Басты бет Тарихи тұлғалар ӘЛМЕРЕК ҰРПАҚТАРЫ. САУРЫҚ БАТЫР

ӘЛМЕРЕК ҰРПАҚТАРЫ. САУРЫҚ БАТЫР

0
104

Саурық Алпарұлы тарихта қалған батыр. Оның есімі қазақ хандығының батырлары ішінде кірген. Алматы қаласындағы бір ауданда көше аты берілуі де үлкен құрмет. Ерлігі мен батырлығы туралы да ел ауызында күні бүгінге дейін көп айтылады. Есімі Казакстан ұлттық энциклопедициясына және Алматы облысының әкімдігінің қолдауымен шыққан «Жетісу» энциклопедиясында бар. Бірақ батырдың туғаны жылы екеуінде де жоқ.

Бір деректерде Саурық 1820 жылдары Алматы облысындағы Хантәңір тауының баурайында дүниеге келгендігі айтылады.

Арғы аталары Әлмерек батырдан бастап, одан кейінгі аталары Құрман, Қара, Орынтай, Түменбай және өз әкесі Алпар да жоңғар шапқыншылығымен күресіп өткен. «Саурық дүниеге келген қан уыстап туыпты» деп әкем Сағымбек айтып отыратын.

Жоңғар мемлекеті ХҮІІ ғасырда Жетісу жерінде құлағаннан кейін олардың кейбір ірі тайпалары қазақ жеріне біразға дейін күш көрсетіп, дүркін-дүркін елді шауып, малдарын барымталап, ойларына келгендерін істеген. Осындай шапқыншылыққа қарсы Саурық Алпарұлының қол бастап, Бөден, Жетен, Әнапия төре деген батырлармен Шығыс Түркістандағы Моңғолкүре, Текес деген жерлерінде үлкен ұрыс жасайды. Текес өзенің бойында Кесік деген жерінде Бүрге анбысының (анбы – қалмақша сөзі билеуші) бес жүздей қолына Саурық екі жүздей жасағы ашық майдандаға шығып, тасталған етеді. Ұрыс бұдан кейін Үшқұштай, Көксуда жалғасады. Жеңілген қалмақ Суасудан асырып, Күнес, Нылқы, Тоғызтараудан ары қашады. Қашқан жау Жұлдыздың асуына барып бекініп берілмеуге айналғанда Саурық қасына отыз мергенді алып, жалғыз аяқ тау жолымен шабуылдап, асудан асыпты. Бекінген қалмақтардың ту сыртына шабуылдап, бәрінің көзін жойған. Тірі қалған Бүрге анбы қашып, қалың қамыстың ішіне тығылғанда Бөден батыр өлтірген екен. Сонда анбы «маған Саурық батырды көрсетіңдер?» депті. Бірақ Бөден сөзге келместен басын шауыпты.

Жауды жеңген Саурықтар кері қайтқанда Бөден батыр аяқ астынан ауырып, Текестің Төрткүл деген жерінде қайтыс болады. Жан серігі Бөденнен айырылған Саурық қатты қайғырып, басына белгі қойып жерлейді. Осыдан кейін Бөденнің есімі көп жыл ел есінде сақталып келген. Араға 170-180 жыл өткенен кейін Албан руының ішіндегі қоңырбөрік атаның ұрпақтары елдерінен шыққан Бөденнін басын қайта жаңғыртып, ескерткіш қойғаны соның бір белгісі болып қалған. Саурықтың батырлығын айтушылар оның мінген жирен қасқа аты туралы да аз айтпайтын.

Жауға атойлап жиран қасқамен кіргенде қарсы тұрар қалмақ болмаған деседі. Ал жекпе-жекке сайысына шыққанда тағы бір қасқа атын мініп, қалмақтың көп батырын жер жастандырыпты. Әкеміз Саурық қалмақтарды жеңіп, елге келгенде қалмақтар бұрханын бір атқа артып әкелгенін де әңгіме етуші еді. Бұрханды талқандағанда ішінде неше бір алтын, күміс шығыпты деген. Және де Бүрге анбының қолындағы гауһар жүзігі болған екен, оны көрдім. Түн кезінде қара көлеңке сәуле шығаратын дейтін. Саурықпен бірге туған інілері Іліпбай, Сәске, Шалтабай және жақын туысының бірі Тазабектер қалмақтармен соғысып, қасында жүріпті.

