Талантты, алғыр оқушы – бар күш-жігерін білім беруге арнайтын ұстаздар үшін үлкен олжа. Оқушы жетістігі – мұғалім үшін баға жетпес марапат. Диірмен ұйғыр орта мектебінің ұстаздары жетістіктер қоржынын жыл сайын толықтыруда.
Мектеп мақтаныштары – аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадалар мен түрлі байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған талантты жастар. Солардың қатарында қазақ тілі мен әдебиетін жетік меңгерген жоғары сынып оқушылары Мехрибан Мирзалимова, Сұлтан Моряков және Самида Аширбекова бар.
Мемлекеттік тілдің тереңдігі мен ұлылығына тәнті болған бұл шәкірттер Абай, Жамбыл, Мұқағали сынды Ұлы Дала ақындарының шығармашылығына ерекше ықылас танытып, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін жан-жақты зерттеп келеді.
– Менің шәкірттерім қазақ тілінің көркемдігін, байлығын терең түсініп, ұлттық құндылықтарды құрметтейді, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лаура Семеева.
– Олар тілді тек пән ретінде емес, халықтың рухани мұрасы, ұлттық болмыстың өзегі ретінде қабылдайды. Бұл қасиет олардың шығармашылық ойлау қабілетінің дамуына, тіл нормаларын жетік меңгеріп, күрделі грамматикалық құрылымдарды еркін қолдануына мүмкіндік береді.
Мехрибан Мирзалимова – ерекше қабілетті, дарынды шәкірттердің бірі. Осы оқу жылында ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 9-11 сынып оқушылары арасында өткен облыстық олимпиадада І орын, республикалық кезеңде ІІІ орын иеленді. Бұл жеңіс – оның интеллектуалдық әлеуеті мен тынымсыз еңбегінің, пәнге деген сүйіспеншілігінің нәтижесі.
Тағы бір шәкіртім – ауыл мектептері арасында өткен қазақ тілі мен әдебиеті пәндік олимпиадасында ІІІ орын алған Сұлтан Моряков. Ол табандылығы, еңбекқорлығы, тіл мен әдебиетке деген шынайы қызығушылығымен, терең ойлау қабілетімен ерекшеленді. Олимпиада барысында тапсырмаларды мұқият орындап, әдеби шығармаларды көркем де мазмұнды талдады. Оның эссесі сауатты, көркем тілмен жазылып, ой тереңдігімен қазылар алқасын тәнті етті.
– Ол тек біліммен ғана емес, адамгершілігімен де үлгі бола алады. Ұстазға құрметі, достыққа адалдығы, жаңа білімге құштарлығы – оның ішкі мәдениеті мен тәрбиесінің айғағы, – дейді Лаура Дыбырқызы.
Қазақ тілін жетік меңгеріп жүрген тағы бір дарынды шәкірт – мектеп мақтанышы Самида Аширбекова. Ол Орал қаласында өткен республикалық олимпиадада жүлделі І орынды жеңіп алды.
– Мен үшін бұл жыл ерекше болды. Себебі, мен мектепті үздік аяқтап, «Алтын белгіге» үміткер атандым, – дейді Самида.
– Біздің сыныпта менімен бірге тағы төрт үміткер бар. Бұл – ұстаздарымыздың ерен еңбегінің жемісі. Әрбір жетістік артында бізге сапалы білім мен тәлім берген мұғалімдердің қамқорлығы жатыр.
Қазір біз ҰБТ-ға қызу дайындалып жатырмыз. Бұл – әр түлектің арманы мен биік мақсаты жолындағы үлкен сын. Ел болашағы – біздің қолымызда екенін түсіне отырып, туған жеріміздің игілігі үшін оқып, еңбек етуге дайынбыз. Ата-ана мен ұстаз үмітін ақтау жолында бар күшімізді саламыз, – деп бөлісті түлек.
Мектеп директорының орынбасары Надиям Илахунованың айтуынша, Самида – зерек, жауапкершілігі жоғары, тіл мәдениеті мен әдеби мұраны шынайы бағалай білетін шығармашыл тұлға.
Ұйғыр ұлтының өкілдері бола тұра, Мехрибан, Сұлтан және Самида қазақ ақындарының шығармаларын шебер оқи отырып, нағыз патриоттықты, туған елге деген сүйіспеншіліктерін, халықтың салт-дәстүріне деген құрметтерін көрсетіп жүр.
Айта кетейік, газет нөмірі беттеліп жатқанда, Диірмен ұйғыр орта мектебінің 2024–2025 оқу жылындағы Олимпиадалық көрсеткіштері бойынша елдегі 125 үздік мектептің қатарына енгені белгілі болды. Құттықтаймыз!
Әсел МҰҚАШЕВА