Аяулым – мекемедегі әдемі қыздардың бірі. Өзі қызмет ететін құқық қорғау органында әрине ер адамдар көп болғандықтан ол да сәнді киініп, өзін өзі күтіп, айналасындағылардың назарын аударғысы келгендей әдемі түрін одан әрі әрлендіре түскендей, маң-маң басып, шалқақтап жүретінді шығарды. Мекеме басшысы да түрі келіскен, әсіресе форма кигенде кез келген келіншек көзінің астынан ұрлана қарап, қызғаныштан іштерінен қызыл ит жүгіріп өтетін. Аты да Оспан десе дегендей тұлғалы, артық сөзі жоқ азамат. Төрт ұлдың әкесі. Келіншегі алыс жақтың қызы екен. Мінезді, тұлғалы Оспан мен төрт ұлдың бабын тауып отырған келіншек те оңай шағыла қоятын жаңғақ емес.
Аяулым үйдегі бес қыздың үлкені. Әлі тұрмысқа шыға қоймады. Сырт келбетіне қарап, кейде ақылды сияқты көрінгенмен, кейде алып-ұшып жеңіл жүрістегі ешнәрсе ойламайтын жанға ұқсап кетеді. Білдей бір мекеменің басшысы, бір шаңырақтың ұйытқысы, ұжымда қаталдығымен танылып қалған Оспанның көзі де бірден сұлуға түсті. Неге екені белгісіз, Аяулымның алдында дегбірі қашып, көзімен ішіп-жеп, сонымен бірге болғысы келіп, үйдегі төрт баласын да, алғашқы махаббаты болған әйелін де бір сәт есінен шығарып, тіпті өзінің биік қызметін де ұмытып, оның шырмауына ілініп, есі ауысқан жандай айналасындағылардың да пыш-пыш әңгімесінен де, аңдысқан көзқарасынан да үрікпей белгісіз бір сезімнің жетегінде мас адамдай күй кешіп жүргенін бәрі де сезетін.
Қазіргідей бір-бірін аңдысқан, қайтсем біреудің кемшілігін тапсам, оны бетіне бассам деген мынау дүбара заманда қызметтестердің бір-біріне деген сезімдерін барлық ұжым мүшелері сезіп те, түсініп те болды. Барлығы бойжеткенді айыптай бастады. Заң органында отырып азаматтардың құқығын қорғаудың орнына өздерінің жеке бастарының сезімдерін тежей алмаулары өсектің өртін лаулата түсті. Мүмкін сезім емес, жай ғана құмарлық болар екеуге айналасындағылар жиіркенішпен қарай бастады. Бәрі де жап-жас қызды айыптады. «Бұзау көзін сүзбесе, бұқа бұйдасын үзбес еді» деген мақалды көлденең тартысты. Ал Аяулым басшыны өзінің құрығына түсіргеніне мәз. Кейде тіпті келемеждеп тұрғандай, ойқастайтынды шығарды. Оның қылықтарын көріп Оспан тіл-ауыздан қалып, күмілжіп, не айтып, не қойғанын білмей әбден сасады. Осындай сәті қызға қатты ұнайды. Одан әрі емешесін ездіріп, көзін ары-бері төңкеріп, дегбірін қашыра түседі. Бастығының тоқтауға жақын тұрған жүрегімен ойнағысы келетіндейі. Әйел – айлакер. Оспанның сезімін сезеді, сөйте тұра елемегендей күй танытып оның көзінше басқа еркектермен қылжақтасып, әбден ығырын шығарды. Онымен жақындасуды қалап тұрса да, бойын аулақ салып, қылымси қалады. Сезімі арнасынан асып тасып жатса да қыздың мінезінен бата алмаған Оспан күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Көзбен ғана арбасып жүрген күндердің бірінде Аяулым батыл қадамға барды. Оспанды өзі кешкі кездесуге шақырды. Орталықтан жырақта, көлдің жағасында саяжай деуге келетін санаулы ғана үйі бар жердегі бір бөлмені жалдап, «Екеуміз ғана боламыз, үйдің қожайындарына ақысын төледім, таң атқанша ешкім мазамызды алмайды» дегенді естігенде мүлдем есі шыға жаздап қуанды. Сейфіндегі «қара күнге» деп жинап жүрген біраз қаржысын қалтасына салып, күннің батуын күтті. Аяулымның мінсіз дене бітімі, әсіресе толған айдай дөп-дөңгелек кеудесінің дірілі көз алдына келгенде өзін қоярға жер таппай кетеді. Сансыз ойлардан рахаттанып, алтын сататын дүкеннің алдына қалай келгенін де сезбей қалды. Ең қымбат, асыл тасты сақина іздеді, «жо-жоқ сақинасымен қоса сырға да алуым керек» деп күбірлеп, ең қымбатын сатып алды. Одан басқа неше түрлі тәтті тағамдар мен сусындарды да аямады. Әйеліне жұмыс сапарымен кететіндігін, қонуға келмейтіндігін ескертті.
