Басты бет Саясат МАҚСАТ АЙҚЫН, БОЛАШАҒЫМЫЗ ЖАРҚЫН

МАҚСАТ АЙҚЫН, БОЛАШАҒЫМЫЗ ЖАРҚЫН

0
1,832

Өткенде облыс орталығы Талдықорған қаласында зиялы қауым өкілдері қатысқан келелі жиын өтті. Жетісу төріне Астанадан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Дархан МЫҢБАЙ бастаған ел алдында жүрген атпал азаматтар келді. Жетісулықтармен семинар өткізіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылуы үшін атқарылар жұмыстардың көптігін түсіндірді.


Тіл сарайындағы семинарды ашқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Астанадан ат терлетіп келген қонақтарға «Қош келдіңіздер!» деген ыстық лебізін білдіріп, Елбасының мақаласы бүгінгі таңдағы ең құнды құжат ретінде жұртшылықтың арасында кеңінен насихатталып отырғандығын көпшілікке жеткізді. Кездесуге келген барлығының мақсаты – Елбасының мақаласындағы көрсетілген шаруаларды жүзеге асырып, оны халық арасына кеңінен насихаттау, жұртшылыққа жеткізу болғандықтан осындай маңызды миссиямен келген Дархан Мыңбай мырзаға да облыс халқы атынан алғысын айтып, семинардың табысты, сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.
ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Дархан Қамзабекұлы жер жанаты Жетісу төріне келіп, киелі топырақтың халқымен кездесіп отырғандығына қуанышты екендігін жасырмады. Бүгінде қоғамда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мәселелердің қызу қолдау тауып, жер-жерде талқыланып жатқандығын тілге тиек етті. Ал енді алда тұрған мақсат, бүгінгі кездесудің де мүддесі – мақалада көрсетілген жобалар мен бағдарламалардың сапалы, тиімді жүзеге асуын ұйымдастыру екендігін де жасырмады. Республика көлемінде бұл бағытта көптеген игі бастамалар мен шаралардың жүзеге асып отырғандығын мақтанышпен жеткізді. Әсіресе «Туған жер» бағдарламасы халық ішінде үлкен қолдауға ие болып жатқандығын айтты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Қоғамдық келісім» ұйымдарының мүшелері қатысқан семинар барысында мақалада көрсетілген «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы мен «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға байланысты ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетілетіндігі түсіндірілді. «Новые решение» білім қорының жетекшісі Вячеслав Ким «Қазақстандағы мәдени мұра» жобасын таныстырса, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Нұрбек Шаяхметов «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудағы этномәдени бірлестіктердің әлеуеті» тақырыбын қаузады. Астана қаласындағы өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі, Рухани жаңғыру бойынша ұлттық комиссияның мүшесі Шерзод Пулатов «Медиация жаңашыл ойлауды қалыптастыру тәсілі ретінде», ал Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, әрі қоғамдық келісім кеңестері қызметінің төрағасы Бекзат Алтынбеков «Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырудағы қоғамдық келісім кеңестері қызметінің жаңаша қағидаттары» тақырыбында дәріс оқыды. Сондай-ақ «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру бойынша этномәдени орталықтар мен қоғамдық келісім кеңестері мүшелерінің пікірсайыс алаңы да кең ауқымды, тың идеялар мен жаңашылдыққа толы болды десек артық айтқандық болмас. Бүгінгі таңдағы қоғамның экстремизм мен терроризмге қарсы әрекеттері, әсіресе жастар арасында өмірлік жолдарын дұрыс таңдай алмай жүргендердің кері ағымдағы ортаға түсіп кетпеуі мәселесі де талқыға салынды. «Діни экстремизмнің алдын алу», «Заманауи бизнесті үлгі жасау» атты тренингтер жиналғандарды мол мағлұматтармен қанықтырды.
Бір күндік семинар бірнеше жылға азық болатындай рухани дем берді. Осылайша еліміздегі татулық пен берекенің жарасымды үлгісі тағы бір дәлелденді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекет үшін атқарып жатқан жұмыстарының жемісті бола бергенін тіледік.
Өз тілшіміз

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…