
Әскери қызмет – аса жауапты табандылық пен тұрақтылықты талап ететін маңызды мамандық. Аталған салада екінің бірі қызмет ете алмасы анық. Әсіресе еліміздің шекара шебінде қызмет атқару кез келген адамның қолынан келе бермейтіні тағы рас. Оған Отаным деп жүрегін суырып беруге дайын, елім деп еміренетін нағыз патриоттар ғана бара алады. Шекараның бұзылмауын күзетіп, халықтың тыныш ұйқысын қамтамасыз етіп жүрген шекара қызметкерлерінің бірі, өз ісінің білікті маманы – Салиев Руслан Нурахунұлы жайлы қандай мақтау айтылса да жарасымды.
Өз міндетін абыроймен атқарып шекара шебінде елеулі еңбек еткен Руслан Нурахунұлы 1984 жылы Қалжат ауылында дүниеге келген. Әкесі Салиев Нурахун Қалжат ауылының тумасы. Осы ауылдың көркеюіне өзіндік үлесін қосқан озат колхозшы, бүгінде еңбек ардагері. Көпбалалы отбасынан шыққан Руслан да еңбекқор, өз ісіне жауапты азамат болып өсті. Ол 2001 жылы орта мектепті аяқтаған соң 2003-2005 жылы әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын өтей салысымен өзінің болашағын елінің шекара шебін күзетуге арнаған Руслан әскерден келе салысымен ҚР ҰҚК ШҚ Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қызметке қабылданып, 17 жыл ішінде «Нарынқол», «Сүмбе», «Қазбұлақ» шекара бөлімдерінде қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік комитеті Отар, Жаркент, Сарыөзек әскери бөлімдерінде де қызметте болды. Өзіне тиеселі тапсырмасын тап-тұйнақтай орындайтын жігіт «Қалжат» бөлімшесінде аға барлаушы мерген лауазымын атқарды. Еңбек өтілі толғандықтан биылғы жылы 3 қаңтар күні кіші сержант Руслан Салиев зейнет демалысына шықты. Шекара шебіндегі жауапты жұмысын абыроймен атқарған ол енді құрметті зейнеткер. Отбасында жары екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.
Русланның мақтанышпен айтатын табыстары жеткілікті. 2009 жылы шекара режимін бұзған заң бұзушыларды ұстаса, 2015-2017 жылдары мемлекеттік шекара режимін бұзған екі азаматтың жолын кесуге үлес қосқан. Сол еңбектері ақталып 2019 жылы «Ең үздік аға шекара наряды», 2022 жылы «Ең үздік мерген» атағына ие болған.
Руслан Нурахунұлы өзінің еңбекқорлығымен, ұқыптылығымен әріптестер арасында ғана емес ауыл тұрғындары арасында да ерекше беделге ие.
«Бейнет түбі – зейнет» демекші әріптесімізді зейнет демалысына шыққан күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Бұл үлкен құрмет. Зейнеткерлік – адам өмірінің салиқалы белесінің бірі. Біз Русландай азаматпен бірге қызмет атқарғанымызды мақтан тұтамыз. Оның зейнеткер деген атақпен ұзақ ғұмыр кешіп, алдағы өмірі сәттіліктерге толы болғай деген тілек айтамыз.
Әділет ӘДІЛБЕКҰЛЫ,
«Кетпен» шекара бөлімшесінің бастығы аға лейтенант