Мұндай әңгіме өткен ғасырдың 60-70 жылдары көне көз қариялар айтып отыратын. Сөз арасында Саурықтың інісі Шалтабай ақын, әрі күйші болғандығы әңгіме етіп, өлеңдерінде жатқа айтатын. Өмірін өлеңге қосып кеткен ақын, күйші де патшалық Ресейдің құрғына ілінген. Осы бір әңгіме Кеңес заманнында ашық айтылмады. Тек Саурық, Шалтабай, Тазабектерді ел ішіндегі ескі көздер жеке басқосуда ғана жоқтайтын. Оның себебі заман байдың, батырдың ұрпақтарын қудалаған. Сонда да ел ауызында ел қорғаны болған ерлер көптің ауызында жүрді.

Соның бірі өткен ғасырдың 40-жылдарына дейін өмір сүрген күні бүгінге дейін белгісіз болған айтыскер ақын қыз Сейділдәнің Жетісудың көрнекті ақыны Көдектің әкесі Байшығанмен айтысы. Айтыста Байшыған әкелерінің орасан байлығын, жылқысының көптігін мақтан еткенде, Сейділдә:

Білесін менің атам Саурық батыр,

Үстіне сауыт киген, қолда шатыр.

Жаулап ап, Бүрге анбыны бір сөткеде,

Түсірген кең басына заман ақыр.

Баласы оның туған Ұзақ батыр,

Жерінде Ресейде даңқы жатыр.

Жылқы болса түз малы бірақ жұттық.

Жылкынның көп болғаны неге татыр, – деп, қарсыласының байлығына жауап береді. Осыдан кейін араға 15-20 жыл салып барып, Көдек ақында Саурық батырдың елдің қорғаны болғандығын елге жеткізді.

Саурық батыр туғанда, Ерлікке құдай арнапты, Елін қорғап, жау қуып, Бармаған жері қалмапты. Өзіне серік батырын, Сынап көріп таңдапты. Жігерімен қайратын, Халқына туған арнапты, Ерегіскен жауларын, Табанға салып жайратты.

Қастас жауын шапқанда,

Текестің суын қандапты.

Өтерінде бұл жалған,

Бәрімізді алдапты, – деп жырлай келе, батырдың мінген аты да жырға қосқан.

Ерге лайық ат тyap,

Қасқа атты құдай парлапты.

Шылбыран түрген ноқтамен,

Артынан еріп қалмапты.

Қысылтаяң кезінде,

Ерттеп мініп самғапты, – деуі де батырдың атына берген бағасы. Көдек ақынның бұл өлеңі ел ішінде көп сақталып, айтылып келген. Кейін ақынның кітабына кірген.

2016 жылдары Қытайдан келген бір жас ақын жігіт менімен хабарласып, «аға, биыл Қарқарадағы 1916-жылғы албандар көтерілісіне 100 жыл толып отыр. Көтерілістің бас қаһарманы Ұзақтың әкесі Саурық батыр туралы дастан жазып келіп едім. Саурық Іле Қазақ облысына белгілі адам. Ерлігін ұйғыр, дүңген жақсы біледі. Біздің жақта Албанда атақты Райымбек батырдан кейінгі екінші батыр Саурық деп таниды. Жазғанымды қайсы басылымға берсем болады» деп кеңескен еді. Мен жөн сілтеп, Қазақ әдебиетіне» ұсынып көргін деп ойымды айттым. Әлгі жігіттің хабарынан соң, есіме әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» кітабы түсті. Жазушының туындысында Ұзақ, Жәмеңке, Тұрлықожа және Әубәкір бастаған албанның бетке ұстарлары «ақ патшаға солдатқа бала бермейміз, бала бергенше шал өлсін» деп, Ұзақтың үйінде босқасқаның қанымен антасып, Жәмеңке Албанның Райымбек, Саурық бастатқан қадірлі аруақтарының бәрінің атын атап тұрып, «солардың оң сапарын бер» деп, мойына бұршағын салып тұрып тілек қылып, бір әкенің баласындай бір ниетке тас түйін болып буылған елге ақ батасын берді» деп жазғаны ойыма оралды. Және де ағайынды Тұңғатар мен Ұзақ арасындағы әңгімеде де Саурықтың есімі аталады. Демек Мұхтар Әуезов Саурықты жақсы білген. Қазақтың жыр дүлдүлі атанған Ілияс Жансүгіров те батыр туралы жыр жазып, зерттеген.

