсылман баласы санасына сіңіріп, жүрегіне түйгені жөн.
Сұхбаттасқан Думан ТОЙҒАЗЫҰЛЫ