Кетпен ауылдық округіне қарасты Құдық атты қыстақта бірнеше шаруа қожалығы түрлі қиындықтарға қарамастан, мал шаруашылығын табысты жүргізіп келеді. Солардың бірі — 2007 жылы құрылған «Самғар» шаруа қожалығы.
Бұл қожалықты ағайынды Еркінжан мен Болатжан Тоқтарбек басқарады. Олар ірі қара мен ұсақ малдың бірнеше тұқымын өсірумен айналысады. Қыста Құдық пен Тастықар қыстауларында жүздеген сиыр, өгіз, қой, жылқы мен ешкі бағады.
Құдықтағы қыстақта малға Еркінжан мен оның отбасы қараса, Тастықарда шамамен жүзге жуық ешкі Болатжанның қарауында. Қожалықтың меншігінде 21 гектар жайылым, 5 гектар суармалы жер бар. Соның 2 гектарына мал азығына қажетті жүгері мен жоңышқа егілген. Алайда бұл көлем жеткіліксіз болғандықтан, шаруалар ауыл тұрғындарынан қосымша шөп сатып алуға мәжбүр. Жыл сайын екі рет шөп шабылып, шамамен 500 түк шөп жиналады. Бірақ су тапшылығы салдарынан бұл да жеткіліксіз.
Ағайындылардың айтуынша, жаз мезгілінде екі құдықтан шыққан су тек суаруға емес, тұрмыстық қажетке де жетпейді. Мұндай жағдай Тиірмен, Ақтам, Ават ауылдарындағы қыстақтарда да байқалады.
– Электрлі сорғылар бұрыннан істемейді, ал өздігінен ағатын құдықтардың суы жылдан-жылға азайып барады, – дейді шаруалар. – Егер су жинайтын қойма салынса, бұл мәселе шешілер еді. Сонымен қатар, бізге жайылым жерлер қажет.
– Егер үш гектар жер берілсе, мал басын көбейтіп, шаруашылықты кеңейтуге мүмкіндік болар еді. Қазірше қолда бармен тірлік жасап, малды шөп және сабанмен өз күшімізбен қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді олар.
Қиындықтарға қарамастан, Еркінжан мен Болатжан отбасылық кәсіпті дамытып келеді. Тарихи отанына оралған олар отбасыларының туған жеріне қоныстануы үшін көп күш жұмсады, ал балалар өздері айналысатын кәсіптің ебін тапты.
Әнел ҚАПАР