Албанда Саурық ауылы жуан ауыл,

Басы өскен, дәулет біткен бұған ауыр.

Елше екшеп, ауызша атап, Албанша айтсақ,

Нар шөккен, аруақ аунап, дуалы ауыл, – деген өлең жолдары кездеседі.

Алайда заманның құйтырлық саясаты Саурық батырды халыққа танытуға мүмкіндік бермеген. Себебі ақ патшаға қарсы шығып, қылыш көтерген батыр, әрі байдың тұқымы, елді соңына ерткендерді насихаттауға тиім салынғанын олар жақсы білген. Сол үшін насихатталмай қалған. Сонда да батырдың ерлігі, елін сақтап қалу үшін басын бәйгеге тіккені көптің есінде жүрген. Қалмақтарда Саурықтың шапқыншылығын күні бүгінге дейін ұмытпағандары бар. Бұл жөнінде Қытайда тұрған Тоқан Нұрдәулетұлының пікірін де жоққа шығаруға болмайды. «Мен Іле Қазақ облысының біраз аудандарында қызмет бабымен жүргенімде «Қара қасқа ат мінген Саурық батыр, ата-бабамызға қырғидай тиіпті. Оның шапқыншылығын біз ұмытқан жоқпыз. Біздің ата-бабамыздың түбіне жеткен қара қасқа атты қазақ, десе олар ондай атты ұстамайды екен. Сатып жібереді. Жаңадан туылған қасқа құлыннан да құтылуға асығады» деген әңгімесі өткен оқиға сәйкес келеді. Саурық өзі шапқан жерлерде үш жыл тұрған дейді қазіргі кезде сексеннің бел ортасына келген этнограф, өлкетанушы Алтынбек Қонаев. Осыдан кейін өзінің атамекені Қарқарасы мен Мыңжылқысына келген. Ел ішінде мамыржай ширек ғасырға жуық жақсы өмір сүріп жатқанда патшалық Ресей Жетісу жерін түгелдей отарлап, өзінің үстемдігін жүргізе бастайды. Тау мен даланы кезген түрлі экспедициялар мен олардың артынан келген келімсектер жер жанатын көргенде бірден иелік етуге құлшыныстарын білдіріп, елдің мекенін тартып алады. Есігінен кіріп, төр менікі дегендер Саурыққа ұнамайды. Оларға қарсылық көрсетіп, айқасып та, шайқасып та көреді. Бірақ олардың артында мықты қаруланған әскердің тұрғанын көріп, Аспантаулардың шығысына қарай жалғасқан өңірге көшкен. Үйсін тауының төңерегіне Саурық бастаған албан руының біршамасы қоныстанып, жаңа тіршіліктерін бастаған.

Бұл деректің қаншалықты шындығына жүгінетін болсақ, тарихи архив те және Шоқан Уәлихановтың жазбаларында жазылғаны растайды. «1865-1866 жылдары орыс әкімшілігінің 1866 жылғы ресми мәліметіне қарағанда, Алатау округынан 814 түтін Қытайға өткен. Олардың арасында албанның Саурық, Ма- лабай, Жетен (500 түтінмен өткен) сияқты батырлары, Еспер ( Испер), Қасаболат, Әліке би, суанның Өстемір биі, Тезек төренің бауыры Дүрәлі сұлтан, қырғыздың бұғы руының Сабатар молдасы болған. Құлжаға қарай өткендердің жалпы саны 5500- дей түтінді, 22340 адамды құрайды» деген дерек жазылған.

