Қазақ әдебиетінде тұлғалар көп. Дегенмен жазуы, ойы, өрісі, талғамы ерекшелері санаулы десек қателесе қоймаспыз. Оған қоса азаматтық ұстанымы мен ұлтына қызмет еткендері де көп дей алмаймыз. Қоғам қайраткері деген теңеуді қазір кез келген жерге тықпалай беретін болдық. Бірақ нағыз қайраткер деген атқа соның бәрі лайықты дей алмаймыз. Қызыл империяның қылышынан қаны тамып тұрған кезде қазағым, ұлтым деп жанын беруге дайын болған саясаткері, жазушысы, ақыны, ғалымы бар дегендей болды ғой тұлғалар. Дей тұрғанмен солардың ішінде шоқтығы биігі Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов десек болады.
Әнуар Әлімжанов 1930 жылы Жетісу өңіріндегі Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Журналист, жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері ретінде ел есінде қалған ол «Литературная газетаның» меншікті тілшісі, «Ленинская смена» газетінде басшылық қызметтер атқарды. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесінің төрағасы сынды ірі қызметтерді атқарды. Оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі бірнеше мәрте мемлекеттік марапаттармен атап өтілді. Әнуар Әлімжанов әлем аралаған саяхатшы, жолжазба жазған қарапайым жазушы емес, ол сонау Африка, Азия елдеріне сапар шегіп, бодандықтан бостандыққа ұмтылған тағдырлас ұлттардың тамыр соғысын, таным-пайымын зерттеген асқан қайраткер қаламгер еді. Оның шығармалары негізінен ұлттық рухқа бағышталса, әрбір туындысы тарихтан тамыр тартып, алты Алаштың аспанында бабалардың өр рухы жаңғырып тұрғанын тебірене термелеуді мақсұт тұтып, соны ұрпаққа аманат етуді көздеген мұратшыл тұлға болатын. Әдебиет саласында жалынды ақын Махамбет, шығыс данышпаны Әбу Насыр әл-Фараби туралы қалам тербесе, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайды ақтап алу, Семей полигонын жабу туралы алғашқылардың бірі болып мәселе көтергені күні бүгінге дейін көз алдымызда сақталып, жадымызда жаңғырып тұр.
Көркем әдебиеттегі тарихилық ұғымы өткенді құрғақ күйінде жеткізу емес, қайта сол өткеннің мәнін қазіргімен байланыстыра отырып терең ұғындыруды білдіреді. Шынайы суреткердің шеберлігі – тарихи құбылыстардың ішкі иірімдерін, кейіпкердің жан дүниесіндегі толқыныстар мен ой ауысуларын өмір шындығымен үйлестіре отырып, көркем образ арқылы шынайы суреттеуінде. Бұл – жазушы мен оның туындысы арасындағы терең әрі ерекше логикаға негізделген өзара байланыс.
Өмірдің көркем бейнесі – тек бір дәуірдің елесі ғана емес, сонымен қатар адам мен қоғам арасындағы рухани, азаматтық қатынастардың айнасы. Адам өткенге ғана тән тұлға емес. Ол – өз кезеңінің ғана емес, келешекке әсер ететін құндылықтардың да иесі. Сондықтан тарихи тақырыпты арқау еткен туынды – бір кезеңнің оқиғаларын баяндау емес, соны бүгінмен үндестіре отырып, адамгершілік пен эстетикалық ой-толғамдарды қозғау. Осындай тұтастықты терең түсінген жазушы Әнуар Әлімжанов өзінің «Жаушы» романында тарихи шындықты көркемдік таныммен ұштастырып, оқырманын өткенге көз жүгірте отырып, бүгінгі күнге сергек қарауға шақырады. Роман поэтикалық қуатқа ие, философиялық астары терең шығарма ретінде ерекшеленеді.
Шығармада баяндалатын кезең – ел басына қара бұлт үйірілген ауыр шақ. Қазақ даласын басып-жаншу ниетімен келген жүз мыңдық шапқыншы армия, Қытай зеңбіректерімен қаруланған дұшпанның кенет шабуылы, сол тұстағы қазақ руларының алғашқы жеңілісі – бәрі тарихи шындықтың қасіретті көріністері. Бұл – тек әскери күйзеліс қана емес, рухани ауыр соққы еді. Артында отаршыл пиғылдағы Қытай империясы тұрған басқыншылар өз мақсаттарына жету үшін халықты бір-біріне айдап салып, үстемдігін орнатуға тырысты. Қытай боғдыхандарының пәрменімен жалған тарихшылар тіпті «қазақ елі тарихтан өшті» деген жалған ақпаратты күллі дүниеге жаюға тырысты, – дейді ақын Жангелді Немербаев жазушы жайлы естелігінде.
Әнуар Әлімжанов осындай тарихи әділетсіздікті көркемдікпен шебер сабақтастырып, ұлт жадын жаңғыртуға, тарихи сана қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Оның «Жаушысы» – тек әдеби туынды ғана емес, тарихи-пәлсапалық мәні зор, рухани серпіліске жетелейтін шығарма.
