Басты бет Көкжиек БІЛІМДІ БАЛАЛАР – МАҚТАНЫШЫМЫЗ

БІЛІМДІ БАЛАЛАР – МАҚТАНЫШЫМЫЗ

0
234

30 мамыр күні Қонаев қаласында облыс әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлының қатысуымен 2024-2025 оқу жылында халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда жеңімпаз атанған оқушыларды марапаттау салтанаты өтті. Керемет кездесу болды. Өңірдің әр ауылынан  білімдерімен мыңды жыққан балалар бас қосты. Мұнда тек жеңімпаздар шақырылды. Облыс басшысы талапты, талантты балаларға деген ізгі тілегін жеткізіп, оқушыларды жарқын жетістіктерімен құттықтап, ақжарма алғысын ақтарды. Қазақстанның болашағын құратын, еңсесін көтеретін болашақ иелерінің білім жолындағы еңбектерінің табысты болуын тіледі. Сонымен қатар білімді де дарынды оқушыларды алғыс хатымен марапаттап, ақшалай сыйлығын табыстады.

Ауданымыз жыл қорытындысы бойынша дарынды балалармен жұмыс нәтижесінде облыс көлемінде жүлделі III орынды иеленді. Бұл жақсы көрсеткіш. Ендігі меже – бірінші орынға табан тіреу. Оған балаларымыздың қабілет, қарымы мен білім сапасы жетеді деп ойлаймыз. Облыс басшысы Марат Елеусізұлының жылы сөзін естіп, қолынан марапат алу балалар үшін зор бақыт. Осы салтанатты шарада Абай атындағы мектеп гимназиясының 10 сынып оқушысы Балтабай Еркебұлан Алматы облысы әкімінің алғыс хаты және ақшалай 30000 теңгелік сертификатпен марапатталды. Жетекшісі – Қайрат Бағдатов, Абай атындағы мектеп гимназиясының 10 сынып оқушысы Молдахмет Жәнібек те осындай марапатқа ие болды. Жетекшісі – Қайрат Бағдатов. И.Молутов (Бахтия) атындағы №3 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Дилмуратов Дидар, жетекшісі – Гулмира Айсарова, Ақтам орта мектебінің 8 сынып оқушысы Интизар Релисова, жетекшісі – Ғазиза Қыдырбаева, №1 Шонжы мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Нурсәнәм Хитахунова, жетекшісі – Халидям Хевизова, №1 Шонжы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Малинура Саметова, жетекшісі – Бахтихан Оталипова, №1 Шонжы мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Гульроза Молутова, жетекшісі – Бахтихан Оталипова, Долайты орта мектебінің 10 сынып оқушысы Шахризат Ибадуллаева, жетекшісі Аида Максимова, Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Диқанбай Ұлар, жетекшісі Іңкәр Беренбаева, Тиірмен ұйғыр орта мектебінің 11 сынып оқушысы Самида Аширбекова, жетекшісі – Гүлназира Сартбаева, Тиірмен ұйғыр орта мектебінің 10 сынып оқушысы Мехрибан Мирзалимова, жетекшісі – Лаура Семеевалар осындай құрметке ие болысты.

Осы тұста тағы бір айта кетерлік жағымды жаңалық бар. Ауданның үш мектебі еліміздің ең үздік 100 олимпиадалық мектебінің қатарына енді. Бұл аудан тарихында болмаған оқиға дей аламыз. Біліммен ғана өрге басарымыз анық. Осыған дейін Илья Молотов атындағы орта мектебі жүз үздікке енсе, енді міне, Шонжы №1 мектеп лицейі, Тиірмен ұйғыр орта мектебі, Долайты орта мектебі республика бойынша үздіктер мектебі атанды. Бұл біз үшін зор мәртебе! Мәртебелі мамандық иелері саналатын мұғалімдердің еңбектері еленіп, талаптары таудай балалардың бақтары жанған күн бәріміз үшін қуаныш. Білімді бала тәрбиелеуге атсалысып, саналы ұрпақ өсіруге үлес қосып жүрген білім саласының майталмандарына жемісті күндеріңіз көп болсын дейміз. Мамандықтың төресі – мұғалімдік десек, егеменді еліміздің тұтқасын ұстайтын солардың шәкірттері. Олай болса үлгілі, өнегелі оқушыларымыздың жетістіктерімен мақтанайық.

Баян МАМЫРБАЕВА

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

50 мыңнан – үздік мыңдыққа: Алматыда IQanat финалы басталды

Алматыда ауыл оқушыларының ауқымды білім беру сайысы – IQanat Олимпиадасының финалы бастал…