Саурықтың бастап барған көші Қытайдың Іле аймағына қоныстанып, Нылқы, Күнес, Тоғызтарау және Текес деген жерлерге барған. Қоныстанған жерлеріне арнайы рұқсатта алған. Жылқы малын Күнес, Жұлдызға жіберіп, ірі қара мен қой-ешкісін Нылқы, Тоғызтарау мен Текеске баққан екен. Бір жылдары қалың қар түсіп, жұт болыпты. Малдың бәрі қырылып, таяқ ұстаған болса, адамдарды да жұт жалмапты. Саурық елді аралап шығып, ел-жұрттың амандығын көзімен көргенде, табиғаттың қатал сынынан аман қалғандарға шүкірлік айтыпты. Жұттың қаталдығына қайран қалған батыр, көзі көрген жерлерге ат қо- йып аралған екен. Ол атаулар Күнес пен Тоғызтарауда қазір кездеседі. «Үш кептер», «Жауыр», «Қарабура», «Бес тармақ», «Түрген», «Ауыз», «Аралтөбе», «Ақ қолтық» деген атаулар сол жұттан кейін қойылған деген әңгіме бар, – дейді Саурық батырдың ұрпақтарының бірі Жанәбіл Дәуленханұлы.

Саурықтың өз атымен аталатын жердің бірі Күнес ауданының тауындағы батырдың қыстауының орны «Саурық сайы» деп, аталатын Қытай жерінен келген белгілі ақын, сыншы Нұр-мұқан Жанұзақұлы да бір еңбегінде жазылған. Сондай-ак Ұзак батырдың Оманынан туған немересі Асылбек қажы Инкәнұ- лы: «Текес ауданындағы Ешкілік тауында «Саурық текшесі», «Мыңжылқы» деген жерлерде батыр бабамыз ел-жұртын ақ патшадан аман алып қалудың жолын іздеп, қоныстырыпты. Біз сол жерлерде дүниеге келдік деген.

Саурық батырдың есімі Шоқан Уәлихановтың 1865 жылдың 14 қаңтарында Жетісудың губернаторы Г.А.Колпаковскийдің атына жазған хатында да кездеседі. Хатта Құлжадағы дүнгендер көтерілісін айта келіп, «Іленің бойындағы албандар мен бұ- ғылықтарды алаңдатып отыр. Жүзен-Саурық басшы, қысқасын айтқанда, барлығы (шажа, жарты, қоңырбөріктер) дүнгендер жағына шығып, оларға ат, адам бере бастаған…» деп жазған.

Бір айта кетерлік жайт, ақ патшаның озбырлық отарлау үстемдігі албан руымен қатар жатқан қырғыздың бұғыларына да ауыр тиген. Бұғыларда Саурық көшіне ілесіп, бірге барған. Бұл дерек те архивте сақталыпты. «… 1867 жылдың мамырында Текеске аттандырылған полковник В.А.Полторацкий бұғы руының манабы Сарпектің баласы Күшікті жігіттерімен өз отрядына жол көрсету үшін қосып алады. Полковниктің бұйрығымен есаул Халдеевтің отряды түнде келіп, Саурық пен Балбайды қапылыста қоршап алып тұтқындайды. Бұдан кейін қазақ, қырғыз ауылдарын өздері көшіп келген жерлеріне күштеп қайтарады. Саурық, Балбай, Сабатар молда, Молдажан және Дүрәліні Верныйға әкеліп, түрмеге отырғызады. Ұсталған қазақ, қырғыздың батырлары мен билері орыс бодандығына мойынсынбаған өзге билеушілерге сабақ болсын деген оймен Жетісу облыстық әскери губернаторы Г.Колпаковский Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Кауфманға іс-қағаздарын жіберіп, қатаң жазалауды ойластырады. Кауфман іспен танысып, оларды ақтау жөнінде шешім жібереді. Оның өзіндік себебі болған. Орыс әкімшілігі Дүрәлі мен Саурық батырға бұдан бұрын ойлануға алты ай бергендігі, ол уақыт толмай жатып, оларды тұтқындауы жергілікті халықтың сенуден қалатынтығын ескеріп, Кауфман Саурық пен Дүрәліні 1867 жыл қазан айында қамаудан босаткан.

