Дәріхана – ауырғанда арқа сүйер жеріміз. Бірақ соңғы жылдары дәріхана мен дәрі-дәрмек айналасында халықтың көңілінде күмән көбейді. Біреулер бағасының шарықтап кеткеніне наразы болса, енді біреулер жалған дәрілердің жайын айтып шырылдайды.
Осыған орай біз сала мамандарымен сөйлесіп, дәріхана мен дәрі саудасының қазіргі жай-күйіне үңілдік.
– Қан қысымына, буынға, асқазанға керекті дәрілерді алып жүргеніме он жылдан асты. Бұрын 5-6 мың теңгеге толық бір апталық ем-домымды алатынмын, қазір сол үшін кемі 15-20 мың жұмсаймын. Кейбір дәрілер апталап жоқ болып кетеді, барын табу үшін бірнеше дәріхананы аралаймын, – дейді зейнеткер А. Қасымова.
Ал дәрігер-фармацевт Р. Аманжолов: – Бізде кейбір дәріханалар бағаны өздері белгілей береді. Дәрі-дәрмектің шекті бағасы бар, бірақ оны барлық дәріхана сақтай бермейді. Әсіресе, жеке меншік дәріханаларда айырмашылық айқын. Мысалы, 1000 теңгелік препарат бір жерде 1700 теңге болуы мүмкін. Мұндай олқылық – мемлекеттік бақылаудың әлсіздігін көрсетеді, – дейді.
Дәрігерлердің айтуынша, қазір Қазақстанда жалған дәрі-дәрмек мәселесі де өзекті. Әсіресе, интернет арқылы сатылатын, сертификатталмаған препараттар адамдардың өміріне қауіп төндіріп отыр.
– Әлеуметтік желіде «салмақ тастайсыз», «қысымды бірден түсіресіз» деген жарнамаларға сеніп, белгісіз дәрілерді сатып алып, жағдайы ушығып келетіндер жиі кездеседі. Мұндай дәрілердің құрамында не бар екенін ешкім білмейді. Ал тіркелген дәрілердің өзі кейде сапасыз болып шығып жатады. Мұның барлығы тұтынушының денсаулығына тікелей қауіп төндіреді, – дейді терапевт-дәрігер Салтанат Есенова.
Медицина саласында жұмыс істейтіндер де дәріхана қызметінің кейбір олқылықтарын айтып отыр. Көптеген аурухана мен емханалар дәріні тендер арқылы сатып алады. Бірақ кейде ұтқан компаниялар сапасыз немесе кешігіп келетін дәрілерді жеткізеді.
Мамандар пікірінше, баға саясатын реттеу үшін мемлекет шекті бағаны нақтылап, орындалуын қатаң бақылауы қажет. Сонымен қатар дәріханаларға тексеріс күшейтілуі керек, әсіресе жеке меншік дәріханаларда тексеру жиі жүргізілуі қажет. Қол жетімділік артылып, ауылдық жерлерге тегін немесе арзан дәрілер жеткізу жүйесі жетілдірілуі керек. Халықты ақпараттандыруда жалған жарнама мен тіркелмеген дәрілер туралы халықты үнемі ескерту маңызды.
Дәріхана – адам өмірімен тікелей байланысты мекеме. Оның жұмысы таза әрі әділетті болуы тиіс. Әрбір азаматтың денсаулығы – елдің байлығы. Сондықтан да дәрі-дәрмек саудасына бейжай қарау – болашаққа жасалған қиянат. Ал, бұл туралы Сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!
С. БАЗАРҚҰЛОВА