Он сегіздегі жас балаша алып-ұшып, келісілген мекенжайға ертерек жетті. Аяулым да дастарқанды екеуіне ғана әзірлеп, аса жоғары талғаммен сәндеп қойыпты. Багажниктегі тағамдарын түсірісіп, бойжеткеннің сықылықтап күліп, әрі-бері денесіне тиіп кетіп, ет жақын адамындай өзімсінген кейпіне тіпті мәз. Махаббат шәрбатына мас болған екеу бір-бірін көптен білетін құрдастардай таңның атқанын да сезбей қалды. Он бес жылдық отбасылық өмірін бір сәтте талақ ете салған Оспан басшы Аяулымның өзінен басқа еркекке қарамауын өтінді. Ажырасып, барлық байлығы мен беделін тек оның жолына арнайтындығын айтып салған ол ертеңгі күнінің не боларын тіпті ойламады. Ұйықтамаған қалыптарымен жұмысқа келді. Басымы ерлерден құрылған ұжымдағылардың түнгі оқиғадан хабардар болып шыққандары да екеуінің ұятын оята алмағандай. Жасы үлкен ақсақал әріптестің айтқан ақылын да Оспан жүре тыңдады. Үйіне барғанда дауысын көтере бастаған әйеліне де мінез көрсетіп, сөйлетпей, төркініне кете беруін талап етті. Сабырлы, ақылды әйел бірден сабасына түсіп, әліптің артын бақты.
Мекемедегі күбір-сыбыр әңгіме күннен-күнге өрши түсті. Оған мән берер не басшы, не Аяулым жоқ. Қолдарыңнан келсе, қоншыларыңнан басыңдар дегендей еркінсіп, екеуі кабинеттен шықпайтын әдет тапты.
Күндер сырғып айға, ай сырғып жылға ұласты. Аяулымның аяғының ауыр екендігі мәлім болды. Бастықтың бақыттан басы айналып жүргенін сырт көздер де бірден байқады. Әйелі де бәріне көнген кейіп танытып, үйден адым аттап шықпайтын болды. Ұлдары да әкелеріне бұрынғыдай еркелеуді қойған. Ержетіп қалғандықтан болар аналарына жандары ашып, соның қабағын бағып, әке мен бала деген ұғымнан алшақтай берді.
Ай күні жетіп Аяулым періштедей сұлу қызды дүниеге әкелді. Әрине ол ұл туғысы келген. Бірақ арманы орындалмады. Қыз туғандығына көңілі толмаған Аяулым нәрестеге еміренбеді. Бұрынғыдай ерке қылықтарын да жоғалтып алғандай қабағы ашылмайтын күй кешті. Ал Оспан төрт ұлдан соң көрген қызы болғандықтан ба, шығарда жаны бөлек. Күнде кешке келіп не керектің бәрін үйіп-төгіп әкеледі. Дей тұрғанмен бұрынғыдай махаббат сезімін сезбей, өзінен алыстай бастаған Аяулымның қылығын түсінбей басы дал болып, бұл селқостықтың себебін таба алмай бәйек болды да қалды. Махаббаттың жемісіндей болған қызына көз қырын да салмай, емшегін де бермеген Аяулымның күйзелісін түсінгісі келіп-ақ тырысты, бірақ ештеңе өндіре алмады. Нағыз махаббатты сезіндірген әйелдің ішкі есебі бұзылып, жоспарының күл-паршасы шыққан адамдай бей-жайлық танытуы да таңдандырды Оспанды. Қызды қырқынан шығаратын күні шашын, тырнағын алып, жұмыстағы жасы келіп қалған әйелге кіндік шеше болуды ұсынған Оспанға ешкім де елпілдей қоймады. Бастығының ашынасынан туылған балаға кіндік шеше болуды ар санады ма, әлде басқа себебі болды ма, мұндай жауапкершілікті көтеруге бәрі қарсылық танытты. Тұңғыш қызы болғандықтан ба, кім білсін, қызы десе шығарда жаны бөлек Оспан Аяулымның сырт айналғанынан сескенейін деді. Одан айырылса қызын да көре алмайтындай қорқыныш биледі бойын. Айтатыны «Қаладан бір бөлмелі пәтер алып бер, қызыңды да өзіңе берем, ешқандай наразылығым жоқ». Айтқанынан қайтпады. Сезімдер де, басқа құндылықтар да адыра қалды. Аяулымға қаладан бір бөлмелі пәтер алып, қызын өзіне жаздырып, үш айлық нәрестені құшағына басып үйіне келгенде әйелі тағы кеудесінен итермеді. Іштей жыны ұстап тұрса да көзі мөлдіреген періштені көргенде жүрегінің талшықтары үзілердей болып, аналық сезімі қайтадан оянып, тіпті емшегінің сыздағанын байқады. Сүт түсетіндей кеудесі тырсылдап, иігендей болды. Күйеуі де әйелінің ішкі жан арпалысын сезінгендей, өзінің барлық ағат қылықтарын кешіргендігін есіне алып, мұны да итермеші деген жалынышын көзбен ұқтырды. Қыздың аты Ая екен. Ол да туған анасының қолына барғандай жымиып, монтия қалды. Сөйтіп есейіп қалған төрт ұлдан соң күйеуінің көңілдесі туып берген сәбиді де бауырына басқан әйел оның арғы тағдырын ойлаудан тіпті қорықты. Өсіріп, бағып, бойжеткізген соң анасы келіп алып кетсе не болады, менің күйім не болмақ, баланың жайы ше? -деген сан сұрақтар басын қатырса да нәрестенің кінәсі жоқтығы есіне түскенде, Алланың жазуы болар, бұған да шыдайын, деп белді бекем буып, күйеуінің айтқанын тағы да екі етпеді.