 

Ал Балбай кім? Балбай Есқожайұлы (1791-1867 жж) қырғыздың атақты батыры. Тезек төре секілді патшалық Ресейден сый-сияпат алған адам. Ыстық көл маңынын мекендеп, кезінде Ресейдің бодандығын мойындаған билердің бірі. Кейін ақ патшаның әскери отряды Ыстық көлге тұрақтап қалуына қарсы болған. 30 шақты түтінімен албан Саурық батыр ауылы қонған Алтынсу тауларына келіп қосылған.

Балбай түрмеден босатылмай тұтқында қалған. Оның әр түрлі себебі болуы мүмкін. Ақыры 76 жастағы қырғыз батырына түрмеде у беріп өлтіргендігі жөнінде қырғыз ақыны Арыстанбек жырға қосқан деректері кездеседі.

Турадан салды тозақты, Ұстап алды Құлжадан.

Балбай менен Саурықты.

Асыл туған Балбайды,

Алматыға айдапты.

У бергізіп жайлапты, – деуі Саурық пен Балбайдың бірге ұсталғанын жырға қосып, патшалық Ресейдің зұлымдық әрекетін де айтқан жыр жолдары кездеседі.

Саурық Алпарұлы бұдан кейін 1871 жылы қайта ұсталған. Бұл жылдары Құлжа қаласында саяси ахуалы қатты шиеленісіп, дүнгендер Қытайға қарсы көтеріліс жасауын жалғастырып жатады. Патшалық Ресейдің қысымын көрген Жетісу жеріндегі қазақтар және Ыстық көл маңындағы қырғыздар көшулерін тоқтатпай Қытай жеріне қоныстану саны да арта түскен. Оның себебі Саурықтай батырдың беделі артқанын көрсеткен. Осы жайды ескерген орыс жағы Қытайға сес көрсетіп, Саурықты ұстап беруді талап етеді. Сол талапты Қытай жағы орындап, «Сізді Верный қаласындағы губернатор Колпаковский келіссөзге шақырып жатыр. Ойлары елді бастап келген сізге басқару тізгін бермек», деп ұстап береді. Верныйға жеткен Саурық губернатордың қабылдауында болып, оның қойған шарттарына келіспейді. Губернатор көшкен елді атамекеніне қайтару мәселесін көтеріп, өзін елді басқару мәртебесін беретін айтады. Бұған Саурық келіспей елді көшіру үшін үш шарт қоятынын айтқан. Біріншісі – біз мекендеп келген орындарды түгел өзімізге қайтарылсын, екіншісі – қазақтан әскер алмайсың, үшіншісі – қазақ өз ішіндегі дау-шарасын өзі шешеді деген Абылай хан тұсындағы қазақтың үш құқығы. Осы орындалғанда ғана дейді.

Саурықтың айтқанынан қайтпайтына көзі жеткен губернатор бірнеше мәртебе өзінің ұсынысын айтады. Бірақ батыр көнбейді. Ойында елдің тағдыр, атамекенде кетпейді. Осыны ойлаған Саурық ел-жұрттың болашағын үшін келісім береді. Оның үстіне ақ патшаның қалың қолы Құлжада екенінде ескереді. Елге барған Саурық қатты аурып, жағдайы нашарлай бастағаннан кейін көшкен елді ата қонысына қарай көшіріп, «Сүйегім жат жерде қалмас үшін атам Түменбаймен, әкем Алпардың қасына қойыңдар» деп өсиетінде айтады. Көш атамекен, ата қонысқа қарай көшеді.

