Ауданымыздың табиғаты Жаратушының бізге берген үлкен сыйы. Орман, тоғайымыз, ыстық шипалы суымыз, аң мен құсқа толы тауларымыз біздің туған жердің баға жетпес байлығы. Сол байлықты одан ары көбейтіп, гүлдендіріп, келешекке мұра ретінде қалдыру үшін барлығымыз атсалысқанымыз дұрыс. Биылғы шілденің аптап ыстығы көптеген адамдарды тауға қарай, салқын судың жағасы мен орманды жерлерге жетеледі. Демалушылардың қатары арта түсті. Қырғызсай тауының етегі демалушылар мен саяхаттаушыларға толды. Табиғат аясында тыныққан өте жақсы. Дегенмен жаққан оттарын өшіріп, босаған бөтелкелерін, тамақ қалдықтарын жинастырып, таулы аймақтың ластанбауына да көңіл бөлген абзал.
Өрт – тілсіз жау. Өрт – адамдардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға зиянын тигізетін алапат апат. Айтып келмейтін апат табиғатымыздың таптырмас байлықтарына үлкен зиянын келтіреді. Оның салдары өте көп. Өрт оқиғасына, негізінен, тұрғындардың салғырттығы, көлік иелерінің темекі тұқылын сөндірмей жол жиегіне тастауы, жеке шаруашылық техникаларының жер жырту кезінде істен шығып, ақаулары кесірінен оттың ұшқындауы секілді мәселелер себеп болады. Өрттің кесірі көптеген залалға алып келетінін біле тұра кейде селқостық танытамыз. Бұған бей-жай қарауға болмайды. Айтып келмейтін апаттардан сақтану да күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Сондықтан, қай кезде де тілсіз жауға тосқауыл қажет. Күннің күрт ысуына байланысты табиғи өрттердің орын алу қаупі арта түседі. Аптапта ыстық пен қуаңшылық кезеңінде ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызы өте зор. Өрттердің көбі орман қорына көршілес орналасқан шаруа қожалықтары және ауыл шаруашылығы ұйымдарына тиесілі шабындықтарда өсімдік қалдықтарын жағу салдарынан да болып жатады. Адами фактордың салдарынан табиғат аясында демалушылар мен тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы да орын толмас оқиғаларға ұрындырады.
Өрттің де, судың да артында адамның тағдыры тұр. Әсіресе жаз мезгілінде дала ыстықтан күннен-күнге күйіп барады. Қуаңшылық орын алған жерде өрттің өршитіні бесенеден белгілі. Шөптердің жануына далада жатқан шыны, сынық әйнектердің қызуы, жол бойында автокөліктерден лақтырып кеткен өшірілмеген темекі тұқылдары, найзағай, шөп ору жұмыстарына қатыстырылатын тракторлар мен агрегаттардың жарамды шоқ өшіргішпен жабдықталмауы себеп болуы ықтимал.
Қас-қағым сәтте қалың орманның өзін күлге айналдырып жіберетін өрттің адам үшін қаупі басым. «Қазақстан Республикасының ормандарындағы өрт қауіпсіздігі» ережесіне сәйкес, жас ағаштар, кесілген ағаш қалдықтары мен дайындалған кеспе ағаштар, шөбі қурап қалған жерлер маңайында от жағуға тыйым салынады. Орманды өрттен қорғау – әрбір адамның міндеті. Өрттің кесірінен болатын зардаптардың орнын толтыру мүмкін бола бермейтінін әр адам ұмытпағаны дұрыс. Өз өміріміз бен жақындарымыздың өміріне, маңдай термен жинаған материалдық құндылықтарымызға жауапкершілікпен қараған жөн. Таудағы тәртіп пен өрт қауіпсіздігіне, орманды алқаптардың ластанбауына бірден-бір жауапты тұлға ретінде тауға келушілерден тазалықты талап етемін. Темекі тұқылы мен қазанның астындағы оттың шоғын өшіруді ұмытпаңыздар. Әкелген тағамдарыңыздың қалдықтарын қалдырмаңыздар. Жанатындары болса қазаның астына салып жағып тастаңыздар. Бөтелке, шыны ыдыстарыңызды ұмыт қалдырмай көліктеріңізге салып алыңыздар.
Жердегі апаттың, қасіреттің бірі – адамның қадағалауынан шығып кеткен өрт, ол – жер бетіндегі тіршіліктің жауы. Өрттің артында қайғы-қасірет пен өртенген заттардың қалдығы қалады. Қадағаланбаған өртте аңдар мен ќұстар, өсімдіктер жойылады, адам қолымен салынған ғимараттардағы өртте адамның өмірі мен денсаулығына қатер төнеді. Сіріңкемен ойнаған қараусыз бала, өшірілмеген от немесе тасталған темекі тұқылы өрт қаупін төндіретінін ойламаймыз. Өрттің басты себептерінің бірі – от ошақтарын пайдаланудағы салақтық. Қазір ауа-райы жылынған сайын отты азырақ жағады, бірақ одан өрт шығу қауіптілігі азаймайды. Адамдардың өртке мұқият қарауы мен айналасындағы қоқыстарды белгіленген жерге тастауы, тазалықты сақтауы адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан таулы аймақтардағы ағаштарға қамқор болып, жасыл желектің кесіліп кетпеуіне назар аударып, өрт қаупінен аулақ болайық.
Берікбол ЧЕРҒАЛИЕВ,
Подгорное орманшылығы 5 ші айналым орман күтушісі