Ұлт руханиятының жарқын жұлдызы болған Әнуар Әлімжановтың есімі елдің жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Ол – руханият кеңістігін кеңейткен қаламгер. Қазақ әдебиетінің салқар көшінде өзіндік болмыс-бітімімен, қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленген Әнуар Әлімжанов – көркем сөз әлемінде де, қоғамдық өмірде де терең із қалдырған дара тұлға. Оның қаламынан туған әр туынды терең білім мен кең эрудицияның, ой мен сезімнің тұтастығынан нәр алады. Жазушы ұлттық әдебиетіміздің өрісін кеңейтіп қана қоймай, оны халықаралық деңгейде таныта білді. Әлімжанов шығармаларында елдік мүдде мен азаматтық парыз, рухани тұтастық пен адамгершілік қасиеттер, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық болмыс көркемдік шеберлікпен өріледі. Оның романдарындағы монолог пен диалог, авторлық баяндау мен тарихи оқиғалар – барлығы да терең философиялық тұжырымдарға, мәнді концепцияларға негізделген. Жазушының қаламынан туған әрбір шығарма – халқына деген сүйіспеншіліктің, перзенттік адалдықтың көрінісі. Ол тарихи тақырыпты арқау ете отырып, ұлттық рухты ұлықтап, жалпыадамзаттық құндылықтарды көтерді. Осы арқылы тек өзінің ғана емес, тұтас қазақ халқының рухани абыройын биіктетті. Шынында Әнуар Әлімжановтың тарихи романдары – жай баяндау емес, терең философиялық пайым мен көркемдік танымның тоғысқан туындылары. Ол тарихты қаз-қалпында суреттеуге ғана ұмтылмайды, қайта сол тарихи фактілердің терең мәніне үңіліп, оларды көркемдік сүзгіден өткізіп, шынайы суреткерлікпен талдайды. Жазушы тарихи оқиғалар мен тұлғалар арқылы ұлттық рух пен мәдени тамырдың тым тереңде жатқанын дәлелдей отырып, оқырманның эстетикалық түйсігін, этикалық танымын және тарихи ойлау қабілетін оятады. Жазушылардың бәрі де еңбектенеді, бірақ көптің ішінен оза шауып, халықтың көңілінде, тарихтың жадында қалатын қайраткерлер көп емес. Әңгімеміздің басында айтқандай Әнуар Тұрлыбекұлы сондай айтулы азаматтардың қатарында. Ол – Әбу-Насыр әл-Фарабиді ортамызда алып келген тұлғалардың бірі. Ол кезде ғылыми, әдеби орта Ақжан Машани арқылы әл-Фарабиді танығанымен, жалпы қоғам толық біле қоймаған еді. Әнуар Әлімжанов оның тегі қыпшақ екенін, Отырар қаласынан шыққанын дәлелдеп, өмір жолын баяндайтын «Отырардан жеткен сый», «Ұстаздың оралуы» сияқты шығармаларын жазды. Алматыдағы даңғылға әл-Фараби есімінің берілуіне бастама көтеріп, оған көп еңбек сіңіргенін бүгінгі ұрпақтың біліп жүргені жөн. Сол тұста Олжас Сүлейменов пен Әнуар Әлімжанов алдаспандай жарқылдады. Олжекең Махамбет туралы өлең, Әнуар аға проза жазды. Сол арқылы әлем Махамбеттің кім екенін білді. Мұнан соң Андрей Вознесенский Махамбетке өлең арнады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Бірінші Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов Азияға айқара жол ашты», – дейтін сөзі бар. Расында Әлімжанов КСРО-ның Азия, Африка жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, дәл осындай Еуропа жазушыларымен байланыс жөніндегі комиссияның белсенді мүшесі болды. Бұл әлем әдебиетімен тікелей байланыс жасап отырған қазақтың өкілі деген сөз. Ол кісінің кезінде Азия, Африка елдері жазушыларының конференциясын Қазақстанда өткізуі де үлкен еңбектің жемісі.
Әлемнің алпыс алты елін аралаған Әнекең өзгелер секілді ел танып, жер көріп қана қайтпай, дүниежүзінің 24 жоғары оқу орнында Қазақ елі, тарихы мен танымы туралы лекция оқып, туған елін паш етіп жүрді. Кезінде Әнуар Әлімжановқа әлемнің түкпір-түкпіріндегі студенттер мен оқу орындары басшыларынан «Біздің елге тағы да келіп, лекциялар оқығаныңызды қалаймыз» деген мазмұндағы хаттар да келген екен. Бұл білімді адамды, оның тағылымын, зиялылығын мойындау деп бағалау керек. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты, «Құрмет Белгісі», Халықтар Достығы ордендерімен марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы.
Адамның аты аталған сайын оны өлдіге санауға болмайды. Әнуар Әлімжановтың аты қазағы тұрғанда өшпейді. Оның шығармалары мәңгілік. Қазақтың тарихы мен рухын асқақтатқан жазушысын халқы әспеттеп, мадақтап, ұрпағына үлгі етті. Оның жарқын көрінісі – өзінің туған жерінде өткен үлкен мерейлі тойы. Ұлтына қызмет еткен, халқын жанындай жақсы көрген оның есімі жадымызда мәңгі сақталатыны хақ.
Баян МАМЫРБАЕВА