Көнекөз қариялардың айтуынша, батыр ұсталып, шыққаннан кейін Саурықтың атындағы ертоқымның үзеңгіге қастықпен у жағып жіберіп, содан болғандығынан дейді. Ол кезде Саурық қырық тоғыз жасында екен. Мұны менің әкем Сағымбек те «Саурық 49 жасында, үзеңгісіне жағылған удан қайтыс болған» деп отыратын. Яғни Саурық 1871 жылы 49 жасында қайтыс болған болса, дүниеге 1722 жылы келген. Әрине бұл дерек те дұрыс деп айта алмаймыз. Өйткені қолда негізгі дерек жоқ. Ал батырдың жерленген жері өзінің туып өскен Алматы облысы Кеген ауданы Түменбай ауылындағы Түменбай қорымында қойылғаны рас. Қорымда батырдың жартылай тұрған күмбезі әлі бар. Күмбез де батырдың қонағасына сойылған қара қасқа атының басы мен найзасы 1970 жылдың ортасына дейін сақталғандығын көрген адамдар да жоққа шығармайды. Сарыбастаулық Бейсембек Сатымбаев деген қария Түменбай қорымындағы ата-бабаларына және Саурық батырға құран оқығанында күмбез жанында жатқан қу басты көргенін айтқан еді. «Сүйектің үлкендігіне қайран қалып қарыстадым, төрт қарыс, төрт елі болды. Аппақ болған қу басты сонда алып кетпегеніме кейін өкіндім. Саурық батыр қырғыздың Ару Талпық деген батырында өлтірген. Ол Қарқараның қырғыз жағындағы Қызылқияда отырыпты. Бір жылдары Нарынқол мен Кегенге танымал Балабақсы деген қариямен жолыққанымызда «Саурық атасы мен әкесі жатқан Түменбай қорымында. Мен жиі барып тұрамын. Біздің жақындығымыз бар, барам десең мені тап. Саурық қайтыс боларда аты кісінеп келіпті. Сонда батыр «жануар-ай, менің қиналғанымды білгенсің ғой. Қанатым едің, амал не деп, қонақасыма сойындар деген екен. Атты бекер сойған» деп, қария үнсіз қалған еді. Саурықтың батырлығын қалмақтарда ұмытпаған. 1930-1932 жылдардағы Кеңестің аумалы-төкпелі заманда шекара асқан елдің ішінде Төкен Оспанов деген қария жөргектегі бала болыпты. Оның ағасы бес-алты жастағы бала екен. Ағасы шекарадан тайға мініп өткен. Сол кезде шекарада атыс болып, тай үркіп ағамды алып қашып, айдалаға кетіпті. Тайдан құлаған ағамды ертесінде қалың шөптің арасынан бір қалмақ тауып алып, өзіне бала етіп алмақ болған екен. Оны үйіне ара-тұра сауда жасап жүрген қазақ байқап қалыпты. Ол қалмақтың үйінде бөтен баланы көргенде: «Бұл кімнін баласы?» деп сұрағанда, үй иесі өзімнің балам деген. Бұрын-соңды мұнда баланы көрмеген қазақ, ағамнан аты-жөнін сұрайды Ағам білгенін айтып беріпті. Сонда әлгі қазақ «сен баланың тағдырымен ойнама, бала Саурықтың тұқымы, ата-анасына қайырып бер. Бала сенде екенін білсе, жағдайың қиын болады» деп, қалмаққа түсіндірген. Мұны естіген қалмақ ағамды әке-шешеме әкеп беріпті.

1980 жылдары Мұқамәди Саламатов деген қарияда шекараның арғы жағында жүргендегі бір әңгімесін айтты. Ауып барған елдің бірнеше балаларымен бірге мен де таудан Текестің суына қарағай тартып жүрдім. Жолай алдымыздан үш қалмақ кездесіп, сәлем бердік. Олардың ішіндегі егде келгені қазақша судай екен. Бізден жөн сұрады. Бір балаға келгенде «Сенде неге құйысқан жоқ» деді. Бала менде шандыр тартпа бар деді. «Ай бала-ай, ертоқымға құйысқанан артық нәрсе жоқ, ағайынға елдің ішінде бауырдан артық жақын жоқ. Құйысқансыз жүрме деп, менен жөн сұрады. Ол кісі маған тура қарап тұрып, «сенімен ойнауға болмайды екен, батыр Саурықтың тұқымы екенсің» деп жөндеріне кетті. Саурық батырдың қалмақтарды шапқаны туралы Тілепалды Қасымбеков деген қария да бір естелік айтқан еді. «1932 жылың ашаршылығынан көп ел Қытайға ауды. Әке-шешем Нылқының Жырынтай, Қожыртай деген жерін барды. Онда мен естияр баламын. Қожыртайда Межіген, Шарғылдай деген қалмақтың 80-ге келген қарияларын болды. Екі кісіде Саурық батыр туралы көп айтатын. «Біз бала кезімізде Саурықты көрдік. Біздің қалмақтарға қырғидай тиетін. Комы деген батырымызды өлтірді. Комының сайы деген жер бар» деген әңгімесін естіген- мін. Бір қызығы жылқылары жирен қасқа құлын туса, өлтіріп тастайтын. Оның себебі «бізді жирен қасқа ат мінген Саурық шапты» деп, жирен қасқаны жеккөретін көзім көрді» деген.

