Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жакупов арнайы брифинг өткізіп, партияның нақты нәтижелерін жария етті. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік бастамалардың орындалуы ерекше атап өтілді.
«AMANAT» партиясы халыққа берген уәделерін орындап келеді. Біз тек жоспар құрумен шектелмейміз, олардың нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етеміз. Мысалы, биыл Алматы облысында 838,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 2 156 отбасының баспаналы болуына мүмкіндік берді. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға арналған 1 304 пәтер беріліп, бюджеттік бағдарламалар арқылы тағы 852 пәтер тапсырылды. Алдағы жылы жалпы көлемі 901,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі», – деді Ерлан Жакупов.
Сондай-ақ су ресурстарын жақсарту жұмыстары да қарқынды түрде жүріп жатыр. Биыл Райымбек ауданының Қаратоған және Талғар ауданының Жаңаарна ауылдары таза ауыз суға қосылды. Облыс бойынша 152 шақырым су құбыры желілері жаңартылып, сапалы суға қолжетімділік едәуір артты.
«Су мәселесі – өңір үшін маңызды бағыттардың бірі. Біз тек биылдың өзінде 7 ауылдағы ауыз судың сапасын жақсарттық. Жыл соңына дейін тағы 17 ауылға таза ауыз су жеткізіледі. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартудағы үлкен қадам», – деді филиалдың атқарушы хатшысы.
Газдандыру мәселесі де партияның ерекше назарында. Ұйғыр ауданының Шарын ауылы газ желісіне қосылып, жыл соңына дейін тағы 7 ауылға газ жеткізіледі. Сонымен бірге, Жамбыл ауданы Ақтерек ауылында 4 мыңға жуық тұрғыны бар ауылға газ құбыры тартылып, іске қосылды.
«Газдандыру бойынша біз жүйелі жұмыс атқарып жатырмыз. Шарын ауылына газ жеткізу – үлкен жетістік. Бұл жұмыс мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта басқа ауылдарға да газ құбырын тарту жоспарланып, облыстың газдандыру деңгейі 70 пайызға дейін артады», – деді ол.
Сонымен қатар білім беру саласында да ілгерілеу бар. Биыл 9 жаңа білім беру нысаны іске қосылып, 26 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде 5 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді.
«Үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін 30 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – партияның білім саласына деген ерекше көзқарасының дәлелі», – деді Ерлан Жакупов.
Денсаулық сақтау саласында да маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Еңбекшіқазақ ауданы Қызылшарық ауылында дәрігерлік амбулатория және Райымбек ауданы Көмірші ауылында медициналық пункт ашылды. Биыл 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталады.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасының 2024 жылға жоспарланған 93 іс-шарасының 40-ы, яғни 43%-ы толық орындалды. Бағдарлама 4 бағыт пен 106 көрсеткішті қамтиды және нақты нәтижелерге бағытталған.
Алматы облысында мыңдаған отбасы баспанамен және таза ауыз сумен қамтамасыз етілді – AMANAT