Басты бет Көкжиек БІРТҰТАС ТӘРБИЕ – БІЛІМ ТҰҒЫРЫ

БІРТҰТАС ТӘРБИЕ – БІЛІМ ТҰҒЫРЫ

0
188

Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қасиетті Түркістан қаласы Түркі елінің шаңырағында өткізілген «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты ІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл үлкендердің кінәсі» – дей келе, Әділетті Қазақстанды құру үшін бүкіл қоғам болып жұмылу керектігін, ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажеттігін, халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс екендігін, өйтпегенде басқа реформаның бәрі бекер болатындығын нақты атап өткен-ді. Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге де тоқталды. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп, 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» іске асырылды. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған.

Біздің Қырғызсай орта мектебінде осы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша оқу жылы бойына ауыз толтырып айтарлықтай шаралар жүзеге асты. Ұлттық құндылықтарға қатысты ең алдымен отанды сүюге байланысты ашық сабақтар әр сыныпта өткізілді. Ол бір мезеттік емес, оқу жылы бойы әр сыныпта тұрақты түрде жүргізілді. Кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеу мақсатында «Кітап – сарқылмас қазына» атты сынып сағаты да бастауыш сынып оқушыларынан бастау алды. «Мүшел жас» деген ұғым біздің қазаққа ғана тән қасиет деп түсінеміз. Оның неліктен мүшел жас деп аталатындығын ұлттық тәрбиемнен байланыстырып қазақ тілі пәнінің мұғалімі Әсем Сыдықова 6 сынып арасында керемет кеш өткізді. 9,10 сынып оқушыларымен Гульнур Даутова мен Гулмира Қосанова «История и культура в исследованиях Льва Николаевича Гумилева» деген тақырыбында өткізген ашық сабақтың түп тамыры ұлттық тәрбиеге келіп тірелді. Жалпы оқу жылы бойына ұлттық тәрбиені тек қана оқушылардың бойына ғана емес, мұғалімдер арасында да насихаттап, қазақтың ою-өрнегі салынған ұлттық киім үлгілерін күнделікті жұмыста киюден бастап, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында ата-аналармен бірлікте көптеген шаралар жүзеге асты. Ұлттық ойындар, оның ішінде ұмыт бола бастағандарын қайта қалпына келтіру үшін бес тас, асық ату, ләңгі тебу сияқты күнделікті қимыл-әрекетті қажет ететін ойын түрлері үзіліс сәттерінде, сабақтан бос уақытта өтті. Мектеп директоры да бұл бағдарламаны басшылыққа ала отырып мұғалімдермен психологиялық тренинг арқылы ұлттық тәрбиенің қай қырынан келгені тиімді екенін түсіндіруге тырысты. Барлық тәрбие жұмысының мазмұнында ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сияқты құндылықтар көрініс табуы қажет. Бағдарламаның басты мақсаты да сол. Адамның жан-жақты дамыған, білімді тұлға, саналы азамат болып қалыптасуы үшін тәрбиенің маңызы зор. Бала бойына тәрбие қалыптастыру, ізгілік дәнін егу, жақсы-жаманды ажыратып, біреуге қиянат жасамауға тәрбиелеу алдымен ата-ананың міндеті десек, екіншіден, мектептің де беретін тәрбиесінің рөлін жоққа шығара алмаймыз. Оқушы тәрбиені тек отбасынан, үйден ғана алмайды, сонымен қатар қоршаған ортасынан, достарымен араласудан, мектепте өтетін іс-шаралардан, ұстаздарынан да алады. Баланың жарты күні мектепте өтетіндіктен, бала тәрбиесінде мектептің атқаратын рөлі де орасан деп айтуға әбден болады. Мектеп тек білім беруге арналмаған, сонымен қатар саналы ұрпақ тәрбиесінде де айрықша маңызға ие. Ұлы әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», – деген екен. Қазіргі заман – жаһандану заманы. Қанша қорғаштағанмен де, біз балаларды жаһанданудың құрығынан құтқара алмаймыз. Жаһанданудан сақтамаса да, тосқауыл бола алатын жалғыз жол – ол ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиені насихаттау, балаларға ұлттық құндылықтар негізінде білім беру. Ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие алған бала тілін, тарихын, салт-санасын, дәстүрін сақтап, түсініп, бойына сіңіріп өседі. Ол жолында қандай қиындық кездессе де төтеп беретін, сырттан келген кез келген жаңа әдетке ішкі жан дүниесінде сүзгі қойып үйренеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде де бұл мәселені де тіліне тиек еткен болатын. Президент: «Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз», – деуі де балаларды ұлттық тәрбие арқылы тәрбиелеу бағытының жарқын болашағын көрсетіп тұрғандай. Осыған орай, ҚР Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы да ұлттық тәрбиеге, ұлттық құндылықтарға баса назар аударып келеді. Ғасырдан-ғасырға жеткен, ұлтымыздың ежелгі салты мен дәстүрі, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті, жазылмаған дала заңы бүгінгі күнге дейін қаншама тұлғаны тәрбиелеп келген, әлі де тәрбиелей бермек. Қанымызда, жанымызда, ділімізде бар ұлттық болмысымызды ұлттық тәрбиемен ұштастыру – бүгінгі ұстаздардың басты міндеті екені даусыз. Мектебіміз балаларды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге баса назар аударуда. Әр сабақта, әр сыныптан тыс сағаттарда балаларды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп келеді.

Үзілісте оқушылар асық ойнау арқылы уақытын тиімді де қызықты өткізді әрі ұлттық ойынымызды меңгерді. Бұл да жетістік. Сөз қадірі кеміген заманда оқушыларымызды ғасырлардан келе жатқан сөз өнеріміз – айтыстың құндылығын білуге, құрметтеуге шақырдық. Сөйлеу мәдениеті мен ойын еркін жеткізу үшін ұлттық құндылықтарды қамтитын дебат ұйымдастырдық. Оқушылар айтыс өнері жайлы білгенін ортаға салды, білмейтін ақпараттарын мұғалімнен естіп, танымдарын кеңейтті.

     Баланың бос уақытын тиімді жоспарлауға үйрету, оларды жаһанданудан сақтап, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, сол арқылы білімді де саналы тұлға қалыптастыру – мектебіміздің басты мақсаты. Осы бағытта үнемі жұмыстар атқара отырып, тәрбиелі, мәдениетті, білімді бала тәрбиелеп жатырмыз. Ұлттық құндылықтармен сусындаған оқушыдан болашақта өз ұлтына қызмет ететін ұрпақ шығары даусыз. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы да ұлттық тәрбиеге, ұлттық құндылықтарға арналғандықтан оның болашағының жарқын боларына сенім мол.

Балғын ҚАЛАБАЙҚЫЗЫ,

Қырғызсай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

50 мыңнан – үздік мыңдыққа: Алматыда IQanat финалы басталды

Алматыда ауыл оқушыларының ауқымды білім беру сайысы – IQanat Олимпиадасының финалы бастал…