Саурық өлгеннен кейін Жетісу жеріндегі ел Шығыс Түркістан жеріне көшуін тоқтатпаған. Батырдың жан серігі болған Тазабек бастаған жігіттер Саурықтың кегін алу үшін атқа қонған. Бірақ ақ патшаның қарулы әскері зеңберек сүйретіп, Құлжаны өздеріне бағындырады. Тазабек пен Саурық батырдың інісі Шалтабайда ұсталып, түрмедеге қамалады. Түрменің ауыр азабынан Тазабек өліп, Шалтабай Сібірге айдалады. Мұны Шалтабай өлеңге қосқан.

Шіркін-ай, патша заңын жояр ма еді,

Төренің екі көзін ояр ма еді.

Екі ағам Іліпбай, Саурық тірі болса,

Орыстың айдауына қояр ма еді, десе,

Шалтабай өзім атым, әкем Алпар,

Көре алмай ел жұртымды, болдым іңкәр.

Бір басын мың солдатқа бағалаған,

Тазабек өліп кетті қайран сұңқар, – деп елдің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен Саурық пен Тазабекті жырлап кеткен.

Саурық Алпарұлы өмірден өткеніне 250 жылдай уақыт өтсе де ел ұмытпаған. Бірақ батырдың елі, жері үшін күрескен батырлығы әлі зерттелмей жатқаны өкінішті. Батыр туралы кезінде ақын Көдек ғана жырына қосса, соңғы жылдары Қытай жерінде туған белгілі жазушы, марқұм Әскер Тойғанбекұлы ғана қалам тартты. Жазушының «Арманда кеткен арыстар» кітабы арқылы бүкіл қытай қазақтары таныды. Кейін жазушы атамекеніне келгеннен кейін кітапты Қазақстанда да қайта бастырып. «Қайран елім» атты трилогиясына енгізді. Ал Саурық батырдың өзінен қалған белгісі жылқысына басқан таңбасы күні бүгінге дейін сақталған. Ол Х сияқты әріптің төменгі екі жағы сәл төмен салбырап жасалған таңба. Таңба қазіргі кезде Іле Қазақ облысының Моңғолкүре, Текес аудандарында тұратын батырдың ұрпақтары ғана пайдаланып, жылқыларының жамбасына басып жүр, – дейді Дәулет Текесбайұлы. Ал Саурықтың өзі туған жерінде атақты Сырт жайлауында Саурық және Саурық сайы деген жер аттары бар. Түменбай ауылында күмбезі тұр. Мұны біреу білсе, біреу білмес.

Елі мен жері үшін ХІХ ғасырда өмір сүрген Саурық Алпарұлы жоңғарлармен, патшалық Ресеймен және қырғыздармен елдің тыныштығы мен ата қонысты сақтап қалуда үлкен еңбек сіңіргені ғалымдарымыз терең зерттеуі қажет.

Жексен АЛПАРТЕГІ

 

 

 

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ӘЛМЕРЕК АБЫЗДЫҢ АРҒЫ БАБАЛАРЫ НЕМЕСЕ АЛБАН ТАРИХЫНА КІРІСПЕ

Тарихымыздың белгілі бір кезеңі  жазба деректер жұтаң болып келетін уақыттарға тап келеді.…