Ал Аяулым қаладағы дайын пәтерге ие болып, ойына келгенін істеп, тіпті қызы бар екендігін де естен шығарған. Оспан ақылсыз жігіт емес, таныстары арқылы оның тағдырына да алаңдап, жаңа өмірінен хабардар болып отырды. Ендігі жерде қызы үшін уайымдап, оның болашағына Аяулымның араласпауын Алладан сұрайтынды шығарды.
Қызмет бабымен басқа ауданға ауысқанда бүкіл отбасы мүшелері «уһ» деп терең күрсіністі. Танымайтындар Аяны өздерінің туған қыздары деп қабылдады.
Қызметтестер хикаясы осымен тамам болып, Оспан да желіккенін доғарып, қызына үйдегілердің өз бауырларындай үйренісіп кеткеніне шүкіршілік етіп, жан жарының қабағына көп қарағыштайтынды шығарды. Ая да мектепті үздік оқып, қылықты қыз болып бойжетті. Анасына деген махаббаты шексіз. Қайда жүрсе де мамалап, анасының қолтығынан шықпайды. Қолаң шашына да қайшы тигізбей өсіріп, екі бұрым етіп өріп тастағанда кәдімгідей ел қызығатын бойжеткен дерсің. Кез келген жігіт, бозбала «Менің қалыңдығым» болса екен деп армандайтындай аруға айналды.
Оспанның да, әйелінің де ешкімге тіс жарып айта алмайтын, бірақ іштей жегі құрттай жейтін күдіктері бар, ол Аяулымның күндердің күнінде келіп, қызын талап етуі. Осы үрей жыл өткен сайын сейілудің орнына ұлғая түскенін екеуі де сезеді, бірақ үнсіздікпен басып қояды.
Барлық қызық Аяның мектеп бітіру кешінде басталды. Үсті алба-жұлба, ерінін қып-қызыл далаппен бояған, кірпігі меен қабағына да баттастырып бояу жаққан, аузына арақтың иісі сіңіп қалған, бір қарағанда «бомж» дерсің маскүнем әйел Оспанның қасына келіп, ыржиып тұрып алды. Өзінің кім екендігін дәлелдегісі келіп, Аяның үстіндегі көйлегінің қымбат екендігін әңгіме ете бастады. Оспан алқаш әйелдің өздерінің қасына келгеніне жиіркенді. Мектеп күзетшілеріне «Мынаны алып кетіңдер» дегенді емеурінмен танытты. Оны сезген маскүнем әйел орысша боқтық сөздермен балағаттап, біраз жерге дейін сыбап алды. Ая анасының құшағына еміне түсіп, «Мама, мынандай да әйелдер болады екен, қандай жиіркенішті и қорқынышты» деп анасының құшағына тығылды. Ол сөзді Аяулым да анық естіді. Ұрыс шығаруға шамасы келмеген ол кімді боқтағаны белгісіз, тағдырына лағнет айтып бара жатты. Оспан Аяулымды таныса да танымаған кейіп білдірді. Ая анасымен бірге қоштасу салтанатына арналған биге араласты.
Аяулымның артынан аяныш па, өкініш пе, белгісіз бір сезіммен ұзақ қараған Оспан шалыс басқан қадамына кешіріммен қарап, ұясын бұзғысы келмей, қорғап қалған әйеліне, сұлу қызына қызыға қарап, ішкі ойларымен арпалысып, темекісін бірінен соң бірін тұтатып, балаларына жақсы ана бола алған әйелінен іштей кешірім сұрай берді…
Баян
МАМЫРБАЕВА