Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар… – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай ауылына ақыл айтар, өскеніне демеу болар, адасқанын жолына салар қазыналы қарттардың азайып бара жатқандығы қай-қайсысымызды болмасын ойға шомылдырары анық. Олардың жүріп өткен тауқымет жолы ұрпаққа үлгі, істеген еңбегі болашаққа өнеге, берген батасы сарқылмас қазына.
Сондықтан да болар «Қариясы бар елдің, қазынасы бар» деген мақал ел ішін аралап жүргені. Бірақ қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда қазыналы қарттарымыздың қадір-қасиетін ұғына алмай барамыз. Қарттарымыздың әрбір айтқан сөзінде жанға азық болар қазына, ой түйер мағына бар екендігін де ұмытып бара жатқандаймыз…
Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір ауылда…– дегендей әр ауылдың ақылшысы, дариясы, жол сілтер көсемі болмаса ел жетім. Сол сияқты ауылына ақылын айтып, ұрпақтарына жол көрсеткен Шонжы ауылының ақсақалы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Нұрғали Сыдықбеков атамыздың отбасы өркен жайған, өзгеге үлгі болған. Атамыздың өмір жолын үлгі ету мақсатында жолымыз түсіп, қарашаңырағына атбасын бұрған едік. Сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанға қарай аяқ басқан қарияның шаңырағы берекелі де мерекелі екендігін бірден аңғардық. Қазақтың дәстүрін дәріптеп, салтына салмақпен қарап, өткені мен келеріне талдау жасап отыратын Нұрғали атамыздың әңгімесі маңызды, сөзі мағыналы. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін дүниеге келгенінен бастап, өмір жолындағы көрген-түйгендерін, еткен еңбектерін жіпке тізіп шықты. Нұрғали ата сиыр жылының шығысы, барыс жылының кірісінде, 1937 жылы Шошанай ауылында қарапайым шопан отбасында дүниеге келген. Атамыздың дүниеге келуі елдің ашаршылыққа ұрынуымен, Ұлы Отан соғысының басталуымен, қайғылы қара қағаздың қараша халықтың «есін екеу, түсін төртеу» еткен шағымен тұспа-тұс келді. Балалықтың бал дәмін қанып ішпеген атамыздың балғын шағы қиын-қыстау кезеңдерге толы болып, ауылда қалған кемпір-шалдармен бірге қара жұмыстың қармағына ілінеді. Соғыс жылдарындағы тылдағы еңбектің қиыншылығы айтпаса да белгілі. Сол ауылда 4 сыныпты бітіріп, 1950-1952 жылдары Сүмбеде, 1952-1955 жылдары Үлкен Ақсу ауылында оқып мектепті тамамдаған. Осылайша балалық шағын көбінше сыртта өткізген атамыз Талғардағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі. Ол кезде ауылдан барған қазақтың қарапайым баласы орыс тілін білмейтін. «Оқуға барғанымызда тіпті орыс тілінде нан сұрап жеуге шамамыз жоқ. Сабақ барысында сұрауына жауап та бере алмайтынбыз», – деп өткенін еске алған Нұрғали ата оқуды 1958 жылы аяқтағанын айтты. Сол жылы Іле колхозына жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын бастайды. Өжеттігі мен іскерлігінің арқасында жұмыста да талай табысқа жетіп, 1961 жылға дейін зоотехник болып қызмет етеді. Осы жылы ферма жетекшісі лауазымына тағайындалады. 1968 жылы қатты қыс болып, мал қырылып, жағдай қиындай бастайды. Бірақ табандылық пен еңбектің арқасында Нұрғали ата жетекшілік ететін бөлім аз шығынға ұшырайды. Бұдан кейінгі жылдарда төл алудың саны мен сапасы артып, зор пайдаға қол жеткізеді. Ол жетістік – «Еңбек Қызыл Ту» ордені еді. Одан кейін аудандық тұтынушылар қоғамында бөлім басшысы қызметінде, Дардамтыда бас зоотехник жұмысында, тағы да сол сияқты бірқатар қызметтерде болады. Жемісті еңбектің арқасында Мәскеуге туристік сапармен барып, Еуропа жағын аралап, 1969 жылы Қазақстан бойынша колхозшылардың 3 съезіне қатысып, «Қазақ СССР-нің халық бақылаушысы» мекемесінің грамотасымен марапатталған. Іле колхозында жұмыс істеп 1994 жылы зейнетке шыққан, еңбек жолында талай жұмыстарды атқарған атамыздың кеудесі медальдарға толы…
Отбасы – ошақ қасы, бала тәрбиесі, оның жетістігі ата-ана үшін зор бақыт. Жан жары Тұрахан Абдуллаева апамызға сырттай ғашық болып, хат жазысып, хат алысып, көңілін білдіре жүріп, 1960 жылы отбасын құрып, шаңырақ көтереді. 6 құрсақ көтеріп, 4 ұл, 2 қызды өмірге әкелген алтын құрсақты ананың да мерейі үстем. Бала-шағасының қызығына, қуанышына, жетістігіне бөленіп отыр. Бүгінде 14 немере, 13 шөбере сүйген ата-әженің айтар ақылы да, тілер тілеуі де, берер батасы да көп. Қазақ халқының текті екенін айтқан атамыз салт-дәстүрдің тәрбиеде маңызының зор екендігін тілге тиек етті. Жастардың оқу оқып, білім алуы, жан-жақты болуы, өркендеп қанат жаюы, тіл білуі елдің өркендеуіне, өсуіне септігін тигізетіндігін жеткізді. Бүгінгі таңдағы отбасын құру, ажырасу мәселелерінің қазақи мінезге сай келмейтіндігін айтып, отбасындағы бірлікті, татулықты, шаңырақтың шайқалмауын сақтау отағасының да, отанасының да міндеті екендігін ескертті.
«Шежіреден сыр шертіп жатқан ұдай,
Кеудесі алтын қазына қарттарым-ай.
Арамызда тірі боп жүре берші,
Қуат бер қарттарыма патша Құдай»,– деген өлең жолымен сөзін тамамдаған Нұрғали ата «Көргенімізден көрмегеніміз бала-шағаның жақсылығы. Бізге енді көрер не қалды дейсің? Ендігі уақытта заманымыз тыныш, еліміз аман, тоқшылық ұзағынан болып, Құдайым сұқ көзден сақтаса екен. Еліміз алып екі мемлекеттің арасында тұр. Оның бірі – айдаһар болып от шашып, екіншісі – аюдай ақырып тұр. Сонда да аз ғана уақыттың ішінде Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында белестерді бағындырып, зор жетістіктерге жеттік. Ендігі уақытта да өркендеуіміз, өсуіміз тоқтамай, бейбітшілік мәңгілік орнап, ұлдарымыз саналы, қыздарымыз абыройлы болса екен дейміз!», – деген тілегін жолдады. Бақ дарып, дәулет қонған қарияның шаңырағы әр уақытта бақыт пен берекеге толы.
Думан
ТОЙҒАЗЫҰЛЫ